Импортты алмастыратын өндіріс

Астана қаласында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысу-ымен өткен «Индустрияландырудың екінші бесжылдығы: Қазақстанда жасалған» телекөпірі аясында онлайн режимде бірқатар индустриялық, инфрақұрылымдық, аграрлық және цифрлық жобалар іске қосылды. Машина жасау және құрылыс индустриясы саласында Елбасы Екібастұз қаласындағы «Проммашкомплект» ЖШС-нің темір жол доңғалақтарын шығаратын кәсіпорнын онлайн-режимде іске қосты. Жоба темір жол доңғалақтары өндірісін жылына қазіргі 75 мыңнан 200 мыңға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Жоғары технологиялы бұл өндіріс ел нарығын аталған өнімдермен толығымен қамтуға қауқарлы. Яғни, елімізге келетін импортты 100 пайыз алмастырады. Зауыт жұмысын бастауға пәрмен берген Мемлекет басшысы: «Бұл өндіріс бұрын Қазақстанда болмаған. Бұған дейін темір жол құрамдарына қажетті доңғалақтарды импорттап келген едік. Осы тектес өндірістердің іске қосылуын көп күттік. Бұл - еліміздегі индустрияландыру бағытындағы маңызды қадам», - деп жоғары бағалады. «Проммашкомплект» ЖШС басқарма басшысы Дәулет Сыздықов телекөпір барысында хабарлағанындай, жобаның жалпы құны 54 млрд. теңгені құраған. Оның 36 млрд. теңгесі Қазақстанның Даму банкі арқылы қаржыландырылыпты. Зауыт «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ны және еліміздегі темір жол саласында жұмыс істейтін өзге де кәсіпорындардың жылжымалы құрамдарын доңғалақтармен қамтымақ. Бұдан бөлек өнімдерін ТМД, Еуропа елдеріне, сондай-ақ, Үндістан, Қытай, Кореяға экспорттауды жоспарлауда. Осылайша кәсіпорын елімізде темір жол доңғалақтарын тұтастай құйып шығаратын жалғыз өндіріс орнына айналып отыр.

«Проммашкомплект» ЖШС-нің жаңа өндірісінің іске қосылуы роботтар шеруіне ұласты. Бұл ретте, кәсіпорын жұмысының толығымен автоматтандырылғанын атап өткен жөн. Адамдардың қара жұмысын қажет етпейді. Металды балқытып, одан доңғалақ құйып шығару ісі 7-8 сатыдан тұрады. Барлық жұмысты роботтар атқарады. Ал оларды операторлар компьютер арқылы басқарып отырады. Кәсіпорын басшылығы ашылу салтанатын ерекше өткізуге тырысқан. Өндірісте қолданылатын роботтар әуезді әннің жетегінде би билеп, жиналған жұртшылықты тәнті етті. Жаңа өндірістің салтанатты түрде тұсауын кесу құрметі Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовқа бұйырды.

Телекөпір аясында Мемлекет басшысы еліміздің алдында экономиканы одан әрі әртараптандыру, инфрақұрылымды жақсарту және өнімділікті арттыру жөніндегі ауқымды міндеттер тұрғанын атап өтті. Елбасы индустрияландыру бағдарламасы еліміздің орнықты және әртараптанған экономикасын құру үдерісінде негізгі рөл атқаратынын айтып, оны іске асыру барысындағы нақты нәтижелерге тоқталды.

– Біз индустрияландыру кезеңінде 1250 жаңа кәсіпорын құрдық, соның ішінде 100 кәсіпорынды биыл іске қостық. 300 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Бүгінде әлемнің 110 елі Қазақстанда шығарылған өнімді тұтынуда. Соңғы жылдары біз бұған дейін елімізде жасалмаған бұйымдардың 500-ден астам түрін шығарып, 50-ге жуық жаңа тауар түрін экспорттап отырмыз, – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Әбішұлы индустрияландырудың үшінші бағдар-ламасының стратегиясын нақты нәтижелерге бағыттай отырып, жан-жақты пысықтау керек екенін атап өтті.

