Мұқсихан Зайытов 1928 жылы Май ауданына қарасты Чапаев совхозында туған. Қарапайым шаруа отбасында тәрбиеленген бала Мұқсихан жастайынан оқуға зерек болып өседі. 7 сыныптық мектепті үздік үлгеріммен аяқтаған М.Зайытов Павлодар қаласындағы қысқа мерзімде мұғалімдер даярлайтын арнайы курста оқиды. Еңбек жолын 1943 жылы Май ауданындағы «8 март» колхозының мектебінде мұғалім болып бастаған. Қызмет ете жүріп, 1945 жылы Павлодардағы педагогикалық училищені сырттай оқып тәмамдайды. Ол - өмірінің 25 жылын педагогика саласына арнаған ұлағатты ұстаз. Сабырлы да салмақты, кесек мінезді ұстаздан өнеге алған шәкірттері де талай биікті бағындырды. М.Зайытов қолы қалт еткенде елдің мұң-мұқтажын, жетістігі мен қуанышын бұқаралық ақпарат құралдарының бетіне жазудан жалыққан емес. Қаламгердің осы қыры оны 1967 жылдан бастап облыстық «Қызыл ту» (қазіргі «Сарыарқа самалы») газетінің Май аудандық меншікті тілшісі қызметіне жетеледі.

- Мұқаңмен «Қызыл ту» газетіне қызметке орналасқан кезімде таныстым. Ол кезде мен 18-19 жас шамасындағы балаң жігіт едім. Үнемі ақыл-кеңесін айтып, жастарға жол көрсетуге тырысатын. Ол кісі облыстық басылымның Май ауданындағы меншікті тілшісі болды. Сол бір кездегі әр ауданға бекітілген жауапты тілшілердің қызметі ауыр еді. Ауданның тыныс-тіршілігін, әр салада болып жатқан жаңалықтарын бүге-шігесіне дейін біліп, жаңалықтарды облыс орталығына сұрыптап әзірлеу екінің бірінің қолынан келе бермейтін жауапкершілігі мол жұмыс еді. Мұқаң бұл сында сүрінген жоқ. Қашан да өз міндетін ыждаһаттылықпен атқаратын, - дейді ардагер журналист Социал Әйтенов.

Кеш барысында Мұқсихан Зайытовтың көзін көрген әріптестері мен туыстары қаламгер туралы жарқын естеліктер айтты. Сондай-ақ марқұмның немересі Гүлназ Қожақова ән шырқаса, шөбересі Томирис Манап атасының «Ашқарақ пен сасқалақ» атты балаларға арналған өлеңін оқып берді.

- Әкеміз бен анамыз 11 бала сүйді. Ол кезде мұғалім мәртебесі биік еді ғой. Ата-аналар мен оқушылар әкемізді ерекше сыйлайтын. Анамыз да әкейдің үнемі қасынан табылып, шығармашылықпен айналысуына, қоғамдық жұмыстарға алаңсыз араласуына жағдай жасап отыратын. Әкеміз бен анамыздың бір-біріне дауыс көтергенін естіген емеспіз, - дейді қаламгердің қызы Зайра Зайытова.

Кеш барысында аталған музей ұжымы марқұмның өзі пайдаланған жеке заттары мен әр жылдарда қызмет бабында жүргенде түскен естелік фотосуреттерінен арнайы көрме ұйымдастырды.

Сегіз қырлы Мұқсихан Зайытов өңір әдебиетіне де шама-шарқынша үлес қосты. Әсіресе, балалар әдебиетіне арнап жазған шығармалары оқырманның ыстық ықыласына бөленді. «Менің атым - Алма», «Шұғыла», «Жыр шуағы» атты жинақтарға қаламгердің балаларға арналған шығармалары топтастырылған. Сондай-ақ М.Зайытовтың айтыскер ақын болғандығы да әлі күнге көптің аузында жүр. Ол 1970 жылдарда өткен аламан айтыстарға қатысып, өңір намысын абыроймен қорғаған. Қазақтың қара өлеңдерін де нақышына келтіре орындайтын Мұқсихан Зайытовтың әншілік өнері де бар еді. Оның «Шофер қыз» өлеңіне қазақтың дарынды композиторы Рахметхан Нұрбасаров ән жазған екен. Бір бойына бірнеше өнерді сыйғызып, халықтың қошеметіне бөленген Май өңірінің тумасы Мұқсихан Зайытовтың жүріп өткен жолы - көпшілікке үлгі.


Алпысбай ХОНЖ

saryarka-samaly.kz