(Басы газеттің 2018 жылғы №136, 140, 2019 жылдың №1 санында).

Кеңес заманындағы жаппай қудалау саясаты «Қызыл ту» газетінің қызметкерлерін де айналып өткен жоқ. 1936-1938 жылдары газетті Әубәкір Аяпбергенов басқарған. Өкінішке қарай жауапты редактор «халық жауы» деген жаламен ұсталып, 1938 жылы атылып кетті. Ә.Аяпбергеновтен соң басылым тізгіні Сары Мыңбаевтың үлесіне тиді. Ол газетті 1942 жылға дейін басқарып келді.

50-жылдардың басында редакция ұжымы шағын болған. Партия-насихат, ауыл шаруашы-лығы, өнеркәсіп және хат бөлімдерінде үш әдеби қызметкер, редактор, орынбасар, жауапты хатшы қызмет еткен. Екі беттік газет жұмасына бес рет шығып тұрған. Ол кезде партия тұрмысын Қарпықов Жылқайдар, ауыл шаруашылығы бөлімін Қаби Көпбаев, өнеркәсіпті Қапай Әміров, хат бөлімін Кәрмұқан Бекбергенов, секретариатты жауапты хатшы Хасанат Ысқақов басқарған, ал Әділбек Жұмаділденов партия тұрмысы бөлімінің әдеби қызметкері болған. Редакция осы бес бөлмелі үйде 1954 жылға дейін тұрған. Сол жылы тың игерілуге, газеттің төрт бет болып шығуына байланысты қызметкерлердің саны артады. Жаңадан бөлімдер ашылып, редакцияға жаңа қызмет-керлер, журналистер қабылдана бастады.

Редакторлар да жаңарады. Он жыл басшылық еңбек еткен Хамза Сыздықовтың орнына Әзілхан Нұршайықов келеді. Облыстық партия комитетінің алдына үйдің тарлығы жөнінде мәселе қойылған соң, редакция Ленин көшесінің бойынан қазіргі Естай көшесінің қиылысқан бұрышын-дағы 7-8 бөлмелі бір ағаш үйге орналасады. Газет көлемі-нің ұлғаюына байланысты басқа жақтан журналистер шақы-рылған. Осы кезде Семей қала-сынан Мұздыбай Жөкенбаев, Айтқали Тайланбеков, Тұрсынғали Жұмагелдин келеді.

1953-56 жылдары «Қызыл ту» газетіне Әзілхан Нұршайықов редакторлық еткен. Бұл жылдары Садық Бапиев редактордың орынбасары, Хасанат Ысқақов жауапты хатшы, Ғаббас Әміров редакцияның хат бөлімінде, Кәрмұқан Бекбергенов ауыл шаруашылығы бөлімінде, Тұрсынғали Жұмагелдин насихат және үгіт бөлімінде, ақын Әбдікәрім Ахметов мәдениет бөлімінде меңгеруші, ақын Төлеужан Ысмайылов, Көкеш Әміржанов, Зейнелқабиден Әйтімов әдеби қызметкер болып қызмет еткен. Екі беттік газет кейін төрт бетке көшіріледі. Журналист кадрларының тапшы кезінде осы кісілер газет шығаруда күні-түні аянбай қыз-мет еткен. «Олардың бәрі де газеттің жұмысына жан-тәнімен берілген адал азаматтар болатын» деп еске алады Ә.Нұршайықов редакцияның ыстық-суығын бірге көрген әріптестері жайында.