– 2025 жылға қарай еңбек өнімділігі 1,7 есе, өнімді экспорттау көлемі 2,3 есе өсуге тиіс. Өңдеу өнеркәсібі мен шикізаттық емес экспортты қолдауға қосымша 500 миллиард теңге бөлу жөнінде тапсырма бердім. Бұл қаражат экспортқа бағытталған кәсіпорындарға қаржылай және қаржылай емес кешенді қолдау көрсетудің құралдарын көбейтуге жұмсалатын болады, – деді Қазақстан Президенті.

Бұдан бөлек, Индустрияландыру күні аясында Мемлекет басшысы «Парыз» және «Алтын сапа» сыйлық-тарының жеңімпаздарын марапаттады. Бұл тізімде де Павлодарлық кәсіпорын бар. «NFC Kazakhstan» компаниясы еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында «Парыз-2018» сыйлығын иеленді. Қытайлық үлесі бар аталмыш кәсіпорын облыс нарығында он жылдан астам уақыт жұмыс істейді. Ол электролиз зауыты, Бозшакөл кен-байыту комбинаты сияқты алпауыт зауыттардың құрылыс жұмыстарына қатысқан.

Екібастұзға инвестор келді

Индустрияландыру күні аясын-дағы телекөпір шарасынан кейін Павлодар облысының әкімі Б.Бақауов Екібастұз қаласында «Data орталық» ашуға ниетті Камбоджа елінен келген инвесторлармен жүздесті. «Мұрагер ханзада» атты компания аталмыш елдегі алпауыт бизнес құрылымдардың бірі саналады. Қазақстанда бұл компания Ақмола облысында орын тепкен «АқМол» кәсіпорнымен серіктестікте жұмыс істейді. Жаңа технологиялар саласында әлемдік деңгейде біршама белестерді бағындырған «Мұрагер ханзада» бұған дейін Қытай, Лаос сияқты мемлекеттерде үлкен көлемдегі ақпараттарды сақтап, өңдеуге мүмкіндік беретін 40-тан астам «Data орталық» салған. Бұл жобаларға 1,2 млрд. АҚШ доллары көлемінде инвестиция құйған. Алдағы 10 жылда тағы 6 млрд. АҚШ доллары шамасында инвестиция салуды жоспарлап отыр. Компания өкілдері қазақстанды бизнес дамытуға қолайлы мемлекет ретінде танығандарын атап өтті. Соның ішінде, электр энергиясына бай Екібастұз қаласына таңдау түскен. Себебі, «Data орталықтың» жұмысына 1 мың МегаВатт көлемінде энергия қажет көрінеді. Бұл ретте, аймақ басшысы дәл қазіргі уақытта кеншілер шаһарындағы электр станциялары қосымша 800 МегаВатт көлемінде энергия беруге мүмкіндігі бар екенін атап өтті. Тек ол үшін аталмыш энергияны таратуға мүмкіндік беретін инфрақұрылым керек. Болат Жұмабекұлы оның құрылысына қажетті жер учаскесін беріп, ұйымдастырушылық, құжат рәсімдеу жағынан да жан-жақты қолдау көрсетуге әзір екенін жеткізді. Тіпті, камбоджалық кәсіпкерлер тарапынан аталған бағытта инвестиция құю туралы шешім қабылданса, онда жобаның жүзеге асырылуын өз бақылауына алатынын айтты. «Мұрагер ханзада» компаниясының өкілдері атқарушы билік тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауға алғыстарын білдірді. Сондай-ақ, жобаны жан-жақты саралап, тиісті шешім қабылдайтындарын жеткізді.


Данияр ЖҰМАДІЛ, Екібастұз қаласы.

saryarka-samaly.kz