Өткені жоқ елдер қаншама?! Ал өзгенің өзегін өртейтін өрелі тарих әр ұлтта бола бермейді. Себебі, тарих – уақыттың төрелігімен, Тәңірдің сыйымен келетін толғамды дүние. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы дүйім жұртты ерекшелігімен елең еткізді.

Мақаланың басты мақсаты – ұмыт қалып бара жатқан салт-дәстүріміз бен бағаланбай қалған ұлттық құндылықтарымызды жадымызға түсіріп, олардың қадір-қасиетін білуді үйрету екені айдан анық. Тағы бір түсінгеніміз – осындай құндылықтарымыз арқылы ғана біз, қазақ халқы тарих сахнасынан кетпейтініміз, өшпейтініміз, алайда оны бағамдай алмасақ, өзіміз бір игі іске жаратпасақ, тарихсыз да, тамырсыз да қалатынымыз.

Елбасы Ұлы даланың жеті қырының алғашқысы ретінде атқа міну мәдениетін алады. Атқа міну мәдениетінің негізі осы түркі тайпалары ішінде қаланғанын, ал сосын шаруашылыққа, жорыққа шығуға пайдаланып, батырлар бейнесін де жасай отырып, әрі қарай дамыта түскен қазақ халқы екенін айтады. «Атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығы жер жүзіне Ұлы даладан тарағаны тарихтан белгілі. Еліміздің солтүстік өңіріндегі энеолит дәуіріне тиесілі «Ботай» қонысында жүргізілген қазба жұмыстары жылқының тұңғыш рет қазіргі Қазақстан аумағында қолға үйретілгенін дәлелдеді» деп жазған Елбасы.

Одан кейінгі ұлттық жетістігімізді жеткізу мақсатында «Ұлы даладағы ежелгі металлургия» деп атап алып, қазақ жерінің метталлургия пайда болған алғашқы орталықтардың бірі деген ой негізінде және «Ежелгі заманда-ақ Қазақстанның Орталық, Солтүстік және Шығыс аймақтарында тау-кен өндірісінің ошақтары пайда болып, қола, мыс, мырыш, темір, күміс пен алтын қорытпалары алына бастады» деген дәлелдемеге сүйене отырып, біздің жеріміздегі дала өркениеті технологиялық тұрғыдан қаншалықты қарқынды дамығанын көрсетеді деп түйіндейді.

«Аң стилі» туралы ойдың да мазмұны бөлек. Қазақ халқының, жалпы түркі тектес тайпалардың өздерін белгілі бір айбатты жыртқышқа теңеп, өз таңба-белгілерін солай белгілеп келгені тарих парақтарында кездеседі. Тіпті кейбір тайпалар қолөнер туындыларына да белгілі бір аңның бейнесін бедерлеп келтірген. «Алтын адамға» қарап, қазақтың жауынгерлік қабілетінің де дамығанын, қолөнеріміздің де қалыс қалмайтынын дәлел ретінде келтіреді. Расында, қазақ халқының тарихта қалу себебі де осындай қарым-қабілетінің көптігінен болар.

Түркі әлемінің бесігі де – Қазақ жері.
«Түркістан екі дүние есігі ғой,
Түркістан ер түріктің бесігі ғой.
Тамаша Түркістандай жерде туған,
Түріктің Тәңірі берген несібі ғой», - деп, Мағжан Жұмабаев жырлаған Түркістан қазірде дербес облыс деген мәртбеге ие болды. Елбасымыздың бұлай жасауының салмақты себептерінің бірі – Түркістан жерінің қасиетті де киелі болуы және Түркістанның рухани мекен екендігінде.

Қорыта келгенде, Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» ретінде тоқталған жеті түрлі құндылығымыз арқылы-ақ біздің, қазақ халқының өткені де, бүгіні де мол мұраға ие екенін түсіндіріп, тек оны өскелең ұрпақтың қадірлей, қастерлей алуы қажеттігін көрсетеді.


Эльмира НҰРЛЫҚҰЛОВА, Павлодар қаласы дарынды қыз балаларға арналған Білім-Инновация лицейінің директоры.

saryarka-samaly.kz