«Цифрлық Қазақстанның» жемісі

Мемлекеттік хабар таратудың жаңа стандарты саналатын цифрлы эфирлік тарату - «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының бір бағыты. ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің ұйымдастыруымен цифрлы эфирлік телевизияға көшу әкімшілік-аймақтық бірлік мерзіміне сәйкес, қолданыстағы хабар таратудың аналогты желілерінен кезең-кезеңімен ажырату арқылы іске асырылмақ. Цифрлық жүйеге көшу негізі халықаралық келісімдерге байланысты іске асып отыр. 2006 жылы Женевада аналогты телехабар таратудан цифрлыққа көшу бойынша халықаралық конвенция қабылданғаны мәлім. Келісімге 100-ден аса ел өкілдері қол қойды, оның ішінде Қазақстан да бар.

Қазақстан Республикасының жаңа цифрлық технологияларға көшуі бойынша жобаны іске асыру міндеті саладағы ұлттық оператор – «Қазтелерадио» АҚ-на тапсырылды. «Қазтелерадио» өткен ғасырдың 50-ші жылдарынан бастап барлық магистральді радиорелелік жолдарды, қуатты радио-телевизиялық орталықтарды салды. Бұл салада тәжірибесі мол. Біздің елімізде цифрлық хабар тарату кезең-кезеңмен құрылуда. Жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленді және бекітілді, тест сынаулары және еуропалық келешегі зор саналатын «DVB-T2» хабар тарату стандарты таңдалды. Оның енгізілуі радиожиілік ресурсын неғұрлым тиімді пайдалануға, телевизиялық сигналдың сапасын арттыруға ықпал етеді дейді мамандар.

Атап өтейік, ел бойынша 2020 жылға дейін барлығы 827 радиотелевизиялық станция салу және жаңғырту жоспарланған. Алматыдағы «Көктөбе» телемұнарасында ең заманауи жабдықпен жабдықталған цифрлық эфирлік хабар тарату желісін басты басқару және мониторингтеу орталығы қазірдің өзінде жұмыс істеуде. Мұнда елдің барлық станцияларынан келіп түсетін ақпараттарды жинау және талдау нақты уақыт режимінде жүзеге асырылады. Резервтегі орталық Астанада.

Аналогты жерүсті желісі бойынша қазақстандықтардың жартысына ең көбі 3-4 отандық телеарна қолжетімді. Қайбір жылдары көбірек ақпарат алу мақсатында, әсіресе ауылдық елді мекен тұрғындары үй шатырларында шетелдік жерсеріктік операторлар қызметіне қолжетімділігі бар «тәрелкелер» орнатты. Кейіннен «Отау ТВ» жерсеріктік жүйесі миллиондаған отандастарымызға отандық арналарды цифрлы форматта көруге мүмкіндік берді. Енді, цифрлық технологияны енгізгеннен кейін, аймақтарға, ең шалғайдағы және қолжетімділігі қиын ауыл тұрғындарына да 15-ке дейінгі қазақстандық телеарналар қолжетімді болады.

Естеріңізде болса, 2012 жылы Индуст-рияландыру күніне арналған телекөпір аясында Мемлекет басшысы телехабар таратудың цифрлық эфирлік (жерүсті) желісін іске қосқаны мәлім. Президент цифрлық хабар таратуды енгізу үдемелі индустрияландырудың тармақтарының бірі деп атады. Жерүсті отандық телеарналарды цифрлық сапада тегін көру мүмкіндігін бірінші болып Астана, Алматы, Қарағанды, Жезқазған және Жаңаөзен қалалары мен оларға жақын орналасқан елді мекендер тұрғындары иеленді. Қазіргі кезде республика бойынша жалпы саны 500-ден астам радиотелевизиялық станция цифрлық пайдалануға енгізілген екен. Облыс орталықтары және Астана, Алматы, Шымкент қалалары стандартты анықтықтағы 30-ға дейінгі телеарналарды, ал аудандық, ауылдық аймақтар 15-ке дейінгі телеарналарды тегін көре алады.

