Қанағат

Жалған бәрі,
Жойылар ма жұмыр жер жалғандары?
Жасырынып жағымпаз болып жүріп,
Жасап жатыр жалғанды қолдан бәрі.
Жақындарың,
Жанашыры көп болса ақынға мін.
Жауыз қылып күндейді жұртың әркез,
Жақындарың болса егер әкім, ғалым.
Жақтырмасын,
Жала жауып қаралар пәк тұлғасын.
Жұртыңның да аузына қақпақ келмес,
Жабылар ма жақсылап жақты ұрғасын.
Жөнім бөлек,
Жаратқанға күмәнсіз сенім керек.
Жалған күнің – сырғыма, тайып бір күн,
Жатар жерің көр болар, өлім – дерек.
Жамағатым,
Жалғанда бұл шықпасын жаман атың.
Жалмаңдаған тіліңе ие болсаң,
Жеткілікті, сол болсын қанағатың.
Жаратқаным,
Жамандыққа бұрады қаратпа мұң.
Жақсылыққа басташы бағыт беріп,
Жаңа әрбір күнімнің парақтарын!
Жалғыздық жаныма жағып жүр

Жылаттым жанымды мен бүгін,
Жоғалттым күйімді көңілді.
Жалынды сезімді жеңді мұң,
Жүрегім соңғы рет жеңілді.
Жасқаншақ жанарым тұтылды,
Жабылып тергеуде барша мұң.
Жібексіз Төлеген сықылды,
Жігерсіз сезімнен шаршадым.
Жасырып жүрем деп мәңгілік,
Жоғалттың жаныңның жылуын.
Жаратқан жазуы жаңғырып,
Жолықсақ мүмкін бе күлуің?!
Жұлдыз боп қаларсың сен мәңгі,
Жұпыны бірақ та жүрегің.
Жазылмас, көрерсің сол таңды,
Жоқтығым сезілер, білемін.
Жолымыз жатса да түйісіп,
Жұлдызым қарсы ғой өзіңмен.
Жұбаныш шарабын жиі ішіп,
Жасыңды сүртерсің көзіңнен.
Жан деп пе ең жабысар кенедей,
Жүгірмек емеспін соңыңнан.
Жамаулы желкенді кемедей,
Жел соқса, қалмаспын жолымнан.
Жалғыздық шаршатты деймісің,
Жаныма ол менің жағып жүр.
Жұбаныш қыламын кейде шын,
Жан дауа өзіме тауып бір.
Жүрегің кінәлі кеш күлген,
Жоқ шығар өкпе, наз, ренішің.
Жазбадай көнеріп ескірген,
Жабылған кітапсың мен үшін.

Бауыржан Жүрдіхан

 

 

 

Салауатты өмір Салтын ұстанасыз ба?

 Райымбек БАХИТОВ, Павлодар қаласындағы №35 жалпы орта білім беру мектебінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі:

- Ұлт тағдыры – ұрпақ қолында екенін жақсы түсінген ата-бабамыз жас жеткіншектерді еңбекке баули отырып, рухани-адамгершілік ізгі қасиеттерге тәрбиелеу мәселесін алғашқы орынға қойған. Сондықтан біз, педагогтар, өз кезегімізде алдымызға келген әрбір оқушының денінің сау болуы үшін осы бағытта да тәрбие бере білуге тиіспіз. Білім алушыны сауықтыруда дене шынықтыру пәні жетекші орынға. Мектептегі әрбір мұғалім өзіне бекітілген бағдарламаны оқытумен қатар, оқушының тәрбиесіне, оның ішінде салауатты өмір сүруді қалыптастыруына да көңіл бөлуі қажет.

Біздің санамызда қалыптасып қалған «салауатты өмір салтының бастауы мектептен басталады» деген ұғымнан арылуымыз керек. Әр адамның дені сау, қоғамда белсенді болуы тек өзіне ғана байланысты.

