Шараның тұсаукесер рәсіміне облыс әкімі Болат Бақауов және «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Нұрлан Ақшанов қатысып,  шаңырақ иелерінің қуаныштарымен бөлісті.

Аталған шағын аудандағы Павлов көшесі, 146-үй мекенжайы бойынша бой көтерген 16 үй 9 қабаттан тұрады. Жаңа ғимаратта 108 пәтер бар. Оның 54-і бір бөлмелі, 27-сі екі бөлмелі болса, үш бөлмелі пәтерлер саны да 27-ге тең. Көпшілікке қуаныш сыйлаған жаңа тұрғын үйдің құрылысын салған - «Портал-ПВ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

- Біздің басты мақсатымыз - ел тұрғын-дарының әл-ауқатын нығайту. Бүгін біз Мемлекетіміздің ең ұлық мерекесі - Тәуелсіздік күні қарсаңында тамаша бір сәттің куәгері болудамыз. Осыдан біраз уақыт бұрын қаладағы осынау шағын аудан көзге сүреңсіз көрінетін. Ал қазір жаңа үйлер салынып, тамаша сипатқа енді. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында қол жеткізген шаңырақтарыңыздан шаттық кетпесін, - деді облыс әкімі Болат Бақауов.

Ал Шөкин көшесі, 170/2 мекенжайындағы 18 үйдің құрылыс жұмыстарын «ГСУ Кұрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген. Бұл тұрғын үйде де 108 пәтер бар. Жылдар бойы аңсаған арманына қол жеткізген жанның бірі Назымгүл Жукина:

- Баспаналы болсам деп көптен бері армандап едім. Міне, бүгін жап-жаңа тұрғын үйден 2 бөлмелі пәтердің кілті қолыма тиді. Енді алаңсыз жұмыс істей беруіме болады. Қуанышты сәтке куә болу үшін жолдасым мен балаларым, ата-енем де осында келді. Осыдан 3 жыл уақыт бұрын «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен» есепшот ашқан едім. Аталған банк 5 пайыздық өсіммен 9 жылға несие берді, - дейді пәтер иесі.

Жаңа тұрғын үйлер «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының аясында салынған. 1 шаршы метрінің бағасы 120 000 теңгені құрайды. Пәтерлердің аумағы 40 пен 84 шаршы метр аралығында. Баспаналы болуы үшін клиенттердің «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі» шотында үй құнының 20 пайызына тең бастапқы жарнаның болуы қажет. Мәселен құны 5 млн. теңге тұратын 1 бөлмелі пәтерге қол жеткізуі үшін салымшылардың есепшотында 1 млн. теңге көлемінде қаражат болса жеткілікті.


Алпысбай ХОНЖ

saryarka-samaly.kz