С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада өткен жиынға аймақ басшысының орынбасары Мейрам Бегентаев, қалалар мен аудандардың әкімдерінің орынбасарлары, мәдени ұйымдардың басшылары мен қоғам белсенділері қатысты. Кеңейтілген алқа мәжілісінде облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының міндетін атқарушы Гүлзира Баширова мен облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Сәуле Османова 2018 жылы атқарған жұмыс-тарының қорытындысы мен 2019 жылға деген жоспарларын ортаға салды.

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының міндетін атқарушы Гүлзира Баширова-ның мәліметіне сүйенсек, биыл өңірде 15 коворкинг орталық ашу жоспарланған. Алайда оның орнына 25 нысан іске қосылған. Мұның 6-ы демеушілердің есебінен ашылған. Өңір бюджетінен бұл мақсатқа 25 млн. теңге бөлініп, оған компьютерлер, ноутбуктер мен жиһаздар, теледидарлар алынған.

- Биыл облыста 24 кітапхана оңтайлан-дырылды. Оған Павлодар, Екібастұз қалаларындағы және балалар кітапханалары мен Ертіс, Баянауыл аудандарындағы тұрғындар саны аз шоғырланған елді мекендердегі кітапханалар кірді. 2018 жылдағы айтулы шаралардың бірі дәстүрлі «Ұлы Дала» этнофестивалінің өтуі болды. Оған 100 мыңнан астам адам қатысты. Сонымен қатар «Өнер айдыны» жобасы бойынша барлық қалалар мен аудандарда, тірек ауылдарда вокалды-музыкалық аспаптар ансамбльдері мен Павлодар қаласындағы екі жоғары оқу орнында филармония құрылды. Бұл бастама келесі жылы Май, Ақтоғай және Павлодар аудандарында іске асырылады, - деді Гүлзира Баширова.

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы 2019 жылы атқаратын жұмыстарын көпшілік назарына ұсынды. 6 бағыт бойынша ауқымды істерді қолға аламыз деген Г.Баширова, 2019 жылы ақын, қоғам қайраткері Сәбит Дөнентаевтың туғанына 125, дәулескер күйші Рүстембек Омаровтың туғанына 100 жыл толуына орай ауқымды мерей-тойлық шара өтетінін айтты.

Жыл басынан бері атқарылған істердің тізбегін облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Сәуле Османова жалғастырды. Ол қаланың орталығындағы Суворов көшесіне Малайсары батырдың және Айманов-Торайғыров көшелерінің қиылысынан бастау алатын бұған дейін атаусыз келген көшеге Баян батырдың есімі берілгенін мәлімдеді.

- Биылғы жыл біз үшін берекелі болды. Көптен бері ойымызда жүрген істерді қолға алып, оң нәтижесін көріп отырмыз. Атауы өзгерген көшелердің ішінде бұрынғы Кутузов пен Ленин көшелері де бар. Республикалық ономастика комиссиясының оң қорытындысы негізінде Ленин көшесі Астана, Кутузов Тәуелсіздік даңғылы деп өзгертілді. Осы жылдың тамыз айында ҚР Президентінің Жарлығымен Лебяжі ауданы Аққулы ауданы, Качир ауданы Тереңкөл ауданы болып қайта аталды. Сонымен қатар, қалалар мен аудандардан жаңадан келіп түскен 19 көше мен екі елді мекеннің атауын өзгерту бойынша құжаттарға пысықтау жұмыстары жүргізілуде.

Басқарма басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаладағы міндеттерге сәйкес қазақ тілін латын қарпіне көшіруді кезең-кезеңмен жүргізуді насихаттау жұмыстарын жандандыру мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылып жатқанын да тілге тиек етті.

Басқарма «Ана тілі» орталығының директоры Шолпан Кинжиковамен бірлесіп қазақ тілін үйрететін латын әліпбиіндегі мобильді қосымшасын әзірлген. Қосымшаны Play Market және App Store-ден жүктеп алуға болады. Оның құны - 2 мың теңге. Осы орайда басқарма басшысы облыс әкімінің орынбасары М.Бегентаевтан аталған қосымшаға келер жылы қалалық, аудандық бюджеттен қаражат бөлінуіне көмектесуін сұрады.

Сонымен қатар қазіргі уақытта Железин ауданының Железин №3 орта білім беру мектебіне Міржақып Дулатұлының және Екібастұз қаласының М.И.Глинка атындағы балалар музыка мектебіне Естай Беркімбайұлының есімдерін беру туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы әзірленуде.


Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz