«Сағып» шаруа қожалығының басшысы Төлеу Құшманованың айтуынша, өндіріс қарқынын арттыру мақсатында ауқымды істер қолға алынбақ. Бүгінде кәсіпорын күніне 120-150 литр қымызды нарыққа шығарып отыр. Сондай-ақ, 25-30 килограмм құрт өндіреді. Аталмыш шаруашылық өнімдері павлодарлық супермаркеттерден бөлек, Астана қаласы мен Ресей еліндегі сауда орындарында сатылады. Ендігі ретте Қытаймен де өзара сауда байланысы орнауы мүмкін.

- Қытайлық әріптестер тарапынан сұраныс бар. Әйтсе де, келісімшарт жасар тұста Қазақстан мен Қытай арасында сүт өнімдерін сатылымға шығаруға қатысты тиісті құжаттың жоқ екенін анықтадық. Қазіргі таңда рұқсатқағазды күтіп отырмыз. Қос елдің арасындағы сауда жолы ашылған тұста, өнімдерді экспорттауға әзірміз. Бұл ретте айта кетерлігі – біздің шаруашылықта сиыр жоқ. Құрт дайындау үшін күн сайын сүтті сатып аламыз. Ал таяу уақытта 20-30 сауын сиыр алмақ ойымыз бар. Сол кезде шикізатқа тәуелді болмай, өнімділікті арттыруға мүмкіндік туады, - дейді Т.Құшманова.

Кәсіпкердің тағы бір жоспары - қақталған қазы мен шұжық шығаратын цех ашу.

- Жергілікті инвесторлардың көмегімен бие санын 100-ге жеткізіп, 50 бас жылқыны бордақылау алаңына қоямыз. Барлық құжат дайын болған соң қақталған қазы мен шұжық дайындайтын цехты іске қосамыз. Оған қажетті мал соятын орын бар әрі тиісті талаптарға сай келеді, - дейді кәсіпкер.

Айта кетелік, кәсіп аясының кеңеюі қосымша жұмыс орындарын ашуға да жағдай жасауы мүмкін. Бүгінде шаруашылықта 7 адам жұмыс істейді.

Өз тілшіміз.

saryarka-samaly.kz