Ә.Нұршайықов газетте редактор болып қызмет еткен кезінде ұйымдастырушылық жұмыстар мен жеке шығармашылығын қатар алып жүреді. 1955 жылдың соңында өткен Май аудандық партия конференциясына қатысқан редактор газетке әдеттегі есеп емес, «Село коммунистері» атты очерктер топтамасын береді. Онда Май ауданының азаматтары аупарткомның бірінші хатшысы М.Әбілқасымов, ауатком төрағасы Байқуатов, колхоз төрағалары Б.Жанақов, Қ.Сейітқазин, А.Жұманбеков және соғыс ардагерлерінің бейнелерін жасайды. 1956 жылы осы очерктері «Алыстағы ауданда» атты жеке кітап болып шығады. Ол 1958 жылы Павлодар облысына шығармашылық сапармен келген заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің қасында еріп жүріп, ұлы қаламгердің жұртшылықпен кезде-суінен де очерк береді. Алғашқы очерктер жинағынан кейін Әзілхан Нұршайықов Ертістің Павлодарға қарасты өңірінен «Тың астығы» (1958 ж.), «Ертіс жағасында» (1959 ж.) «Жомарт өңір» (1960 ж.) атты үш көркем очерктер жинағын береді. Бұл кезде Ә.Нұршайықов «Социалистік Қазақстан» газетінің Павлодар облысындағы меншікті тілшісі қызметін атқарған.

Тың эпопеясының жылнамасын жазуда көптеген журналист шығармашылық белсенділігі мен шеберлігін танытқан. Сол кезеңде редакцияда қызмет істеген Садық Бапиев, Кәрмұқан Бекбергенов, Жылқайдар Қарпықов, Қаби Көпбаев, Әбдіш Баймұрзин, ақын Мүбәрак Жаманбалинов, тағы басқа журналистер диқандар арасында жиі болып, очерктер, репортаждар жариялап тұрған.

Тың игерудің алғашқы жылдарындағы зор жетістіктер диқандардың еңсесін көтеріп, жігерін тасытқанымен, бұл істе қиындықтар мен кедергілер де кездеседі. Жер эрозиясы мәселесін шешу күн тәртібіндегі ең өзекті тақырыпқа айналды. Осыған орай «Қызыл ту» газеті егіншіліктің жаңа жүйесін насихаттауға арналған көптеген мақалалар жариялайды. Жерді аудармай жырту, дақылдарды жолақты әдіспен орналас-тыру, эрозияға ұшыраған жерлерді көпжылдық шөптер егу жолымен шалғындандыру, эрозияға қарсы арнаулы техника жасау және қолдану шаралары газет бетінде пәрменді жүйелі түрде насихатталады. Осы шараларды табандылықпен жүзеге асыру нәтижесінде алпысыншы жылдардың орта шенінен бастап облыста жер эрозиясының зиянды зардаптарына тосқауыл қойылады. «Қызыл ту» газеті тың игерудің артықшылықтарын ғана емес, кемшіліктерін де жаза отырып, күрделі мәселенің шешімін табуына зор үлес қосады.

1956 жылы редактор болып Омарғали Құдышев тағайын-далады. Жаңа редактор жұмыс-ты жаңаша бастайды. Жылқайдар Қарпықов орынбасар болып тағайындалады. Журналистер Мұздыбай Жөкенбаев партия тұрмысының, Тұрсынғали Жұмагелдин насихат бөлімінің меңгерушісі болады. Хат бөлі-мінің меңгерушісі Әділбек Жұмаділденов жаңадан ұйым-дастырылған хабар бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарады. Көпті көрген, қаламы ақ қағазда аттай жорғалайтын майталман журналистің редакция басшы-лығына келуі журналистердің еңсесін көтеріп, қызметке деген құштарлықтарын арттыра түседі.

50-60 жылдардың орта шенінде Ертістің алюминийі, мұнай айдау, ферроқорытпа зауыттары-ның, аймақтық электр станциясының құрылыстары, Екібастұз көмір өндіру, тың және тыңайған жерлерді игеру кеңінен өрістеген қауырт кезең еді. Облыс экономикасын жан-жақты көрсету, оның келелі проблемаларын көтеру, еңбек адамдарының озық тәжірибелерін, ұтымды жұмыс тәсілдерін тарату газеттің басты тақырыптарына айналған.

(Жалғасы бар.)

Торғын ОРАЗАЛЫ.

saryarka-samaly.kz