35 жылдан астам өмірін ұстаздыққа арнап келе жатқан ол республика деңгейінде «Көшбасшы педагог - 2018» атанып, білім саласында сіңірген еңбегі үшін Д.А.Қонаев атындағы төсбелгімен марапатталды.

Айжамал Сланбекқызы 1983 жылы облыс орталығындағы қазіргі Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетін тәмамдап, физика пәні мұғалімі маманы атанады. Сол уақыттан бері дарынды шәкірт тәрбиелеп, білім саласында толағай табыстарға жетуде.

Айжамал Сланбекқызының оқушылары жыл сайын халықаралық «Сәтбаев оқулары» ғылыми конференциясында бақ сынап, жеңімпаз атанып келеді. Бұдан бөлек, бірталай шәкірттері республикалық, халықаралық деңгейдегі жарыс- тарда топ жарған. Айжамал Батаева Ұлттық бірыңғай тестілеу мен қалалық, облыстық пән олимпиадаларына оқушы дайындағаны үшін талай мәрте марапатқа ие болған. Жалпы білім беретін мектептердің 8-9-сыныптарына физика пәнін тереңдетіп оқыту бағдарламасының авторы атанды. Сонымен қатар, 5-сыныптарға жаратылыстану пәнін физика ғылымының теориялық элементтері арқылы оқыту бағдарламасының авторы.

- Өмірін ұстаздыққа арнаған кез келген мұғалім үшін білім беру саласындағы әр жетістік – еңбегінің жемісі. 35 жылдың ішінде талай оқушым түрлі деңгейдегі білім додаларында жеңімпаз атанды. Мол тәжірибем мен қажырлы еңбегімнің нәтижесінде Астана қаласында өткен республикалық байқауда жеңімпаз атандым. Ұйымдастырушыларға айтар алғысым шексіз. Елордамызды аралап, жақсы демалып қайттық. Мұның өзі - ұстаз үшін зор қолдау. Қазіргі уақытта ұрпақ тәрбиелеп жатқан ұстаздарға зор міндеттер жүктелуде. Білім беру саласында жаңашылдықтар орын алуда. Ұстаз көштен қалмаса, ұрпақ озады. Білімді шәкірттеріміз көп болғай, - дейді А.Батаева.

Аймағымыздың намысын қорғап, 150 ұстаздың ішінен жүйрік атанған Айжамал Сланбекқызының еңбегіне жеміс, толағай табыс тілейміз!


Айдана ҚУАНЫШЕВА

saryarka-samaly.kz