Өткен жұмада облыстық көркемсурет музейінде көпшілік осындай жарқын істің куәсі болды. Аймағымызға, елімізге танымал бір топ қылқалам шеберлерінен құралған ArtaktiV шығармашылық тобының «Шабыт берер Баянауыл» атты пленэрлік туындыла-рының көрмесі ашылды. Аталмыш топ құра-мындағы Сәуле Әбішева, Зура Асылғазина, Гүлнәз Дайырова, Нәзигүл Ибраева, Алтын Қисамиденова, Амир Смыков, Дамир Смыков және Жұлдыз Таниеваның 60 жұмысы көрермен назарына ұсынылды.

- Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыстық «Киелі жерлерге саяхат» жобасы бойынша Баянауылдағы киелі жерлерге бір топ суретші пленэрге бардық, - дейді Суретшілер одағының мүшесі, «2018 жылдың үздік суретшісі» номинациясының жеңімпазы С.Торайғыров атындағы ПМУ-дің «Сәулет және дизайн» кафедрасының аға оқытушысы Зура Асылғазина. - Сол жолы 7 суретші ArtaktiV шығармашылық тобын құруды жоспарлаған едік. Бұл біздің шығармашылықпен кеңінен айналысуымызға, тың туындылар жазуы-мызға серпін берді,-дейді ол.

Шығармашылық топ содан бері 3 рет көрме жасап үлгеріпті. «Музей түні» бағдар-ламасы аясында «Дала жаңғырығы» атты дәстүрлі емес туындылар көрмесі, шілдеде «Қала күні» мерекесіне орай «Туған қалам» атты көрме ұйымдастырды.

«Шабыт берер Баянауыл» көрмесіне суретшілер аймақтың алтын тәжіндей Баянауыл жерінің көктем, жаз, күз және қыс мезгіліндегі көркем табиғатын бейнелепті. Суреткерлік шабыттан, жүйрік қиялдан туындаған шығар-маларда нәзіктік, кәсіби шеберлік, көркем-идеялық мазмұны терең пайымдаулар менмұндалайды. Гүлназ Дайырованың «Жаз. Баянауыл» (кенеп, майлы бояу), Зура Асылғазинаның «Жасыбай көлінде» (кенеп, майлы бояу), Алтын Қисамиденованың «Торайғыр. Кеш» (кенеп, майлы бояу), т.б. туындыларын тамашалап тұрып, арда табиғаттың саф ауасы, мөлдірлігі, саумал желі, жазғы жап-жасыл, күзгі қоңыр сары келбеті, тау биігіне қонақтап қалған аппақ қары көңілге шуақ ұялатқанын сезінесің.

ArtaktiV тобының шығармалары алдыңғы толқынның ізін баса қалам сілтесі бөлек тағы бір шоғыр қылқалам шеберлерінің келе жатқанын аңғартады.


Сая МОЛДАЙЫП

saryarka-samaly.kz