Даудың басы – «демократия»

Мәселенің бәрі Біріккен Ұлттар Ұйымының жанындағы халықтық қоныстану саласындағы қорының айтқанынан шығып отыр. Аталмыш қор Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігіне 16 жастан бастап қыздарға жасанды түсік жасатуды заңдастыру туралы ұсынысты қарастыруды ұсынған. Айта кетелік, Қазақстан - 1992 жылдан бастап аталмыш ұйымға мүше.

Осы әлемдік ұйымның 2016 жылы Қазақстанда және Шығыс Еуропада жүргізген сауалнамасының нәтижесі бойынша, жеткіншектердің 70 пайызы - өздігінен медициналық көмек алуға мұқтаж.

- Бұл проблеманы жылы жауып қоюға да болмайды, ондай мәселе біздің де елімізде бар. Ондай жағдайда бала өз проблемасымен бетпе-бет қалады, оған мамандардан кәсіби консультация, дәрігерлік көмек алуы аса маңызды, - деді бұл туралы «Хабар» телеарнасында өткен бағдарламада түсініктеме берген ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев.

Министрдің айтуынша, ЮНИСЕФ қорының жасаған ұсынысын қарастыруымыз керек. Себебі... Себеп – 16 жастан бастап рұқсат беру мәселесі – өте маңызды. Ол ұлттың, халықтың денсаулығына тікелей байланысты. Сондықтан мемлекет құзырлы және салмақты шешім қабылдау керек. Сол себепті Денсаулық сақтау министрлігі мәселені қоғамның талқысына шығарып отыр.

- Аталмыш норма азаматтардың пікірлерін ескерместен қабылданбайды. Министрліктің өзі ашық диалогқа әзір. Сондықтан алдағы уақытта бұл бастаманың артықшылықтары мен кемшіліктерін ұсынатын болады, - деді Д.Абаев.

Оның сөзінше, мәселе тек абортқа қатысты емес. Медициналық көмек түрлеріне, сондай-ақ, екпе салдыру, операциялар мен зерттеулер жүргізу жатады. Қазіргі кезде жеткіншектер 15 жасынан бастап әке-шешесінен қашықта тұрып, орта кәсіби білім алуға құқылы. Еңбек келісімшартын жасауға, еңбекақысы мен салымдарын жұмсауға құқылы, қылмыстық жауапкершілікті де көтереді. Кей жағдайларда 16 жастан бастап некеге тұрып, балалар тәрбиелей алады.

Бірақ Қазақстанда жас азаматтар 18 жасқа дейін ата-анасының рұқсатынсыз медициналық көмек ала алмайды. Жоғарыда келтірген қордың сауалнамасына сәйкес, жеткіншектердің 70 пайызы осы медициналық көмекті алуға мұқтаж.

Соның ішінде 16 жастан бастап аборт жасатуға заңды түрде рұқсат беру мәселесі қазір қоғамда үлкен дауға айналып тұр. Министр айтқан деректерге сәйкес, бүгінде Еуропа елдерінің көпшілігінде қыздарға 16 жастан бастап әке-шешесінің келісімін алмай-ақ шарана өмірін қиюға рұқсат. Ресейде 15 жастан, Австрия, Грузия, Украина мемлекеттерінде 14 жастан бастап түсік жасатуға жол ашық.

Өкінішке қарай, бүгінде Қазақстанда да жеткіншектер арасында суицид және ерте жүкті болып қалу оқиғалары жиі кездесуде. Ерте екіқабат болып қалған қыздар қылмыстық жолмен болса да, баланы алдыртуға бейілді болады. Қалай дегенмен, мәселе қоғамды кеңінен талқылауға тұрарлықтай ауқымды. Сол себепті министрлік халықпен ашық әңгімелесіп, сарапшылар мен министрлік өкілдерінің эмоциясыз талқылап, барлығын таразы басына тартып, ортақ ұйғарымға келу қажет.

Тәрбие тозды, темір аспап озды...

Не керек, қазір аталмыш мәселе көптеген пікірлер туғызуда. Онсыз да ұрпақ жағдайын түзей алмай жатқанда, тағы бір сұмдыққа жол ашып беру ақылға сыймайды, дейді ұлт жанашырлары. Әрине, өмір болған соң әртүрлі жағдайға байланысты заңды түрде, ата-ана келісімімен медициналық түсік жасатуға мәжбүрлік бар. Десе де, қылмыстық жолмен болса да әйтеуір істеліп жатыр екен, одан да ашық түрде рұқсат берелік деу үлкен әбестік болар. Бұл жерде ұлттық болмыс, ұлттық тәрбие және қазақтың келешегі жатыр.

Денсаулық сақтау мамандарының айтуынша, заңдастырар болсақ, аборт жасаған дәрігер жеткіншектің денсаулығына жауапты болады. Әлдебір қателік кетсе, заңдастырылған көмекті көрсеткен медицина қызметкері жауапқа тартылады. Парламент депутаттары да мұндай ұсынысты ақылға салмастан қабылдауға қарсымыз дейді.

«Шетелдің кеселін өзімізге жұқтырып жатырмыз. Біз сонда қалай, 15-16 жастан, соған итермелеген болып табыламыз ғой. Тәрбиенің көзін басқа жақтан іздеуіміз керек», дейді Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл. Депутаттар менталитетімізді ескермеген ұсыныс нақты қай елдің тәжірибесіне сүйеніп жасалып отырғаны да айтылсын дейді.

Бір сөзбен айтқанда, денсаулық сақтау министрлігінің ұсынысы бүгінде екі адам бас қосса әңгіме ететін тақырыпқа айналып отыр. Төрден орын беріп, қонақ ретінде сыйлаған, жанын үзіп беруге даяр болған қазақ енді қызына нәресте өмірін үзуге рұқсат етіп қарап отырмақ па?

Жалпы, мұндай тәрбие көзі қай халықта бар екен? Ерте түсікті заңдастыру арқылы суицид, ерте жүкті болып қалу мәселесі шешіле ме екен? Оқушы қыздар арасында жүктіліктің артып бара жатқаны туралы қазақ баспасөзінде ертеден бері жазылып, дабыл қағылып келді емес пе? Уақыт өткізіп алдық. Сонда ендігі бар қарекетіміз, жасар амал-қауқарымыз салдармен күрес пе? Аборт – ол мәселенің өзегі емес, салдары. Ал бізге себеппен күрессек керек. Ал ағзасы толық қалыптаспаған қыздың қолына өз тағдырын ұстатып қойып, өздігінен шеш деп айту қай қатыгездің қылығы? Қоғам болған соң әртүрлі оқиғалар кездеседі. Бірақ оны менталитетті ескермей, тәрбиені алдымен дұрыстап алмай шешу қай қисынға келеді? Қазақта «қызға - қырық үйден тыйым» дегенді батыра айтып тәрбиелеу әлдеқайда жөн болмас па?

Өздері бала ғой...

Тек эмоциялық сезімге берілмей, бір уақ медициналық интернет-сайттарды ақтарып көрдік. Қайсысын оқысаңыз да, ерте түсік жасатудың пайдасынан гөрі зияны басым екені айтылған. Әрі бұл зиян тек физиологиялық сипатта емес, психологиялық ауытқушылыққа да әкеліп соғады екен.

Өзіңіз ойлаңызшы, 16 жастағы қыз өмірден адасып, тағдыры қиындаған сәтте қайбір салмақты шешім қабылдайды? Ондайда «барып, түсік жасатуыңа рұқсат» деп, өзіңізден әрі қарай бақытқа сілтей салу, әрине, оңай. Басқа-басқа, дәл өзінің болашағын ойлаған мемлекетке, халыққа ондай қатыгездік жасауға жол жоқ. Біздің айтпағымыз, осы мәселе ұлттың болашағында тұр.

Міне, www.prodetey.ru сайтының жазуынша, «абортта ешқашанда жақсы салдар болмайды. Бұл - әйелдің бірдеңе болып қалса, басынан-аяғына дейін өзі жауап беретін, сондай шешім қабылдайтын операциясы. Тәжірибелі, жиі ота жасайтын хирургтің өзі де түсікті жасауда қателік жіберуі мүмкін. Сондықтан аборт салыстырмалы түрде сәтті өтті дегеннің өзінде, олай ойлайтын қыздарға обал. Біраз уақыттан кейін тағы жүкті болғысы келсе, бала көтермеуі ықтимал. Жиі кездесетін себептердің бірі – бұрын аборт жасалуы. Жеткіншек қыздың ағзасы әлі толық жетілмегенін ескерсек, гормоналдық, ұрпақ тарату жүйесіне зақым келуі ықтимал. Сондай-ақ, ерте жастан жүкті болған қыздарда түсік жасатқаннан кейін психологиялық салдар байқалуы мүмкін. Өзін кінәлі сезіну, депрессия, құбыжық түстерді көру, т.б. әрекеттер бойынан көрініп жатады.

Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының /www.who.int/ мәліметінше, жыл сайын 15-19 жас аралығындағы 16 миллион қыз (15 жасқа дейін – 1 млн) жүкті болады. 1990 жылдан бастап жеткіншек қыздар арасында бала туу көрсеткіші біртіндеп азайып келеді. Жасөспірімдер арасындағы жүктілік ана мен бала өліміне әкеліп соғатын маңызды фактордың біріне айналып отыр. Сол себепті ұйым 18 жасқа дейін отбасын құру, 20 жасқа дейін бала көтермеу мәселесін елдердің алдына жиі қоятын болған.

Осылайша, аталмыш мәселені егжей-тегжейлі зерттеу керек екенін түсінеміз. Әйтпесе, ертең ұлттың болашағына балта шауып алуымыз мүмкін.

Батыс бізге ақыл айтпасын

Жалпы, біздің Қазақстанға ақыл айтқысы келетіндер сонау 1990 жылдардың басынан бері көбейген. Мұны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев талай мәрте айтқан. Бұл жердегі әңгіме Тәуелсіздікке қатысты айтылған, десе де ұлттық мәселенің бірі осы денсаулық болғандықтан, мысалға келтіруді артық емес деп шештік.

«Демократия жолына бір күнде емес, көп жылдан кейін түскен батыс елдерінің бізге жөн сілтейтін реті жоқ. Қазақ елінің өз сара жолы бар. Біз өз тарихымыз, дәстүріміз, тіліміз бен дінімізге сүйене отырып, демократиялық құндылықтарды бойымызға сіңіріп жатырмыз. Әркім өз тағдырына өзі жауапты. Мен - тәуелсіздіктің бірінші күнінен бастап елдің жүгін арқалап келе жатқан адаммын. Қанша рет батыстан келіп, "біздегі сияқты демократия қылыңдар" деп айтады. Біз - қазақпыз, біз америкалық, неміс, ағылшын емеспіз. Біздің өзіміздің тарихымыз, тіліміз, дініміз, дәстүріміз бар. Біз бүкіл әлем секілді демократия жолымен келе жатқан халықпыз. ...Батыстағылар католиктер ғой, оның ішінде протестанттар. Протестант дегендер - өзіме ғана жауап беремін, ініме, бауырыма қарызға ақша бере алмаймын, берсем, несие ретінде беремін дейтіндер. Оларда ағайын-туысқан деген жоқ, бала 16 жастан үйден кетіп, өзін-өзі асырауы керек. Біз, қазақ, олай бола алмаймыз ғой. Өзіміздің дәстүріміз бар. Үлкенді, әйелді сыйлап, баласы әкесін, әкесі атасын қадірлеген халықпыз. Біз қазақпыз, деп мен ылғи оларға түсіндіріп келемін", — деді Президент осыдан біраз уақыт бұрын жаңа білім беру мәселесі туралы өткен жиында.

Дәл осы Елбасының сөзі қазіргі мәселеде басшылыққа алынуы тиіс. Қазақы салт-дәстүрді босатып алсақ, ол мәселені аборт арқылы түзету қиын болар. Әрі әлемнің қай дінінде болсын, шарананың өмірін қию үлкен күнәға баланған. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы әулие: «Іштегі нәрестеге қырық күннен кейін жан бітеді» деп түсіндірген. Қазіргі медицинаға салсаңыз, біраз уақытқа дейін түсікпен үзіп тастауға болады деген тұжырымды ұстануда. Тағы да бұл жерде қыздардың болашағын ойлап жатқан кім бар? Рас, ерте жүктілік - үлкен мәселе. Ұлттық қауіп. Оны шешу керек. Абортпен емес, тәрбиемен.

Ал тәрбие қайдан басталады?

Тағы да Елбасының сөзін келтірелік. Бұл туралы Президент жуырда Астанада өткен VIII Азаматтық форумы аясында айтты. Басты тақырып – жас отбасындағы ажырасудың көптігіне қатысты қозғалған.

«Ажырасу – алаңдататын сұрақ. 1,5 млн. некенің 25-30%-ы ажырасумен аяқталады. Себебі біз мектепте жоғары сыныптарда балаларды қатынасу, ер мен әйелдің есею сияқты тақырыптарды оқытпаймыз. Қалай жүкті болады? Не шығады? Біз, қазақтар, мұны айтуға ұяламыз. Ұят дейміз, содан кейін керісінше, нағыз ұят болады. Сол себепті психологияны өзгертуіміз керек, мектепте тәрбиелеуіміз қажет. Мұнда тұрған ешқандай ұят жоқ, мұның бәрі адамға қатысты, сол себепті осыған назар аударып отырмын», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.


ЮНИСЕФ-тің ұсынысын қабыл алып, қазақтығымыздан айырылып қалмасақ болғаны. Әрине, күлкілі емес. Қай елде болсын, жас ұрпаққа қатысты дүниелер ұшқары, жеңілтек жағдайда қабылданбаса керек. Қазақстан өз болашағына жаны ашыса, алдымен қыздар ұлт болашағы екенін басшылыққа алу керек. Әлемдік ұйымның ұсынысын қуана қабылдау арқылы жасөспірімдер арасындағы суицид, ерте жүктілік мәселесін шеше алмаспыз. «Бірнеше қоянды бір оқпен атып алу» қағидасы бұл жерде келмейді. Жоғалтарымыз көп, ұтарымыз қанша? Сондықтан жасөспірімдер арасындағы жүгенсіздік, жүктілік, нашақорлық секілді мәселелерді түзеудің басқа жолын таба алсақ, кәні! Министрлікпен ашық диалог барысында халқымыз осы мәселені ерекше ескерер деп санаймыз.


Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ

saryarka-samaly.kz