Өкінішке қарай, аталған қайғылы оқиғадан кейін әлеуметтік желіде ұлтаралық алауыздықты қоздыратын арандатушы үндеулер тарай бастады. Себеп оқиға орынында болып отыр. Ретімен баяндайық. Жаңа жыл түні Қарағандының «Древний Рим» мейрамханасында болған жаппай төбелестен 23 жастағы Дархан Құрмашев есімді жігіт көз жұмды. Тағы үш адам жарақаттанып, ауруханаға жеткізілген. Олардың біреуі жансақтау бөліміне түскен. Кейін әлеуметтік желіде «төбелесті мейрамханаға иелік ететін армян ұлтының жігіттер бастады» деген ақпарат тарады. Қаңтардың 2-сі күні төбелес болған жерге ондаған тұрғын жиналып, мейрамхананы жабуды, айыптыларды жауапқа тартуды талап етті. Адамдар жиналған маңда полиция күзеті де күшейді. Қарағанды прокуратурасы халықты арандап қалмауға шақыруда.

Қаңтардың 3-і күні полиция төбелесте ұлтаралық сипат жоғын, «Адам өлімі» және «Бұзақылық» баптары бойынша іс қозғалғанын мәлімдеді. Полиция төбелестен кейін күдіктілер Торгом Малхасян, Сохак Малхасян ұсталғанын, Нарек Гурурянға халықаралық іздеу жарияланғанын хабарлады. Соңғысы, төбелестен кейін шекара асып үлгерген.

Марқұмның жерлеуінен кейін ондаған қарағандылық облыстық ішкі істер департаментіне келіп, тергеу туралы ақпаратты талап етті. Олардың бірнешеуін билік өкілдері ішке кіргізіп, тергеу бастал-ғанын, кінәлілер жазаланатынын айтты.

Қаңтардың 6-сы күні жүздеген адам Қарағанды орталығына жиналып, кісі өлтірген адамды ұстауды талап етті. Наразыларға Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов шығып, іс соңына дейін әділ тексерілетінін айтып, уәде берді. Тек, өңірдің билік өкілдері азаматтардан арандатуға жол бермеуді сұрап отыр.

Сол күні Қарағандыдағы армян диаспо-расының өкілдері бейне үндеу жариялады. Онда: «Біз, Қарағанды облысының армян диаспорасы, 1 қаңтарда жанжал салдарынан жас жігіттің ажал құшқанына қатты өкінеміз. Өкінішке қарай, бұл оқиғаға армян ұлты өкілдері де қатысқан. Біз қаза тапқан жігіттің отбасы мен жақындарына қатты қайғырып көңіл айтамыз», - делінген мәлімдемеде. Сондай-ақ, армян диаспорасы қылмыскерлердің қай ұлт өкілі болса да, жазаға тартылғанын қалайтындарын айтты. Қаңтардың 7-сі күні интернетте өзін Нарек Гурурян деп таныстырған ер адамның бейнежазбасы тарады. Онда ер адам «төбелеске қатысқанын, бірақ ешкімді өлтірмегенін» мәлімдеді. Ол «егер қауіпсіздік пен ашық тергеуге кепілдік болса, Қазақстан билігіне берілуге дайын» екенін айтты.

Қаңтардың 8-і күні Астанада Қазақстан ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Жанат Сүлейменов Қарағанды қаласында болған оқиғаға байланысты ресми мәлім-деме жасады.

- Тергеу жұмыстары барысында қонақтар тарапынан 14 адам және мейрамхана персоналы тарапынан 9 адамның төбелеске қатысқаны анықталды. Егер сіздер фотосуреттен байқасаңыздар, мейрамхана аумағы мен залы үлкен территорияға ие. Сол күні мейрамханада 400-ге жуық адам болған. Түнгі үште олар мейрамхананы жабады. Түнгі сағат төртте қонақтарға мейрамхананың жабылатыны жөнінде ескертілген. Дәл осы ескерту төбелестің басталуына себеп болған. Осыдан кейін қонақтар мен персонал өкілдері сөзге келіспей қалған. Бұның арты жаппай төбелеске ұласқан», - деді Ж.Сүлейменов.

Қайғылы оқиғаға қатысты Армения елінің ресми тарапы да мәлімдеме жасады. Аталмыш елдің сыртқы істер министрінің орынбасары Шаварш Кочарянның айтуынша, екі тарап жаңа жыл түніндегі төбелестің тұрмыстық деңгейде болғанына сенімді. Бүгінде ресми Ереван мен Астана бұл жағдайды қатаң бақылауға алып, тығыз байланыс жасап отыр.

Данияр ЖҰМАДІЛ

saryarka-samaly.kz