Былтырғы жыл соңында елімізде көліктерді утилизацияға қабылдау бағдарламасы іске қосылған болатын. ҚР Энергетика министрлігінің бастамасымен қолға алынған жобаны «Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері операторы» ЖШС жүзеге асыруда. Аталмыш серіктестіктің өңірлік менеджері Алпысбай Мұсалиннің айтуынша, осы уақытқа дейін павлодарлықтардан 848 ескі көлік қабылданды. Оның 760-ы мыжылып, брикеттеуге дайын тұр. Брикеттелген көліктер кейін Қарағандыда салынып жатқан утилизациялау зауытына жіберіледі. Зауыт осы жылдың маусым айында өз жұмысын бастамақ.

- 2017 жылдың 16 қаңтарынан бастап ескі көліктерін ақшаға тапсыратындар үшін бағдарлама оңтайланып, электронды кезек жүйесі енгізілді. Оның екі жолы бар: ӨКМ Операторының Call-орталығына, яғни 8 800 080 08 65 нөміріне хабарласу немесе auto.recycle.kz сайтына кіріп, арнайы форманы толтыру. Көлікті тапсыру үшін небәрі екі құжат керек: автокөлікті есептен шешу жөніндегі анықтама және кез келген екінші деңгейлі банктегі есепшот нөмірі. Әр көліктің нөмірі де дұрыс болуы тиіс. Автокөлікті өткізушінің құжаты жіті тексеріледі. Егер құжат күмәнді болса, оператор 3 жұмыс күні аралығында қабылданған құжаттардың дұрыстығын анықтау мақсатында құқық қорғау органына тапсырады. Сондай-ақ, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетімен бірлесіп, «Көлік құралын жоюға жіберу жөніндегі анықтаманың» бірыңғай формасын әзірлеу қарастырылуда, - деді А.Мұсалин Өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған көшпелі брифинг барысында.

Жоюға тапсырылған танымал көліктердің дені - «ВАЗ-2105», «ВАЗ-2106», «ВАЗ-2101», «ГАЗ-3110», «Москвич-2140» және «Мазда-626» маркалы техникалар. Олардың ең ескісі - Орал қаласының тұрғыны тапсырған, 1948 жылы шығарылған «Москвич» автокөлігі. Ал утилизацияға жіберілген құралдардың ең жаңасы – 2007 жылғы. Бағдарлама аясында қабылданған көліктер шамамен 25-30 жыл иелеріне қызмет еткен.

Ауылдағы ағайынға көлікті өткізу қиындық тудырмас үшін жылжымалы мобильді бекет осы жылдың екінші жартыжылдығында жолға шықпақ. Оның бағыты облыстық және аудан-қалалық әкімдіктермен анықталатын болады.

Бастысы, ескі көліктің бағасы арзан емес. Олар бірінші және екінші санат бойынша бағаланады. Егер көліктің төрт есігі, төрт дөңгелегі, қозғаушы моторы, аккумуляторы, радиотары мен беріліс қорабы болса, бірінші санатқа теңестіріліп, иесіне 150 мың теңге беріледі. Ал жоғарыда аталған бөлшектердің бірі болмаса, ол екінші санатқа, яғни 48 мың теңгеге бағаланады. Елімізде тек 17 көлік екінші санатқа лайық деп танылған екен. Тиісті сома көлік өткізушінің есепшотына 15 күн аралығында аударылады. Айта кетелік, бағдарлама іске қосылғалы республика көлемінде 13 535 автокөлік қабылданды. Олардың иелеріне 2 028 516 000 теңге аударылды. Ал аймақ бойынша бұл мақсатқа 127 200 000 теңге бөлінді.

«Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемесі операторы» ЖШС өкілі Жомарт Рахымжан жуық арада тапсырылған көліктерді сертификат-тарға ауыстыру жүйесі енгізілетінін айтты.

- 2017 жылдың бірінші жартысында тозығы жеткен көліктерді тапсырушыларға сертификат беру бағдарламасын іске қосу жоспарланып отыр. Бағдарлама ереже-сіне сәйкес М1 санатындағы, салмағы 3,5 тоннадан аспайтын, жеті орынға дейінгі жеңіл автокөлік құралдары қабылданады. Істен шыққан машинаны жоюға өткізген көлік иесіне белгіленген соманың сертификаты табысталады. Сол құжат негізінде Қазақстанда шығарылған жаңа автокөлікті жеңілдікпен сатып алуына болады. Осылайша, елімізде ескі көлікті ақшаға тапсырумен қатар сертификатқа алмастыратын бағдарлама жүзеге аспақ, - деді Жомарт Рахымжан.

Бағдарламаға қатысушыларға байланысты салық өзгерістері қарастырылған. Табыс салығының көлемі төлем көзінен оператор арқылы ұсталады. Яғни, көлік иесі немесе өткізуге сенім білдірген адам (көлік иесінің атынан әрекет етуші) салық төлемейді.

Ескі көліктерді қабылдау осы жылдың соңына дейін жалғасады. Жалпы, биыл еліміз бойынша барлығы 40 мың көлікті утилизациялауға квота беріліп отыр.

Сағындық ХАМЗА, тұрғын:

- Жүргізушілер үшін ескі көліктерді утилизацияға тапсыру тиімді. Біріншіден, әр көлік үшін 150 мың теңге беріледі. Қазір мен ескі көлікті қайта қалпына келтірсем, де оны 70-80 мың теңгеден қымбатқа сата алмаймын. Керісінше, жөндеу жұмыстарына қаржы жұмсап, шығындаласын. Екіншіден, экологиялық тұрғыдан тазалықты сақтайды. Жарамсыз көлік ауыл, қала көркін кетіргеннің орнына брикеттеліп, кәдеге жарағаны әлдеқайда жақсы.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz