Былтыр республика көлемінде «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 100 мыңға жуық тұрғын үй қолданысқа берілген. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметтері бойынша 2018 жылы елімізде 12,1 млн. шаршы метр, яғни шамамен 100 мың тұрғын үй пайдалануға беру жоспарланған. Өткен жылдың 11 айының қорытындысы бойынша жоспар орындалуға жақын қалған. 12 ай қорытындысы бойынша меже толық көлемде орындалады деп күтілуде. Жалпы, өткен жылы еліміздің барлық өңірінде дерлік қолданысқа берілген тұрғын үй көлемі өскен. Бір жыл ішінде мемлекет салған 1 теңгеге 5,5 теңге мөлшерінде жеке инвестиция тартылған.

Биыл елімізде «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында барлық қаржы көздерінен 13 млн. шаршы метр баспана салу көзделген. Мамандардың айтуынша, «Нұрлы жер» бағдарламасы жүзеге асқан уақытта қазақстандықтардың жеке тұрғын үй құрылысына қызығушылығы артқан. Жер телімін алуға кезекте тұрған кез келген азамат бағдарламаның бұл бағытының қатысушысы атана алады. Айта кету керек, 2017 жылы жеке тұрғын үй құрылысы бойынша пилоттық жоба іске қосылды. Яғни, мұндай учаскелерде бір сәулеттік стильдегі үйлер салынады. Әкімдікте жер телімін алуға кезекте тұрған азаматтар жеке тұрғын үйлерді ақшалай сатып алуға немесе Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы жеңілдікті несиемен рәсімдеуіне болады. Бұл жоба былтыр да елімізде жалғасын тапқан. Қазақстан көлемінде жеке тұрғын үй құрылысы жүргізілетін 40 мың жер учаскесіне инженерлік коммуникация-лар тартылған.

Сонымен қатар, тұрғын үй құрылысы нарығын дамытудың кешенді шаралары қолға алынған. Бұл ретте, банктік несиелерді арзандату үшін «Даму» АҚ арқылы мемлекет субсидия беруде. Үкімет 2020 жылға дейін «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 152 млрд. теңгеге субсидияланған кредиттер беруді жоспарлап отыр.

Елбасы әрбір тұрғынның баспаналы болуын басты мәселе деп қарайды. Сондықтан құзырлы министрлік тұрғын үйлер салу қарқынын өсіру, бөлінген қаржының тиімді игерілуін тұрақты бақылауда ұстайды.

Әзірлеген – Г.МАҒЖАН.

saryarka-samaly.kz