Жасқайрат ҚАЙЫРОВ, облыстық жергілікті полиция қызметінің басшысы:

- Президент Жолдауындағы міндеттер ішкі істер саласына жаңа серпін әкелді. Жұртшылық тәртіп сақшыларынан қорықпай, бірге қызмет атқаруы керек. Мұндай түсінікті қалыптастыру мақсатында бірқатар шаралар қолға алынбақ. Мәселен, халыққа қызмет көрсету орталықтарына барғанымызда арнайы мамандар қарсы алып, келген мәселеміз бойынша көмек көрсетеді. Мұндай қызмет түрі қалалық және аудандық ішкі істер бөлімдерінің төменгі қабатында да жүзеге аспақ. Кезекші бөлімде ресми киім киген мамандар тұрғындарды қарсы алып, мәселесін тыңдайтын болады. Бұдан бөлек, тәртіп сақшылары жолдағы көліктердің барлығын тоқтатып, тексермейді. Полицейлер көлік ұрлығы орын алған жағдайда және жол ережесі бұзылған кездерде ғана автокөліктерді тоқтатады. Сонымен қатар, ішкі істер саласының басшылары халықпен жүздесіп, есеп беруде. Учаскелік инспекторлар тоқсан сайын өзі жауапты аумақтың жұртшылығымен кездесу ұйымдастырады. Бұл ретте тұрғындар сауалдарын жолдап, ұсыныстарын айтады. Яғни, полицейлер мен адамдардың арасында кері байланыс орнайды. Тағы айта кететін жайт, құқықбұзушылық жөнінде хабар берген азаматтармен де байланыс жасалады. Мысалы, мас күйде орын алған тәртіп бұзушылық, төбелес сынды оқыс жағдайларды шешуге барған учаскелік инспектор, жол-патрульдік полиция немесе тергеушінің көрсеткен қызметінің сапасын білу мақсатында хабарласқан адаммен байланысқа шығамыз. Олар аталмыш жағдай кезінде мамандардың атқарған қызметіне баға береді. Егер ескертпелер болса, қызметкерлермен жұмыс жүргізіледі. Осылайша, халық пен полиция арасында жүйелі қарым-қатынас орнамақ. Бастысы, тұрғындар тәртіп сақшыларын қорғаны ретінде сезінулері керек.


Қабылқақ ҚАПЕНОВ, облыстық мәслихат депутаты:

- Қоғамдағы кез келген адам өзін қорғайтын мамандардың барын білуі тиіс. Кезінде халық құқықбұзушылықтың куәсі болған жағдайда «бәледен аулақ, зияны өзіме тиеді» деген пікірмен полицияға жолай қоймайтын. Жалпы, халық сеніміне ие болу әр тәртіп сақшысының жауапкершілігі мен сана-сезіміне байланысты деп ойламын. Мәселен, учаскелік инспекторлар өзіне тиесілі аумақтағы тәртіпке жауапты. Тұрғындармен жиі кездеседі. Ұрлық, ұсақ бұзақылық фактілері кезінде барлық жағдайға бірдей қарап, іздестіру шараларын жоғары деңгейде жүргізуі тиіс. Алдағы уақытта ішкі істер саласында кадр саны оңтайландырылып, қызметкерлердің жалақысы артпақ. Тіпті, тұрғын үймен қамту мәселесіне де ерекше көңіл бөлінуде. Мұндай қолдаулар тәртіп сақшыларының жұмысына зор септігін тигізбек. Жаңа реформа кезінде мына бір жағдай да ескерілсе екен деймін. Мәселен, кейбір ауылдық жерлерде халық санының аздығына байланысты бір учаскелік инспектор 2-3 ауылдың тыныштығын күзетеді. Ережеге сәйкес, бір полицейдің қарамағында мыңнан астам тұрғын болуы тиіс екен. Ауылдағы халық санының аздығына тұрғындар кінәлі емес. Керісінше, мал ұрлығы сынды қылмыстар шағын ауылдарда жиі орын алады. Сондықтан осы мәселе де шешіліп, әр ауылдың өз сақшысы болса, халық сенімі арта түспек.


Қайрат ҚҰЛМАҒАНБЕТ, Павлодар қаласының тұрғыны:

- Елбасы биылғы Жолдауында ішкі істер саласының қызметінде өзгеріс орын алатынын айтқан еді. Әсіресе, полиция халықтың қорғанына айналуы тиіс деген жағдайға қуанғанымыз рас. Шыны керек, көлікпен келе жатқанда жол-патрульдік полицияларын көргенде бойымызды қорқыныш билейтіні рас. Тоқтатып, құжаттарымызды сұраған уақытта сасқалақтап жатамыз. Көпшілігі бұл мамандарды жазалаушы ретінде ғана көреді. Болашақтағы өзгерістер мұндай түсініктен арылтады деген ойдамын. Әлеуметтік желілерден қоғамдағы тәртіпке жауаптылардың түрлі заң бұзушылыққа баратынын көріп жүрміз. Алдағы уақытта полицейлер санының қысқартылуы саннан сапаға көшуге септігін тигізеді деген сенімдемін. Жалпы, Елбасы жүктеген міндеттер азаматтардың әл-ауқатын арттырып қана қоймай, көңіл-күйінің де жақсаруына ықпал етпек. Ішкі істер саласындағы жаңа реформа полицияға деген сенімді күшейте түссе екен дейміз.


«Алаңды» үйлестірген – Айдана ҚУАНЫШЕВА.

saryarka-samaly.kz