Форум барысында Павлодар облысы әкімінің орынбасары Жайық Шарабасов елімізде цифрландыру бағытында ауқымды істердің атқарылып жатқанын сөз етті. Облысымызда бұл бағыттағы жобаларды жүзеге асыру үшін барлық мүмкіндік қарастырылған. Өңірімізде білім беру, денсаулық сақтау және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларына «Smart City» жүйесі енгізілді. Аймағымыздағы 362 мектеп электронды Kundelik.kz және BilimLand жобасына қосылған.

ҚР Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Динара Щеглова жастар тарапынан көрсетілген жобалардың көңілінен шыққанын атап өтті.

- Мемлекет басшысы Н.Назарбаев 2019 жылды - Жастар жылы деп жария-лады. Сондықтан жастардың жаңа технологиялардың тілін меңгеріп, үздік жобаларды қолға алуда мүмкіндіктері зор. Болашақ – жас ұрпақтың қолында. Сондықтан алға нық сеніммен қадам басып, мақсаттарыңызға жетіңіздер. Форумда таныстырылған жастардың жобасына риза болдым, - деді Д.Щеглова.

Форумда ИнЕУ-дің ІІ курс студенті Акул Мадиян өз жобасын таныстырды. Ол еліміздегі ішкі туризмді дамытуға арналған бірегей сайт әзірлеп, келесі жылы іске қосуды жоспарлап отыр. Оның сөзінше, демалысқа бару үшін алдымен билет сатып алып, орналасатын жерге тапсырыс беру керек. Мұның барлығын іздеу үшін уақыт кетеді. Мұндай қызмет бір жүйеге біріктірілмек. Онлайн режимінде төлем жасап, бар мәселені жылдам шешуге болады. Сонымен қатар, жерлестеріміз репетиторлықпен айналысатын мамандар үшін мобильді қосымша ойлап тапқан. Ол арқылы тұрғындар баласына қажетті пәнді, сабақ беретін мамандарды таңдай алады. Қосымшаға олардың еңбек өтілі, қызметтегі жетістіктері енгізілген. Шара барысында ең үздік жоба авторлары марапатталды.


Айдана ҚУАНЫШЕВА

saryarka-samaly.kz