Қорған облысындағы 20 компа-нияның өкілдері Ертіс-Баян өңіріне алғаш рет табан тіреді. Алдымен меймандар «Павлодар» арнайы экономикалық аймағы, «Қазақстан электролиз зауыты», «KSP Steel» және тағы басқа бірқатар кәсіпорында болып, жұмыс барысымен танысты. Кейін «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында бас қосып, өзара байланыс орнатудың тетіктерін талқылады.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Серік Әбілтаевтың айтуынша, ресейлік кәсіпкерлерді өндіріс, агроөнеркәсіп, туризм салалары қызықтырып отыр. Өз кезегінде Павлодар облысының бизнесмендері металлургия, машина жасау бағытындағы қызметтерді ұсынуға әзір.

Қорған облыстық Инвестициялық агенттігінің директоры Светлана Афанасьева павлодарлықтарды меди-циналық туризмге шақырды. Айтуынша, Қорған облысының аумағында емдік қасиеті мол тұзды көлдер, сапалы дәрігерлік қызмет көрсететін мекемелер көп. Ал Қорған облысы губернаторының орынбасары Сергей Пугин одан да ауқымды жобаларға тоқталды.

- Екі ел ғана емес, қос мемлекеттегі өңірлер де өзара тығыз байланыс орнатқаны дұрыс. Біз Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарындағы кәсіпкерлермен бірге жұмыс істеп келеміз. Жуырда Петропавл қаласында өткен өңіраралық форум әріптестік ауқымын кеңейту қажеттігін аңғартты. Сондықтан бірінші рет Павлодар облысына келіп отырмыз. Қазірдің өзінде-ақ «Кургансемена» кәсіпорны павлодар-лық бірқатар шаруаға астықтың «Омская-36» тұқымын жеткізумен айналысады. Екіжақты байланыс ауыл шаруашылығымен шектеліп қалмас үшін бірнеше жобаларды талқыламақ ойымыз бар, - деді С.Пугин.

Бұл ретте Павлодар облысы әкімінің орынбасары Жайық Шарабасов та ұсыныстарын ортаға салды.

- Осы жылдың 9 айында Ресеймен өзара сауда-саттық үш есеге артып, 1,3 млрд. АҚШ долларын құрады. Облыс аумағында бірлескен 600-ге жуық кәсіпорын жұмыс істейді. Қорған облысының инвесторлары біздің өңірде суармалы алқапты көбейту, қант қызылшасын өсіріп, оны өңдеу зауытын салу, картопты өңдеу бойынша жобаларды жүзеге асыра алады. Өңдеу орындары жергілікті шикізатпен қамтылады. Одан бөлек, павлодарлық шаруалар Қорған облысының нарығына сиыр мен қой етін, ұн мен жарма, картоп пен жасымық жеткізуге қауқарлы. Туризм саласының да әлеуеті жоғары, - деді Ж.Шарабасов.

Кездесу соңында «Павлодар» әлеу-меттік-кәсіпкерлік корпорациясы мен Қорған облысының инвестициялық агенттігі, қос өңірдің бірқатар туристік фирмасы өзара әріптестік туралы меморандумға қол қойды. Ал келесі жылдың наурыз айында павлодарлық делегация Қорған облысына барып, байланысты бекіте түспек.

Сонымен қатар, ресейлік делегациясының сапары аясында облыс әкімі Болат Бақауов Қорған облысы губернаторының орынбасары Сергей Пугинмен кездесті.

- Павлодарлықтардың қонақжайлы-лығы үшін ризашылығымызды білдіреміз. Біздің делегация облыс аумағында атқарылған жұмыстарды жоғары бағалады. Жергілікті кәсіпкерлермен жүздесу барысында қос тарапқа да тиімді бағыттарды талқыладық. Ендігі ретте сіздерді Қорған облысында күтеміз, - деді С.Пугин.

Аймақ басшысы екі өңір арасындағы әріптестіктің ұзақмерзімді боларына сенім білдірді. Осы орайда, Болат Бақауов бірнеше маңызды жобаға мән беру керектігін айрықша атап өтті.


Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz