Орамды ой мен кестелі сөз зергері жаңа кітабына студенттік шақтан бергі жазған өлеңдерін топтастырған. Қара өлеңнің хас шебері, ақын Қадыр Мырза Әлі: «Ақындық деген - екінің бірі айта алатын сөзді ешкім айта алмайтындай етіп айту» депті. Жарқынбек қай тақырыпта қалам тербесе де, қарапайым пенденің өмірде аңғара бермейтін тұстарын дөп басып айтады. Оның отты жырларынан қанында қайнаған намыс пен өр рухты сезінуге болады. Бұл туралы автордың «Ескі сурет» кітабына алғысөз жазған көрнекті ақын, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары Ақберен Елгезек былай дейді:

- Жарқынбек Амантайұлының жырлары – сірге жияр қормалдығы мол туындылар. Жыр көгінен өзіндік орнын іздеп келген ақынның жыр жолдарынан Қадыр ақынға қарайлас ойлы шумақтар да кездеседі. «Кімге бақыт мәңгілік тұрақтаған?! Есірмегін, інішек, бұрақтама! Тауларды да жер еткен бір ауыз сөз, Талайды жетім еткен бір оқ қана». Өзі Қадырмен қоштасу өлеңінде мына бір айшықты тіркестерді қолданады, құлақ түріңізші: «Қаламыңның ұшы еді қарашығың». Ақынның көзімен көргені, көкірек көзімен сезгені қаламның ұшындағы қарашық болып мөлдірейді. Басқа да айшықты тармақтары - ыждағатты ізденісінің жемісі. «Құлағына қағаздың салам күбір», Білте шамы билейді бір әйнектің» немесе «Мысық мұрты едірейген талдардың» секілді кейіптеулері көз алдыңызға көркемсурет ұсынады. Айта берсек, Жарқынбектің жырларында айшықты тұстар көп, - дейді Ақберен Елгезек.

Жарқынбек Амантайұлы жастайынан өлеңге құштар болып өсті. Оған мектеп қабырғасында жүрген сәттерінде жазған өміршең өлеңдері дәлел. Тіпті, 11-сыныпта оқып жүрген кезінде «Аллажар» атты алғашқы жыр жинағын шығарып та үлгерді. Бірнеше республикалық жыр мүшәйраларына қатысып, аймақ намысын абыроймен қорғады. Қазіргі Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінде білім алып жүрген кезінде-ақ республикалық Мұқағали Мақатаев атындағы жыр бәйгесінде екі мәрте бақ сынап, жүлдегерлер қатарынан көрінді. Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбеков атындағы республикалық мүшәйрада жеңімпаз атанды. Биылғы жылы С.Торайғыровтың 125 жылдығына арналған республикалық жыр мүшәйрасында да жүлдегерлер сапынан көрінді. Сол бір студенттік шақтарының өзінде Жарқынбектің төл туындылары облыстық, республикалық басылымдарда жарияланып тұрды. Республикалық «Қазақ әдебиеті» газетіне Жарқынбектің жалынды жырларын жариялап, ақжолтай айтқан белгілі сыншы Бекен Ыбырайым: «Кереку өңірінде кешегі күндері ана тіліміздің өрісі тарылып, баршамызды алаңдатып еді. Енді шүкіршілік, ақын Иса айтқандай, «Ел болса, ер туғызбай тұра алмайды». Кереку бүгін дарынды шайырлардың жалынды жырларымен көркеюде. Алаштың тағдырына алаңдаған адымды ақын Арман Қанидың өкшесін басып келе жатқан жауқазын жас таланттар баршылық. Солардың ішінен ерекше көзге түсетіні – Жарқынбек Амантайұлы. Аяқ алысы ширақ, сөзі шымыр, шүйгін. Баршамыз байқағанды Жарқынбектің өзінше байыптап, өзгеше өрнектеуінің сыры – өзінше сезінуінде», - деген еді.

Жарқынбек Амантайұлы қолы жұмыстан қалт еткен шақта спортпен айналысуды жөн санайды. Бойы сергек, қимылы шапшаң жігіт жастайынан ауылдағы бокс үйірмесіне барып машықтанған. Кейін студент атанып қалаға келген кезде де спорттан қол үзген емес. Ол осыдан біраз уақыт бұрын ҚР жекпе-жек ұлттық спорт федерациясы облыстық филиалының Президенті болып сайланды.

- Жекпе-жек спортында жүргенімді көрген кейбір азаматтар: «Спортпен айналысу шығармашылық адамы үшін қиын емес пе?» деп сұрайды. Бәлкім, солай да шығар. Бірақ жүрек пен білек сынға түсетін спорттың бұл түрі нағыз ерлердің бәсекесі. Кешегі қазақ өнерінің көрнекті өкілдері Балуан Шолақ, Иманжүсіптер дүлей күштің иесі болған ғой. Біз олардың ерлік істері мен кесек мінездерін шығармаларынан оқып өстік. Енді өзіміз де кейінгі толқынға жол сілтеуге тиістіміз. Бабаларға сөзімізбен ғана емес, ісімізбен де ұқсауымыз керек. Қазақ жастарының келбеті кесек, рухы мықты, сөзі орамды болғанын қалаймын, - дейді Ж.Амантайұлы.

Қоғамда болып жатқан түрлі шаралардан да Жарқынбек бейжай қалған емес. Ақын зиялы қауым арасында өзінің ой-пікірін айтып, оң істердің үнемі басы-қасында жүреді. Қашанда қара өлеңінің өзегіне айналған бұқарамен бірге болу шығармашылық иесіне тылсым сезім мен шалқар шабыт сыйлайды.

Отты жырларын ор қояндай ойнатқан ақын биыл ордалы 30 жасқа толып отыр. Жуық арада өлеңсүйер оқырманмен кездесіп, шығармашылық кеш барысында «Ескі суреттің» тұсауын кессем дейді.


Алпысбай ХОНЖ.

saryarka-samaly.kz