Павлодар қалалық №4 емханасының бас дәрігері Арман Отарбековтің айтуынша, жас мамандардың аталмыш бағдарламаға қатысуы үшін 1 млн. теңге көлемінде алғашқы жарнаға көмек көрсетілуде. Бұл қаржыны қызметкерлердің қайтармайтынын атап өткен жөн. Олар бар болғаны келісімшартқа сәйкес 5 жыл емханада жұмыс істеуі тиіс. Бүгінде мұндай көмек 5 қызметкерге көрсетіледі деп жоспарлануда. Оның ішінде банкке жүгінген алғашқы 2 маманның өтініші мақұлданған. Олардың қатарында Әсел Қадырова да бар. Емхананың жалпы практикалық дәрігері бір бөлмелі пәтерді Тәуелсіздік даңғылы, 233-үй мекенжайы бойынша алған. Құны 6 миллион 711 мың тұратын баспананы «Қазақстан Халық Банкі» акционерлік қоғамы арқылы 15 жылға рәсімдепті. Жалпы практикалық дәрігер Салтанат Жұмаділова Суворов көшесі, 53-үй мекенжайындағы тұрғын үйден бір бөлмелі пәтердің құжаттарын рәсімдеуде. Жалпы аумағы 38 шаршы метрді құрайтын баспананы «Қазақстан Халық Банкі» акционерлік қоғамы арқылы 25 жылға алмақ. Пәтер құны 6 миллион 700 мың теңгені құрайды.

- 2017 жылы Қарағанды мемлекеттік медициналық университетін тәмамдаған соң, Павлодар қаласындағы №4 емханаға жұмысқа тұрдым. Баспана - үйі жоқ адамдардың бас ауруына айналған мәселе. 2 жылға жуық уақыт еңбек етіп, мекеме тарапынан көрсетіліп отырған қолдауға ие болғаныма қуанамын. Себебі бұған дейін пәтер жалдап тұратын едім. Енді «7-20-25» бағдарламасы арқылы алған жаңа баспанама ай сайын 37 мың теңге төлеймін. Сондықтан емхана басшылығына айтар алғысым шексіз. Алғашқы жарна мөлшерін қайтармай, келісім шарт арқылы 5 жыл қызмет істегісі келетіндер осы мүмкіндікті пайдалануы тиіс. Бұл уақыт ішінде білікті мамандармен қанаттаса еңбек етіп, тәжірибе жинап шығатыным анық, - дейді Салтанат Ерланқызы.

Жоғарыда осындай көмек 5 дәрігерге көрсетілетінін айттық. Демек, биыл тағы 3 жас маман баспана алуы мүмкін. Мұндай қолдау арқылы емханаларда маман тапшылығы мәселесі де шешіледі деген ойдамыз.

Айдана ҚУАНЫШЕВА

saryarka-samaly.kz