Екі күн қатарынан көрерменге жол тартқан комедия театр сүйер жамағаттың қызығушылығын арттырып, езуіне күлкі үйірді. Бұл ретте күні кеше 50 жасқа толған театрдың сақа әртісі, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Дәурен Әділдің еңбегін атап өтпеске болмайды. Ол сараң әке Гарпагонның образын ашуда барын салды. Сахна шымылдығы түрілген сәттен бастап, қойылымның соңына дейін жастармен бірге жүгіріп, билеп, жандырған актер бұл рөлін М.Әуезовтің «Айман-Шолпан» драмалық комедиясындағы Жарастың бейнесімен ұқсататынын айтады.

- Гарпагонның сахналық мінезін көрдіңіздер. Барынша бойыма сіңіріп, соны беруге тырыстым. Оның байлықтың буына мастанғаны сонша, баласымен жарысып жас қызға ғашық болады. Жасы келсе де, дүниені белшесінен басып, тек өзі үшін ғана өмір сүруді қалайтын адам. Тіпті, байлығын баласынан аяйтын әке өкінішке орай бүгінгі біздің қоғамда да кездеседі. Міне, осыны ашу үшін барымды салдым. Гарпагонның сахнадағы жанталасы, бірді-бірге соғып, кейін өзі татуластырып жүгіріп жүретін сәті «Айман-Шолпан» қойылымындағы Жарас тәрізді.

Ал театрдың қоюшы режиссері Әділет Ақановтың айтуынша, «Сараң» драмалық комедиясы - әлемдік классикадағы шоқтығы биік туындылардың бірі. Мольердің бұл туындысы ХVІІ ғасырдан бері сахналанып келеді екен.

- «Сараң» комедиясын алғашқы болып сахналап, оны көрерменге жеткізген автордың өзі болған. Мұнда махаббат машақаты мен балаларының бақытынан байлығын артық қойған әке өмірі суреттеледі. Осыдан бірнеше ғасыр бұрын өз бағасын алып қойған туындыны нар тәуекел деп қолға алдық. Бір атап өтерлігі, бұл жолы қойылымның қоюшы суретшісін Алматы қаласынан арнайы шақырттық. Ол - М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының қоюшы суретшісі Қуат Түстікбаев, - деді Ә.Ақанов.

Бұл жолы әртістердің үлкен дайындықпен шыққанын аңғару қиын емес. Гарпагонның қызы Элизаны - Ақтілек Ақдәулет (екінші құрамда Аида Садықова), ұлы Клеантты - Бауыржан Манатбекұлы (екінші құрамда Қобыланды Болат) сомдады.


Ерманат ЖҮГІНІС, Ақсу қаласының тұрғыны:

- Бүгінгі қойылымның премьерасына арнайы келдім. Ерекше әсерге бөлендім. Спектакльді түсініп көрген адамға күлдіре отырып, бүгіннің шындығын айтуы ерекше болды. «Сараңды» студент кезімде Алматы қаласында бір рет көрген едім. Ол кезде кейбір детальдарға мән бермедік пе, кім біледі? Бірақ бүгін күле отырып ойланып шықтым. Ұжымға шығармашылық табыс тілеймін!


Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz