«Рухани жаңғыру» аймақтың жобалық офисінің жетекшісі Зәуреш Мұқашева облыс бойынша 2018 жылы жүзеге асырылған жобаларға тоқталды. Өткен жылы бағдарламалық мақала шеңберінде аймақта жалпы сомасы 8,5 млрд. теңгені құраған 178 жоба жүзеге асты. Аталмыш бағдарлама бойынша бірнеше ірі істер қолға алынып, жаңа жылда жалғасын табатын болады. Зәуреш Қуантайқызы бұл орайда аймақ кітапханаларында ашылған коворкинг орталықтар, білім беру мекемелерінде жыл бойында ашылған «Рухани жаңғыру» кабинеттері, «Мектебіме тағзым» акциясы, 2018 жылы біздің аймақтан шыққан тарихи тұлғалардың мерейтойлары, «Ұлы Дала» этнофестивалінде қамтылған іс-шаралар, «Жүз жаңа есім» сынды ірі-ірі жобаларды атап өтті.

Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ернұр Дәуенов «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы іс-шаралар жаңа жылда да жалғасын тауып, «Ұлы Даланың жеті қыры» бағдарламасы бойынша да атқарылатын жұмыстар жайлы айтып өтті. Сонымен бірге «Рухани жаңғыру» жобалық офисінің жаңа құрамымен таныс-тырды. Биыл офис жетекшісі міндетін «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Николай Дычко атқаратын болды.

Жиында облыс әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаев аталмыш бағдарламаның жүзеге асырылуы мен 2019 жылы қолға алынатын шараларға тоқталды.

- 2018 жылы үлкен жұмыстар атқарылды. Бұл ретте «Рухани жаңғыру» жобалық офисінің еңбегі атап өтуге тұрарлық. Осындай игі істі жобалық офистің жаңа құрамы жалғастырады деп сенеміз, - деді Мейрам Бегентаев. - 2019 жылы қазақтың әйгілі ғалымы, қоғам қайраткері Қаныш Сәтбаевтың 120 жылдық мерейтойы ғалым даңқына лайық аталып өтілуі тиіс. Жалпы, «Ұлы Даланың жеті қыры» бағдарламаларын жүзеге асыруда жоғары оқу орындары, зерттеушілер, тарихшылармен бірлесіп атқаратын жұмыс баршылық. 2019 жыл «Жастар жылы» болып белгіленді. Сондықтан жастарды қамту, белсенділіктерін арттыру сынды мәселелерге мән беруіміз керек, - деді ол.

Жиын соңында бағдарламаның жүзеге асуына үлес қосқан және өңіріміздегі мәдениет саласының қызметкерлеріне Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі, Құрмет грамоталары, облыс әкімінің Құрмет грамоталары табыс етілді. Олардың қатарында ҚР мәдениет және спорт министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен марапатталған Совет Әмірханов, мәдениет саласының қызметкерлері - Риза Аяпбергенова, Майя Исакаева - «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен, Гүлзира Бәшірова, Медығат Манапов - ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің грамотасымен, қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіподағының «Еңбек даңқы» төсбелгісімен Қайырбек Қаракесеков, сондай-ақ облыс әкімінің Құрмет грамотасымен Зәуреш Мұқашева, Алтынбек Нухұлы, Самал Айтқазина, т.б. марапатталды.

Сая МОЛДАЙЫП

saryarka-samaly.kz