Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ұлттық бюроның облыстық департаменті басшысының орынбасары Дархан Құрақбаевтың айтуынша, сыбайлас жемқорлық қылмыстарының саны былтырғы жылмен салыстырғанда сол қалпында қалып отыр. Басым бөлігі, яғни 45 пайызы - Екібастұз қаласына тиесілі. Кеншілер қаласында мұндай сүреңсіз статистиканың қалыптасуына аталмыш шаһарда сегіз жыл бойы мемлекеттік қордағы жер телімдерін заңсыз сатумен айналысқан жер қатынастары бөлімінің қызметкерлерінің құйтырқы әрекеттері себеп болған. Пысықайлардың астыртын әрекеттері тұрғындардың шағымынан кейін әшкереленген. Бұл іс бойынша 20 эпизодтың сотта қаралуы сыбайлас жемқорлықтық қылмыстың өсімін көрсетіп отыр. Мұнда 20 жер телімін 100 мың теңгеден 150 мың теңгеге дейінгі бағамен заңсыз сатып отырған. Биыл олар алаяқтық бабы бойынша сотталыпты.

Павлодар қаласы да Екібастұздан қалыспайды. Облыс орталығында жалпы аймағымызда орын алған сыбайлас жемқорлық қылмыстарының 41,3 пайызы тіркелген.

Мамандардың айтуынша, мұндай қылмыстардың көбі - жергілікті атқарушы органдарға тиесілі. Әсіресе, жер қатынастары, әлеуметтік сала, ауыл шаруашылығы және құрылыс секторлары іліккен. Әлеуметтік-еңбек бағытында қылмыстың өсуіне өңірімізде «зейнетақылық іс» деп аталып кеткен жағдай әсер еткен. Яғни, зейнет жасына жетпеген елуден астам адамға заңсыз зейнетақы тағайындалған. Олар мемлекетке 120 млн. теңгенің зиянын келтірген. Тергеу барысында оның 90 млн. теңгесін азаматтар өз еріктерімен қайтарған. Іс сотта қаралуда. Жыл соңына дейін шешім қабылданады деп күтілуде.

10 айда орын алған сыбайлас жемқорлық қылмыстарының 40 пайызы қымқыру деректері болса, 38,8 пайызы пара беруге байланысты.

Дархан Құрақбаев мемлекет қаржысының талан-таражға түспеуін жіті бақылайтындарын айтады. Десе де, мұнда да заңсыз әрекеттер анықталуда. Мәселен, жуырда «ҚазАвтожол» АҚ-ның облыстық филиалының, «Павлодар жол зертханасының» басшылығына қатысты қылмыстық іс тергелуде. «Астана-Павлодар» тас жолының құрылысын жүргізіп жатқан мердігер ұйымдардың басшыларынан атқарылған жұмыстар актісіне қол қою үшін жүйелі түрде пара алу күдігі бойынша тергелуде.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметтерінің мамандары заңсыздықтардың алдын алу бағытында да атқарылып жатқан жұмыстарын мәлімдеді. Яғни, қандай да бір азаматтың кінәлі я кінәсіздігін дәлелдеу үшін ақпарат жинаумен ғана айналыспайтындарын айтты. Бұл ретте, сыбайластыққа жетелейтін тәуекелдермен күреске, қылмысқа баруға қай жерден жайлы жағдай туып тұрғанын анықтап, оны жоюға мән беріледі.

Департамент өкілі кез келген құйтырқы іс бүгін болмаса да, ертең әшкере болатынын ескертті.


Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

saryarka-samaly.kz