1936 жыл. Сентябрь айының іші. Кен барлау партиясының Найза-тастағы бөлімшесіне геологиялық партияның машинасы келді. Шофері:

- Қанекең москвалық ғалым-дармен Шайтантас етегінде қалды. Найзатас бойын жаяу жүріп өтіп, кенін өз көзімен көріп шықты. Кештетіп осында келіп қонбақ, - деген хабар жеткізді.

Қонақасы әзірлей бастадық. Қас қарая Қанекең де қонақтарымен жетті. Жанындағылары С.Орджонокидзе атындағы геология институтының профессорлары И.Ф.Григорьев пен Е.А.Кузнецовтар екен. Дастарқан басында әңгіме геологиялық зерттеу жұмыстары жайлы ғана болды. Қанекеңнің өзі жұмыс жүргізіп жатқан жердің кенін және келешегі туралы айтқан ғылыми дәлелді де әсерлі әңгімесін ғалымдар да, партия қызметкерлері де ден қоя тыңдап, риза болдық. Найзатас кенін әбден көріп шыққаннан кейін сол ғалымдардың «Жезқазған сияқты кең-байтақ жердің байлығын зерттеу жұмысын Қаныш Сәтбаевтың басқаруы - қымбат бақыт» дегенін өз құлағыммен естідім.

1939 жылы Қаныш Ленин орденін тағып, Москвадан келген соң қызметкерлер құттықтауға бардық. Дастарқанның басында отырып:

- Бұл жоғары награда - сендердің еңбектеріңнің жемісі. Сендер бол-масаңдар мен жалғыз өзім ештеңе де тындыра алмаған болар едім, -деді...

1941 жыл. Июнь айы. Қаныш Алматыға қызметке шақырылды. Кен барлау партиясының коллективі Қанекеңді жаңа жұмыс орнына құрмет көрсетіп шығарып салды. Қоштасу сәтінде Қанекеңнің қалай толқығаны көз алдымда. Көзіне жас алып тұрып:

- Сендер менің мәңгі есімде боласыңдар. Алматыға келсеңдер есігім ашық, соқпай кетпеңдер. Жезқазған қашанда назарымда болады, - деді.

Иә, дәл сол айтқанындай Жезді, Қарсақбай, Жезқазған және оның адамдары осы абзал адамның аяулы алақанының жылуын сезеді, сезіне де береді.


Қ.Сәтбаев мемориалдық мұражайы архивінен әзірлеген - Ерлан ЗКИРОВ, Баянауыл ауданы.

saryarka-samaly.kz