Шара Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақа-ласы аясында ұйымдастырылды. Конференцияға облыс әкімнің орынбасары Мейрам Бегентаев, қоғам қайраткерлері, тарихшылар мен этномәдени бірлестіктердің төрағалары және студент жастар қатысты.

- Біздің тарихымыз ерекше құндылықтарға толы. Оны бүгінгі ұрпаққа жеткізу - әрбіріміздің басты парызымыз. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқының қоғамдық сана-сезімін жаңғырту жөніндегі тапсырмасын әрі қарай жалғастыруымыз қажет. Елде тарихи сырын ішіне бүккен талай жер бар. Біз өңірдегі тарихи орындарды зерттеуді әрі қарай жалғастыруымыз керек, - деді М.Бегентаев.

Келелі басқосуда тарих ғылымдарының докторы Сәуле Мамытова Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология инсти-тутының директоры, тарих ғылы-мының докторы, профессор Зиябек Қабылдинов дайындаған «Сұлтанмәмет сұлтан: мемлекет қайраткері, дипломат және батыр» монографиясынан, жас зерттеуші және жергілікті тарихшы Виталий Сирик шығарған «Орта жүздің сұлтандары мен батырлары» атты сирек кездесетін құжаттар жинағынан сұлтанның қазақ жерінің аумақтық тұтастығын сақтап қалуға қосқан үлесін көруге болатынын атап өтті.

- Сұлтанмәмет сұлтан - дарынды қолбасшы, дана дипломат, мем-лекет қайраткері ретінде қазақ елінің тәуелсіздігінің көшбасында тұратын дара тұлға. Оның өмірі мен қызметі барлық қазақстандықтарға үлгі болуға лайық, - деді ол.

Іс-шара барысында қатысу-шылар арнайы түсірілген фильмді тамашалады. Ал Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты мен Г.Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану мұра-жайы ынтымақтастық туралы екіжақты келісімге қол қойды.

Сұлтанмәмет сұлтан тарихта Сұлтанбет деген атпен белгілі. Ол - Абылай ханның немере ағасы. 1710-1799 жылдар аралығында өмір сүрген тарихи тұлға, Қазақ хандығы мен Ресей арасында дипломатиялық қарым-қатынасты орнатуда сүбелі үлес қосқан. Сонымен қатар, сұлтан Жоңғар шапқыншылығы кезеңінде Балқашта болған Шаңды жорыққа Ертіс өңірінен 50 мың қол жинап, шайқасқа аттандырған. 1771 жылғы шешуші шайқаста Сұлтанбет сұлтан Өріс, Иман және Қараш есімді ұлдарымен бірге жоңғарларды ойсырата жеңеді. Ұлдарының барлығы Ертіс өңірінде болыс-тарды басқарған.

Айта кетелік, бұған дейін қалада Сұлтанбет сұлтан тұрған резиденция ғимаратының көшірмесі бой көтерген болатын. Ол ПМПУ-дегі «Margulan Centre» орталығының қарамағына тапсырылған.


Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz