Естеріңізде болса, нысанның құрылыс жұмыстары осыдан бір жарым жыл уақыт бұрын басталған еді. Алпауыт компаниялардың демеушілігімен бой көтерген бассейн кешенінің жалпы құны 2,7 миллиард теңгені құрайды.

- Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Дені сау ұлт бәсекеге қабілетті ел болады. Сондықтан спорттың бұқаралық сипатын дамыту - мемлекетіміздің стратегиялық басым бағыттарының бірі», - деген еді. Президентіміз Қазақстан халқына Жолдауында 2020 жылға дейін ел тұрғындарының 30 пайызын бұқаралық спортқа тарту туралы тапсырма берген. Бұл бағытта облысымызда бірқатар жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, бүгінде мұз айдыны кешенінің құрылыс жұмыс-тары аяқталуға жақын. Алдағы жылы Олимпиадалық резервін дайындау орталығы мен жеңіл атлетика мен футбол манеждерінің құрылыс жұмыстарын бастауды жоспарлаудамыз, - деді Б.Бақауов.

Сондай-ақ, аймақ басшысы 50 метр-лік бассейні бар заманауи кешеннің бой көтеруіне ұйытқы болған «ERG» және «KAZ Minerals», сондай-ақ «Орта азиялық отын-энергетикалық компаниясы» басшыларына алғысын айтты.

Демеушілер де халықтың әлеуметтік жағдайын көтеруге, бұқаралық спортты дамытуға үлес қосуды өздеріне жоғары мәртебе санайтындығын атап өтті.

Алдағы уақытта аталған спорттық кешенде 7 жастан асқан өрендер жаттыға алады. Сонымен қатар жүзу бассейнін бос кезде бұқара халықтың да пайдалануына мүмкіндік қарастырылған.

- Бұрын қаладағы басқа жүзу бассейндерінде жаттығатынмын. Халықаралық стандартқа сай келмейтін орындарда дайындалғандықтан респуб-ликалық додаларда жүлдегерлер қатарынан көріне алмадым. Енді міне, Павлодар жастарының су спортынан жүлде теретін күні алыс емес. Бұл менің көптен күткен арманым еді, - дейді жүзуден облыс чемпионы Дамир Мещанов.

Заманауи талаптарға сәйкес салынған жаңа құрылыс нысанында алдағы уақытта республикалық, халықаралық, тіпті әлемдік деңгейдегі жарыстарды өткізуге болады.


Алпысбай ХОНЖ

saryarka-samaly.kz