«Павлодар» арнайы экономи-калық аймағының басшысы Айбек Тұрсынғалиевтің ақпаратына сүйенсек, 2018 жылы барлық көрсеткіштер есе-ленген. Мәселен, былтыр аталмыш аймаққа 15 млрд. теңге көлемінде инвестиция тартылған. Оның 7 млрд. теңгесі - тікелей шетелдік инвесторлардың қаржысы. Осылайша, өткен жылы экономикалық аймаққа тартылған жалпы инвестиция 50 млрд. теңгеден 65 млрд. теңгеге жеткен. Былтыр мұнда үш кәсіпорын ашылды. Атап өтер болсақ, олар – жасанды тастан раковиналар жасайтын «RTF - PVL» ЖШС, алюминий силикатты микросфера өндіретін «Металлогамма» ЖШС және қоспалы алюминий шыға-ратын «Leichtmetall KZ» ЖШС. А.Тұрсынғалиев арнайы аймақта өндірілген өнім көлемі де әжептәуір өскенін атап өтті. Бүгінде 70 млрд. теңгеден астам қаржының тауары шығарылған. Бюджетке 3,6 млрд. теңге мөлшерінде салықтық түсім аударылған.

Мамандар өткен жылы жалпы үш бағыт бойынша жұмысты жетілдіруге күш салғандарын мәлімдеді. Яғни, инвес-тиция тарту, инфрақұрылымды дамыту және маркетингтік тұрғыдан жұмысты ширатқан. Былтыр 3 инфрақұрылымдық нысан іске қосылған. Нақтысы, тазарту құрылыстарының екінші кезеңі, оңтүстік бағыт бойынша автомобиль дәлізі және кәріз жүйесі пайдалануға берілді. Биыл да бұл жұмыстар жалғасын таппақ. Биыл жүзеге асатын 5 инфрақұрылым-дық жобаға мемлекет қазынасынан 2,1 млрд. теңге қарастырылуда.

Айбек Тұрсынғалиев былтыр 8 ай ішінде 30 млрд. теңгенің 6 жобасы тартылғанын айтты. Олардың бір бөлігі арнайы аймақта алдағы ақпан айында қазығын қағып, құрылысын бастамақ. Мәселен, «Ертіс нефтесервис» кәсіпорны жанар-жағармайға арналған қоспаларды өндіретін болса, тағы бір жоба бақша өнімдерін өсіруге қажетті химиялық тыңайтқыш шығармақ ниетте.

Биыл «Павлодар» арнайы экономикалық аймағында 5 кәсіпорын ашу көзделген. Аталмыш аймақты әлемге танытып, инвесторларды алыс-жақын шет елден тарту үшін цифрлық форматтағы таныс-тырылымын көптеп тарату ісі қолға алыныпты. Облыс әкімі Болат Бақауов экономикалық аймақ туралы арнайы материал ғаламторда Павлодарды тергенде бірден көзге түсетіндей етіп жасау мүмкіндіктерін қарастыруды тапсырды. Бүгінде «Павлодар» арнайы экономикалық аймағына жұмсалған бюд-жеттің әр 1 теңгесіне 14 теңге көлемінде жеке инвестиция құйылуда.

«Павлодар» арнайы экономикалық аймағының кеңеюіне байланысты қосымша электр қуатын жеткізу мәселесі де көтерілуде. Облыс әкімі Болат Бақауов осы бағытта Павлодар электр желілерін тарататын кәсіпорын арнайы жоба әзірлеп жатқанын мәлім етті.

Тағы бір айта кетерлігі, шетелдік инвесторлар көбінде арнайы аймақта дайын өндірістік алаңдардың болғанын қалайтын көрінеді. Яғни, өзге елдегі өндірістік жабдықтарын жеткізіп, бірден ісін бастауға ниеттілер көп. Бұл ретте, Айбек Тұрсынғалиев кішігірім бірнеше кәсіпорын орналасатындай өндірістік ғимараттар салуды ұсынды. Шамамен 6 мың шаршы метрлік дайын өндірістік алаң салуға 700-800 млн. теңге қажет, деді. Облыс әкімі ұсынысты құптады. Сондай-ақ, Болат Бақауов арнайы аймақта қазіргі таңда сұранысы жоғары өнімдер шығаруға ұмтылыс қажет, деді. Мәселен, бүгінде құрылысқа сэндвич-панельдер молынан қолданылуда. Ақсуда салынып жатқан блогчейн фермалар үшін мұндай материалдар Ресейден әкелінуде.

Жалпы, арнайы аймақ 1200 гектарды алып жатыр. Оның 450 гектарында 10 кәсіпорын, инфрақұрылымдық нысандар орналасқан. Мамандар қалған аумаққа әлі де 25 жобаны жүзеге асыруға болатынын айтады. Жосықсыз инвесторлармен де жұмыс жүргізілуде. Мұндай 13 инвестормен бұған дейін жасалған келісім бұзылыпты. Яғни, арнайы аймақтан жер телімдерін алып, бірақ та ешбір іс тындырмағандардан кәдеге жаратылмаған жерлер кері қайтарылуда.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

saryarka-samaly.kz