Кеншілер шаһарында ҚР Тәуелсіздік күніне арналған іс-шаралар легі басталып кетті. Ал, сөз аламанының дүлдүлдері келеді дегенді естіген өңір тұрғындары да айтысқа көптеп жиналыпты, залда ине шаншар орын болмады. Айтысқа талай республикалық және халықаралық додаларда топ жарып, «Жүрсіннің жүйрігі» атанған қызылордалық Мұхтар Ниязов, қарағандылық Мақсат Ақанов, астаналық Әсем Ережеқызы, тараздық Аруна Керімбек, баянауылдық Аспанбек Шұғатаев қатысты.

Сөз сайысының қорытындысы бойынша, бас жүлдеге Екібастұз қаласының тумасы, қазіргі күні Астанада «Егемен Қазақстан» республикалық газетінде қызмет істейтін Рауан Қайдаров жеңіп алды. Бірінші орынды қазылар алқасы Жамбыл облысынан келген Аруна Керімбекке бұйырса, баянауылдық Аспанбек Шұғатаевты екінші орынға лайық деп таныпты. Ал үшінші орын Павлодардың намысын қорғаған Қуанышбек Шармановқа бұйырды.

Айтысқа Екібастұз қаласының әкімі Нұржан Әшімбетов қатысып, жеңімпаз бен жүлдегер ақындарды ақшалай сыйлықтармен марапаттады.

- Екібастұз қаласының тұрғындары айтысты шын қадірлей білетінін тағы бір мәрте көрсетті. Қалалық «Өнер» мәдениет орталығы залында ине шаншар орын болмады. Сахна төрінде Қазақ елінің Егемендігі мен Тәуелсіздігін жырға қосқан шайырлардың өнері де жұртты тәнті етті, оларға деген көрермен ықыласы да ерекше болды. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында халыққа тамаша тарту жасап, айтыс ұйымдастырған қалалық «Атамұра» мәдениет орталығына ризашылығымызды білдіреміз, - дейді қала тұрғыны, журналист Жассерік Жәлелұлы.


Тілеуберді САХАБА

saryarka-samaly.kz