Есілгүл БОЛАТХАНҚЫЗЫ, ПМПИ-дің 3-курс студенті:

- Өз басым салауатты өмір салтын қатаң сақтаймын. Ішетін тамағымнан бастап бақылауға алып, үнемі көтеріңкі көңіл күйде жүргенді қалаймын. Сабақтан кейінгі бос уақытымда волейбол ойынына қатысып тұрамын. Менің өмірлік қағидаларым - тиімді қозғалыс тәртібі, зиянды құмарпаздықтан тыйылу, жеке тұлға ретінде өз басының бағасын білу, денсаулығыңды халқыңның және жалпы адамзаттың игілігі деп бағалап, қоғамның меншігі ретінде қарау, бойыңдағы бар қабілеттер мен мүмкіндіктеріңді пайдалану, жеке бас тазалығын және қоғамдық тазалық талаптарын мүлтіксіз сақтауды әдетке айналдыру. Меніңше кез келген адам осы ережелерді сақтайтын болса, салауатты өмір салтын ұстанар еді деген ойдамын.

P.S. Жастары, болашақ мамандары әлсіз, денсаулығы нашар, білімсіз, зиянды әдеттерге әуес, жалқау, тәрбиесіз болса, ол мемлекет қашан да әлсіз, қорғансыз. Ендеше, жасөспірімдердің денсаулығын нығайту, психикасын дұрыс қалыптастырып, ширақ, жігерлі, сымбатты етіп өсіру әрбір ата-ана мен педагогтың алдында тұрған үлкен міндет екенін естен шығармайық.

 

 

Кәсіп ашуға не кедергі?

Бүгінде арамызда қанша еңбек етсе де, тапқан айлығы шайлығына жетпей жүрген замандастарымыз аз емес. «Мүмкіндігім болғанда, жеке бизнесімді бастап, болаша-ғымды өзім-ақ құрып алар едім» дейтіндер жетерлік. Сонымен, қарапайым ауыл жастарының аяқтан тұрып, кез келген шаруаның басын шыр айналдырып әкетуіне не кедергі?

Соңғы жылдары жастардың жеке кәсіп ашуына алғашқы қолдау ретінде берілетін шағын несиелер мен арнайы гранттардың көптеп бөлініп жатқаны мәлім. Мәселен, наурыз айының соңында ғана түсіндіру жұмысы жүргізілген «Жастар корпусын дамыту» жобасы өз ісін жаңадан ашуды жоспарлап отырған 18-29 жас аралығындағы кез келген азаматқа үлкен мүмкіндік көзі болғаны анық. Әрине, тиянақты, нақты бағытта құрылған жоспарыңыз болса. Осы ретте, «Халықаралық қайта құру және даму банкі» мен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі әзірлеген аталмыш жобаға 21 млн. 763 мың доллар көлемінде грант бөлінгенін де айта кеткен жөн болар.

Жалпы, жастарға жасалып отырған жан-жақты қолдауға, олардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға бағытталған бағдарламалар мен жобаларға көбі қызығады. Бірақ оған жетудің жолын түсінбей жүргендер де жетерлік. Мәселен, жоғары оқу орнын бітіріп, «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында қызметке барған жастар аталмыш бағдарлама аясында көптеген мүмкіндіктерден қағылып жатады. Бұл - жастарға арнайы мамандардың түсіндіру жұмысын дұрыс жүргізе алмағандығының кесірі. Осыған қатысты жуықта аймақ басшысы Болат Бақауов Жастар мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Н.Нефедоваға, сонымен қатар, өзге де мемлекеттік қызметкерлерге қаратып: «Мемлекеттік бағдарламаларды мектеп жасынан немесе жоғары оқу орындарынан бастап түсіндіруді қолға алу керек. Мәселен, жастардың баспаналы болуы мен оларға арналған гранттарға қалай қол жеткізу керектігін түсінгенше олар 29 жастан асып кетеді де, бар мүмкіндіктерін жіберіп алып жатады. Сондықтан, кабинетте отырып, жастар қашан келеді деп күтпей-ақ, оларға өздерің барып түсіндіріңдер», - деген еді.

Жоғарыда аталған бағдарламалар мен гранттар жастарға жасалған нақты жұмыстардың бір парасы ғана. Күні кеше Елбасының мақаласында айтылған «Туған жер» бағдарламасында да көптеген жаңа мүмкіндіктердің жатқаны айқын. Жастардың өскен өңірге деген ыстық сезімін қалыптастырып, азаматтық ерлік жасауға қанаттандырары сөзсіз. Аталмыш бағдарламаның мақсаты – рухыңды жанитын ұлы дала өркениетін бүгінгі санаға лайықтап, негізге алу. Алда жаңа бағдарламаны жастар арасында кеңінен насихаттап, анық түсіндіру міндеті тұр. Мүмкіндігіңді жіберіп алма, жас дос!

«Жас times»-тың жауапты шығарушысы - Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz