Теміржол вокзалынан Тоқыш қажы бас-таған жасы үлкен адамдар мен туған-туыстарымыз, әріптестеріміз бізге ақ жол тілеп, алыс сапарға аттандырды.

Астанада «Қызмет Саяхат» туристік фирмасы қызметкерлері сапарымыздың ерекшелігі жөнінде тәтпіштеп айтып, сұрақ-тарымызға жауап берді, тиісті құжаттар-ды қолымызға беріп, көк түсті жеңсіздерді, аспалы сөмкелерді, «Қажылық және умра» атты кітапты сыйға тартты. Фирма өкілі жолаушыларды әуежайдан шығарып салды.

Түркияның Стамбул қаласына ұшақпен жеткенімізде Алматы облысынан келген 13 қандасымызбен кездесіп, екі топ бірігіп ары қарай аттандық. Сауд Арабиясының Джидда қаласына түсіп, қасиетті Меккеге автобуспен бардық. Сол қалада «Қызмет Саяхат» туристік фирмасының өкілі Абдысамат ініміз қарсы алып, жолбастау-шымыз болды. Қазақ, араб тілдерінде еркін сөйлейтін ол тарихи оқиғалар мен аңыз-әфсаналарды баяндап, діни рәсімдердің мәнін түсіндіруге келгенде өз қызметіне әбден машықтанғанын танытты.

Қонақ үйге орналасқан соң іле Саудиядағы, дәлірек айтқанда, мұсылман әлеміндегі ең үлкен мешіт Әл Харамға келіп, құтпан намазына қатыстық. 99 қақпасы бар бұл мешіттті соншалық үлкен десек те, іші-сыртында лық толып сығылысқан қажылардың көптігінен кей сәттері бір-бірімізден көз жазып қалып отырдық. Бірақ, бәрібір қара нөпір жамағатпен бірге қасиетті Қағбаны жеті рет айналып, тауап жасадық, қара тасқа маңдайымызды тигізіп дұға оқып, Жаратқан иемізден тілек тіледік. Сафа мен Маруа тауларының арасындағы ұзындығы 350 метр жолмен жеті рет жүріп, кей тұстан жүгіріп, діни рәсімдерді орындадық.

Өздерінің умра қажылықтарын атқарған жерлестеріміз енді ет-жақын туыстары үшін уәжіп умра қажылық жасады. Мен әкем Бақтан (1909-1995) үшін тағы бір умра қажылық парызын өтедім. Әкей өмірінің соңғы жылдары Меккеге барсам деген ойын жиі айтып отырушы еді, амал не... Әйтсе де, көңілге медет боларлық жайт, ол көре алмай кеткен Қағбаға мен қол жеткіздім.

Әл Харам мешітінде жұма намазына қатысқан соң өзіммен бірге ала келген аруақтар тізімінде есімдері жазылған, менен дұға дәметкен, атаусыз қалған аруақтардың баршасына дұға бағыштадым. Сондай-ақ, Рымтай Сапарбекқызы қонақ үйдің асханасында Алматы мен Павлодар облыстарынан келген қажылардың басын қосып дастарқан жайды. Аста Талғар орталық мешітінің наиб имамы Айдын Жеңісұлы аруақтарға құран оқып, Наурызбай, Зият қажылар бата қайырды. Жиналғандар Баянауылдан арнайы әкелінген қайың шоғының түтінімен ысталған қазы мен шұжықтан, балқаймақтан, басқа да дәмдерден ауыз тиді.

Қонақ үйдегі көңіл сүйсіндірерлік тағы бір оқиғаны айта кетейін. Сол Сауд Арабия-сында, Король Абдулла атындағы Ғылым және технология университетінде (КАУСТ) оқитын, математика магистрі, докторант (PhD) Серікболсын Дүйсембай маған сәлем беру үшін 120 шақырым қашықтықта, Қызыл теңіз жағалауында орналасқан қаладан Меккедегі қонақ үйге келді! Серікболсын інімді Ы.Алтынсарин атындағы гимназия-интернаттың оқушысы кезінен білемін. Сол шақтарда 15-16 жастағы ол талантты ақын ретінде танылды, көптеген мүшәйралардың жеңімпазы, жүлдегері атанды, 10-сыныпта жыр жинағын шығарды, мектепті алтын медальмен аяқтады. Іле Назарбаев университетіне түсіп, электротехника мамандығы бойынша тамамдаған. Қазір КАУС-та білім алып жүріп, шетелдік студенттерге сабақ береді. Біздің керекулік қажылар Серікболсынның Баянауылдағы ата-анасын біледі екен. Осылайша, жерлесімізбен Меккеде кездесіп, арқа-жарқа болып әңгімелесіп, бір жасап қалдық!

Біз өзіміз барған тарихи, діни орындардың қыр-сырына үңілдік. Адам ата мен Хауа ана жаннаттан шығарылған соң Арафат тауының Рахмет жотасында жолығыпты. Сол жерде биік белгітас орнатылған. Үлкен қажылыққа келушілер үшін мыңдаған шатыр тігілген Мина жазығы мен шайтанға тас ату рәсімі орындалатын Жамаратты көзбен көрудің өзі бір қызық. Пайғамбар (с.а.у.) дүниеге келген үйдің орнында кейін екі қабатты кітапхана ғимараты салынған. Нұр тауының үстіндегі Хира үңгірінде Расул Аллахқа Құранның алғашқы аяттары түскен екен. Айша мешітінің атауы пайғамбардың кіші әйелінің құрметіне қойылған. Жирана мешітінде пайғамбарымыз бен 70 сахаба умра жасау үшін икрамға кіріпті. Расул Аллах таң намазын оқыған бір мешітте жеті жын иманға келіпті, сол оқиғаға орай әлгі ғибадат орны жын мешіті аталған көрінеді. Мұхаммед пайғамбардың үлкен әйелі Хадиша мен ұлы әл-Қасым жерленген қорым қазір қала ортасында қалған. Қабірлердің топырақтары тегістелген, ешбірінде құлпытас жоқ, тек қойдың бастарындай ғана тастар жатыр.

Сапарымыздың соңғы 2 күні Мәдинада жалғасты. Бұл қалада бізге «Қызмет Саяхат» турфирмасының өкілі, түрік азаматы Фатих бей жолбасшы болды. Әйелі қазақ екен, сондықтан шығар, қазақша жақсы сөйлейді. Әрине, араб тілін де жетік меңгерген. Соның бастауымен Пайғамбар мешітінде жұма намазын оқыдық, салауат айтып, Мұхаммед расул қабірінің тұсынан өттік. Пайғамбар (с.а.у.) қабірінің жанында Әбу Бәкір мен Омар хазіреттер жерленіпті. Үшеуінің қабірі алтынмен апталған темір шарбақтың арғы жағында екен, көзге көрінбейді. Ол орынға бірде-бір адамның баруына рұқсат жоқ, барлығына бірдей тыйым салынған. Мұхаммед пайғамбардың мінбері мен қабірі арасындағы Рауза мутаһһара аталатын орын жер үстіндегі жаннат бағы саналады.

Расул Аллах бастаған мұсылмандар мен мүшіріктердің шайқасы өткен Ухуд тауында болып, шаһиттердің зиратына құран оқыдық. Мұсылмандар әлеміндегі ең бірінші салынған мешіт есебіндегі, іргетасын қалауға Мұхаммед пайғамбардың өзі атсалысқан Құба мешітінде басымызды сәждеге тигіздік. Пайғамбар (с.а.у.) өз қолымен бір түп көшет отырғызған құрма бағына барып, аджуа құрмасынан ауыз тидік.

Қайтар жолымызда Стамбулда жарты күндей аялдап, Айя София мұражай ғимараты мен Сұлтан Ахмет мешітін тамашаладық.

Сөз соңында сапарымызды ұйымдастырып, мәнді де мағыналы болып өтуіне қолайлы жағдай тудырған «Қызмет Саяхат» туристік фирмасының ұжымына ризашылық сезімімді білдіремін. Сондай-ақ мені умра қажылыққа тартып, жолыма демеушілік көрсеткен ерлі-зайыпты Наурызбай, Рымтай қажыларға деген алғысым шексіз! Сапарға шығарып салып, қарсы алып, ұялы телефон я интернет желісі арқылы хал-жағдайымызды сұрап, ақ тілектерін айтқан жанашыр жерлестеріміздің барлығына Алланың нұры жаусын деген тілектемін.

Умра қажылық кезінде біздің жасаған ізгі амалдарымыз бен ғибадаттарымызды Жаратқан иеміз қабылдыққа жазғай.


Арман ҚАНИ, ақын, журналист.

saryarka-samaly.kz