- Нұржамал Шаймұқанқызы, міндетті зейнетақы жарнасын төлеуден босатылғандардың бірі фрилансерлер екен. Жалпы, көпшілікке түсінікті болу үшін айтып өтсеңіз, «фрилансерлер» деген кімдер?

- «Freelance» сөзі ағылшын тілінен аударғанда «штаттан тыс» деген мағынаны білдіреді, яғни ешқандай жұмыс беруші компанияның құрамында жоқ, тапсырыс берушіні өз еркімен таңдайтын, өз жұмыс уақытын өзі реттейтін кәсіп иесі. Олар түрлі компания мен тапсырыс берушіге жұмыс істейді. Бұл қызметтегілердің санатына табысын көбейту мақсатында бірнеше жұмысты қатар алып жүретін адамдарды жатқызуға болады.

Ал ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында Үкімет қаулысымен фрилансерлердің міндетті зейнетақы жарналарын төлеу тәртібін белгілеу ережелеріне өзгерістер енгізіледі. Бұл санатқа жатқызылатын азаматтар үшін міндетті зейнетақы жарналарын төлеудің тәртібі 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап жүзеге асырыла бастады.

- Қазіргі таңда елімізде еңбек келісімшарты бойынша қос қызметті қатар атқаратын азаматтар өте көп. Бұл ретте зейнетақы жарнасын төлеу қалай іске асырылады?

- Азаматтық-құқықтық негізде еңбек келісімшарты бойынша жұмыс істеп жүрген жеке тұлғалар үшін міндетті зейнетақы жарнасын заңды тұлғалар, жеке кәсіпкерлік және жеке тәжірибемен айналысатын тұлғалар төлейтін болады. Сондай-ақ азаматтық-құқықтық келісімшарт бойынша жұмыс істеп жүргендер жеке тұлғалармен келісімге отырғандардың жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу құқы сақталады. Олар өз бетінше міндетті зейнетақы жарнасын төлей алады. Яғни жарнаға төленетін соманы салымшы өзінің табысына қарай таңдайды.

- Үйінде отырып табыс табатын, бірақ заңдастырылмаған жеке кәсіпкер және жауапкершілігі шектеулі серіктес ретінде еш жерде тіркелмеген тәуелсіз жұмысшылар салықты қалай төлейді? Жалпы, оларды қалай анықтайсыздар?

- Иә, үйде отырып табыс табатын, бірақ сіз айтқандай заңдастырылмаған, еш жерде тіркелмеген кәсіпкерлер баршылық. Олар табыс тауып отырғаннан кейін мемлекетке салық төлеуге міндеттеледі. Бізде мұндай тұлғаларды анықтайтын арнайы ұйымдар бар. Мынаны айта кетейін, 2018 жылдың 27 желтоқсанындағы ҚР «Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту мәселелері бойынша бірқатар заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына енгізілген түзетулер міндетті зейнетақы жарнасын төлеу процедураларын оңтайландыруға бағытталған. Енгізілген өзгерістер осы санаттағы жұмыс істейтін азаматтардың, депутаттық корпус өкілдерінің, бірқатар заңды тұлғалардың, «фрилансер» қызметін пайдаланып отырғандардың басым бөлігінің пікірін назарға алып отыр. Қабылданған заңнамалық өзгерістерді жүзеге асыру үшін 2019 жылдың бірінші тоқсанында тиісті ережелерге өзгерістер енгізілетін болады.

- Берген түсініктемеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан – Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ.

saryarka-samaly.kz