- Бақытбек мырза, алдымен пайғамбарымыздың туылған күні - Мәуліт мерекесін тойлау қашан, қалай басталды? Осыған тоқталсаңыз...

- Ислам тарихшылары Мәуліт мерекесін атап өту үрдісі ертеде бастау алғанын айтады. Мысырды Фатимидтер билеп тұрған тұста пайғамбарымыздың мәуліті жазылып, көпшілікке оқылуы әдетке айнала бастаған екен. Міне, Алла елшісінің туған күні мұсылман мемлекеттерінде сол кезде ресми мереке болды. Алайда, халық арасына бірден кең көлемде таралмады. Ал, бұл діни мереке ең алғаш Месопатамиядағы Ирбил қаласында белгілі ислам ғұламасы Мұзаффар ад-Дин әл-Айубидің қолдауымен жоғары деңгейде ұйымдастырылған екен. Бұл мейрам 16-17 ғасырларда Осман империясының мейрамы болып бекітілген. Тарихшы Әл–Ифрани былай деп жазды: «Жұрт жайғасқаннан соң ислам ғұламасы алға шығады да, Пайғамбардың ізгі сипаттары жайлы әңгімелейді. Оның туғанынан бастап, өмірінің соңына дейін басынан кешкен оқиғаларды саралап шығады». Осындай уағыздар мен онда баяндалатын кейбір оқиғалар желісі Мәуліт дастанының шығуына себеп болды. Бұл шығармада Алла Расулының туғанынан бастап, өмірден өткенге дейінгі тарихы айтылады. Негізі, Пайғамбарға жыр арнау дәстүрі оның көзі тірі кезінде де болған. Мысалы, ақын Кааб бин Зухайыр оған «Банад Суад» деген поэмасын арнаған.

- Мәуліт мерекесін тойлау жөнінде ислам ғұламалары қандай көзқараста?

- Мәуліт мерекесін тойлау туралы ислам ғұламалары мен тарихшылары да бірауыздан қолдап, құптаған. Мысалы, асқан білім иесі, ғалым Жүнайд Бағдади: «Кімде-кім пайғамбарымыздың мәулітіне қатысып, оны ұлықтаса, ол шынында да иманды», - деген. Хасан әл-Басри (р.а.): «Менің Ухуд тауындай алтыным болса, оны пайғамбарымыздың мәулітін оқытуға жұмсаған болар едім», - деген. Жалалуддин ас–Суюти (р.а.) бір жазбасында: «Бір үйде немесе мешітте пайғам-барымыздың мәуліті оқылса, сол үйдің немесе мешіттің адамдарын періштелер қоршап алады, олардың барлығына Аллаһ тағаланың рахметі жауады және үйі нұрмен оралады. Себебі, періштелер пайғамбарымызға мәуліт оқығаны үшін ол адамға салауат айтып тұрады» деген екен.

- Осы ретте Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) адам баласы үшін үлгі болар ерекше қасиеттеріне тоқталсаңыз...

- Алла елшісінің бүкіл өмірі - адамзат үшін үлкен рухани мектеп, тұла бойы тұнған тәрбие. Оның жүріс-тұрысы, сөйлеген сөзі, адамдармен қарым-қатынасы, киім киісі, тіпті ас ішуіне дейін үйренеріміз көп. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) адамзат үшін ең көркем мінезді жан еді. Ол жайында Құранның Ахзап сүресінде: «Сендер үшін Алланың елшісінде көркем өнегелер бар» дейді. Тағы бір аятта: «Шын мәнінде сен әлбетте ұлы мінезге иесің» деп жазылған. Бірде Айша анамыздан біреулер Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мінез-құлқы жайлы сұрағанда: «Сендер құран оқымайсыңдар ма? Оның мінез-құлқы Құран ғой» деп жауап берген болатын. Олай болса, құранда адамзат үшін қандай жақсы мінез-құлық пен қасиет айтылған болса, соның барлығы Алла елшісінің бойынан табылатын. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ешкімді айыптамайтын. Өзіне жамандық жасағандарға жамандықпен жауап қайтармайтын, керісінше, оларды кешіретін. Екі істе таңдау мәселесі туындағанда күнә болмаса, екеуінің оңайын таңдайтын. Егер оның күнәсі болса, одан ең алыс тұратын адамның бірі болатын. Өзіне жасалған жамандық үшін кек алмайтын. Бірақ қылмыс істегенге қылмысына сай жазасын беретін. Әділетті төрт халифаның бірі Әли пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мінез-құлқын былайша сипаттап береді: «Пайғамбарымыз күлімсіреген жүзді, мінезі жақсы, нәзік жүректі еді. Ешқашан дөрекі немесе сыңаржақты емес еді. Аузынан ешқандай да жаман сөз шықпайтын. Өзгелердің қимылы мен әрекеттерін сынамайтын немесе жамандамайтын. Ұнатпаған бір әрекетті байқаса ештеңе айтпайтын және оған көңіл бөлмейтін».

- Қасиетті Мәуліт мерекесін қалай өткізген абзал?

- Шарапаты мол Мәуліт мерекесі қар-саңында Алла Елшісін (с.ғ.с.) көбірек танып, соңына қалдырған ұлағатты өсиеттерін көбірек оқуымыз керек. Осы уақытта адам-дар арасында бір-біріне деген мейірімнің, имандылықтың, бауырмалдықтың арта түсуіне себеп болар игі шаралар ұйымдастырған абзал. Пайғамбардың (с.ғ.с.) әміріне мойынсұнып, тыйымынан тыйылуға шақырған жөн. Бұл айда Алланы мадақтап, Пайғамбарға (с.ғ.с.) салауат айту – ең сауапты амал. Құран оқып, Алла елшісінің (с.ғ.с.) өмірі мен өнегесі жайлы кітап оқудың да мұсылманға берері мол. Сонымен қатар, күнделікті өмірімізде өзгелерге жақсылық жасаудың, жетімдер мен жоқ-жітік адамдарға көмек көрсетудің сауабы теңдессіз. Пайғамбарымызға салауат айтудың артықшылығы жөнінде өзінің хадисінде: «Қиямет күні маған ең жақын адам – ең көп салауат айтқаны» десе, бір сөзінде: «Қасында менің атым аталып, маған салауат айтпаған адам - анық сараң» дейді.

- Биыл Ертіс өңірінде қасиетті Мәуліт мерекесі қалай тойланбақ?

- Алла нәсіп етсе, Мәуліт мерекесін Ертіс ауданында биыл да жоғары деңгейде өткіземіз деп отырмыз. Жылдағы дәстүр бойынша аудандық мәдениет үйінде рухани-мәдени шара болады. Жақында аудан жастары арасында «Адамзаттың ардақтысы» атты шығарма бәйгесін жарияладық. Бұдан бөлек Ақтоғай, Тереңкөл, Железин және Ертіс ауданы мешіттерінің жамағаттары арасында пайғамбарымыздың өмірбаяны туралы жарыс өткізуді жоспарлап отырмыз. Бұл жарыс ауызша сұрақ-жауап түрінде өтеді. Мұндағы мақсатымыз - Алла елшісінің өмірбаянын кеңінен насихаттау. Ислам діні-нің шығу тарихынан мағлұмат беру. Себебі жоғарыда аталған жарыстарға қатысуға ниеттенгендердің барлығы өз беттерінше ізденіп, діни білімдерін шыңдауға тырысады.

-Әңгімеңізге рақмет. Алла ісіңізге берекет берсін!


Сұхбаттасқан - Тілеуберді САХАБА.

Биыл Мәуліт мерекесіне арналған мәдени-рухани шара 17 желтоқсан күні сағат 14.00-де Естай атындағы Мәдениет сарайында өтеді.

saryarka-samaly.kz