Жаңашылдықтың бірі ең төменгі мөлшердегі жалақы алатын азаматтарға қатысты болмақ. Естеріңізде болар, Елбасының тапсырмасы бойынша, елімізде ең аз жалақы мөлшері биыл көтеріледі. Сондай-ақ, облыстық мемлекеттік кірістер департаменті басшысының міндетін атқарушы Қуат Белгібаевтың айтуынша, жалақысы төмен тұрғындардан ұсталатын жеке табыс салығының мөлшерлемесі төмендетіледі. Нақтырақ айтсақ, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап төмен жалақы алатын қызметкерлердің айлығынан ұсталатын жеке табыс салығы 10 пайыздан 1 пайызға азайтылды. Мұндай салықтық жүктемені төмендету айлық есептік көрсеткіштің 25 есесінен аз алатын азаматтарға қатысты болмақ. 2019 жылы АЕК мөлшері - 2525 теңге. Яғни, 63 125 теңгеден төмен жалақы алатын қызметкерлердің 42 500 теңгесіне 1 пайыздық жеке табыс салығы қолданылады. Бұрын 10 пайыз ұсталатын. Мәселен, 63125 теңге айлық алатын азаматтың жалақысынан 10 пайыз зейнетақылық аударым алынып тасталады. Бұл – 6313 теңге. Сонда қалған 56 812 теңгеден минималды айлық жалақы – 42500 теңге шегереміз. Ең аз айлықтан жеке табыс салығы ұсталмайды. Демек, (56 812-42 500)* 1%=143 теңге. Осылайша, бұрын мұндай жалақыдан 2711 теңге көлемінде жеке табыс салығы ұсталса, биылдан бастап небары 143 теңге ұсталады. Мамандардың мәлімдеуінше, нәтижесінде бұдан былай бұл азаматтың айына 2568 теңгесі, ал жылына 30816 теңгесі қалтасында қалады.

Тағы бір өзгеріске келетін болсақ, өзін-өзі қамтып отырған тұрғындар үшін салық төлеу тәртіптерін жеңілдету мақсатында Қазақстанда бірыңғай жиынтық төлем жаңа режимін енгізу ұсынылуда. Оған 4 салық кірмек.

2019 жылдан бастап мемлекеттік шекара арқылы жүк өткізу нормалары төмендетілмек. Бұл шешім Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесінде қабылданған. Аталмыш құжатқа сәйкес бұған дейін белгіленген құндық, салмақтық және сандық нормаларына өзгерістер енгізілген. Осы ретте, жеке пайдалану тауарлары Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына кедендік салықсыз кіргізіледі. Бұл өзгеріс жеке тұлғаларға қатысты болып отыр.   Жаңа ережелерге сәйкес автомобильмен, теміржол және теңіз көлігімен сомасы 500 еуроға және салмағы 25 келіден аспайтын тауарлар кедендік салықсыз өткізіледі. Егер бұл мөлшерден асатын болса, азаматтар салықты тауар құнының 30 пайызы мөлшерінде, бірақ, белгіленген квотадан асатын салмақтың әрбір келісі үшін кем дегенде 4 еуродан төлейді. Қазіргі таңда кедендік салықсыз Ресейге 50 келіге дейін сомасы 1500 еуроға дейінгі тауарды өткізуге болады. Әуе көлігімен 10 мың еуроға дейінгі сомаға тауар өткізуге рұқсат етілген. Бұл ережелер өзгеріссіз қалған. Тауардың құнын растайтын құжаты болуы тиіс. Егер ондай қағазы болмаса, тауардың құнын кедендіктер өздігінен анықтауға құқылы. Егер бағалаумен азаматтар келіспесе, тауарды сараптамаға жіберуге болады.

Жоғарыда аталғандардың бәрі жеке тұлғаларға қатысты болса, облыстық мемлекеттік кірістер департаменті мамандары заңды тұлғалармен байланысты өзгерістерді де атап өтті. Солардың бірі - салықтық амнистия. Елбасының тапсырмасымен шағын және орта бизнес үшін негізгі салықты төлеген жағдайда өсімпұлдар мен айыппұлдарды алып тастау қарастырылмақ. Бұл ретте, 2018 жылдың 1 қазанына дейін есептелген айыппұлдар сомасы, ал өсімпұл сомасы негізгі қарызды төлеген датаға дейін саналады.

Сонымен қатар, 2019 жылдың бірінші қаңтарынан бастап тәуекелдерді басқару жүйесі енгізілмек. Бұл бастама салық төлеушілермен қарым-қатынас орнатуда оңтайлы деп есептелуде. Бұл жерде салық төлеушілерді дифференциациясы орын алады. Соған сәйкес салықтық әкімшілендірудің түрлі сатысында тәуекелдерді басқару жүйесінің нәтижелері қолданылады. Берілген салықтық есептер, мемлекеттік органдардың, жергілікті атқарушы органдардың, өкілетті тұлғалардың мәліметтері және өзге де құжаттарды мемлекеттік кірістер мекемелері талдап, салық төлеушілерді тәуекел дәрежесіне қарай үш санатқа – төмен, орташа, жоғары деп бөледі. Ал салық төлеуші тәуекелдің қай дәрежесіне жататынын департаменттің http://kgd.gov.kz ресми сайтынан біле алады. Мамандар тәуекел дәрежесіне қарай салықтық әкімшілендіру шаралары қолданылатынын айтады. Мәселен, тәуекелі жоғары кәсіп иелеріне заңнамада қарастырылған бақылау шараларының бәрі қолданылады. Салықтық міндеттемелерін тиісінше орындамаса, құзырлы орган жағдайдың мән-жайын анықтауға бірден кіріседі.  Тәуекелі орташа бизнес нысандарына әкімшілендірудің стандартты тетіктері қолданылады. Яғни, ескерту, түсіндіру хаты жазылып, семинарлар жүргізіледі. Ал тәуекелі төмен кәсіп иелеріне салықтық тексерістер жүргізілмейді, есептілікті тапсыру, қарызды төлеу мерзімдерін өзгерту түріндегі ықтимал жеңілдік жасау, горизонталды мониторингке қатысу мүмкіндігі беріледі. Бүгінге дейін салық төлеушілерге бірдей шаралар қолданылып келді. Салықты уақытылы төлеп, сенімге кірген заңды тұлғалар уақытша қиындыққа тап келген жағдайда салық органдары олардың кәсіпкерлік қызметіне еш шектеу қоймайды.

Биылдан бастап онлайн-бақылау-кассалық машиналар (БКМ) нарықта сауда жүргізетін әрбір бизнесменде болуы тиіс. Ал 2020 жылдан бастап бұл талап патент негізінде арнайы салықтық режим қолданатын кәсіпкерлерге, сондай-ақ, шаруа қожалықтарына қатысты болады. Жалпы, 2018 жылдың 1 қазанынан бастап онлайн-бақылау-кассалық машиналар қолдануға міндетті салық төлеушілер қатары еселенбек. Мұнда автомобильдер мен жеңіл көліктер сату, сусындардың көтерме саудасы, фармацевтикалық тауарлар, киім саудасы, ломбардтардың қызметі, жылжымайтын мүлікпен түрлі операциялар жүргізетін агенттіктер, жарнамалық агенттіктер қызметі кассалық аппараттармен толық қамтылуы тиіс. Мамандар мұндай қадамдар көлеңкелі экономика деңгейін төмендетуге және бюджетке түсетін салықтық түсімдерді ұлғайтуға септігін тигізетініне сенімді.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

saryarka-samaly.kz