Жоспар бойынша 2020 жылы, яғни соңғы кезеңде цифрлық эфирлік хабар тарату (ЦЭХТ) республика халқының 95%-ын қамтиды. Былтыр қазан айында Маңғыстау облысы бұл жүйеге толықтай көшсе, желтоқсан айында Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстары жаңа жиілікті игерді. Ал биыл Алматы, Павлодар, Қостанай облыстарын қамту жоспарда тұр.

Бұл жүйе арқылы берілетін SD-HD сапасындағы телеарналардың басымдығы көп. Ең алдымен барлық арналар цифрлы кескінде және дыбыста беріледі. Аналогты арналардағыдай көмескі кескіндер атымен болмайды. «Балапан» және «Kazsport» секілді арналар енді әрбір үйде қолжетімді болады. Осы арқылы елдің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ауыл және қала тұрғындары арасындағы ақпараттық теңсіздікті төмендету бойынша өте маңызды мәселе шешіледі.

«Qazaqstan» мен «Хабар» жоғала ма?

Ел арасында бүгінде «Qazaqstan», «Хабар» секілді отандық арналар ауылдық жерлерде бұдан былай көрсетілмейді екен» деген алып-қашпа әңгімелер жиілеп кеткені жасырын емес. Иә, рас, аналогты сигнал бойынша алдағы шілде айынан бастап ол арналар облыста жоғалады. Оның орнына сапасы жоғары цифрлы эфирлік таратылым келеді. Отандық арналар сол арқылы көрсетіледі әрі олардың саны ауылдарда 15-ке дейін көбейеді. Тамаша емей, немене?!

Тұрғындар қазірде цифрлық форматтың артықшылығын ұғынбай отырғаны да анық. Оның ескі жүйеге қарағанда басым екенін түсіндіріп көрелік.

Ең алдымен цифрлы телевизия баламалы жүйеге қарағанда тұрғындар үшін пайдалы екенін айтайық. Себебі арналарды қабылдайтын жиілік спектрі үнемді келеді. Мәселен, 8 МГц жолағында баламалы ТВ бойынша небары 1 арна ғана орналасса, цифрлы қабылдауда ол жолаққа 6-дан 10-ға дейін арналар сыйып кетеді. Яғни, болашақта арналар саны жүздеп көбейетін болса, үйіңіздегі теледидар оларды қабылдауда ешбір қиындық көрмейді. Ең басты артықшылық – ауылдар бұрынғыдай 3-4 емес, 15 телеарнаға дейін тегін көре алады. Кабельдік ТВ секілді ақша төлеудің қажеті жоқ. Екіншіден, цифрлы таратуды түрлендірудің қажеті жоқ. Қазір арналардың барлығы дерлік бейне және аудиожазбаларды цифрлы форматта түсіреді. Ол эфирге солай жіберіліп, тұтынушыға қаз-қалпындағы сапада жеткізіледі. Үшіншіден, қозғалыста келе жатып та ұялы байланыс арқылы көру мүмкіндігі ұлғаяды. Еуропада мәселен DVB-T2 стандарты автокөліктерде, ұшақта, поезда кең таралған. Ол тәжірибе бізде кештеу болса да енгізілуде. Ал баламалы ТВ-ны көлікпен келе жатып көру мүмкін емес. Төртіншіден, цифрлық эфир арқылы кескін ешқашан көмескіленіп немесе солғын күйде берілмейді. Көрермен айқын картинкалардан айрықша ләззат алатындығы анық. Бесіншіден, телебағдарламасы бар газет іздеп жүгірмейсіз. Жаңа жиіліктегі арналардың әрқайсында EPG (электронды телебағдарлама) жұмыс істейді. Ол арқылы ағымдағы және алдағы бағдарламалар мен хабарлар туралы ақпаратты экраннан көре аласыз. Алтыншыдан, цифрлы арна арқылы бесканалды дыбыстау беріледі. Бұл дыбыстау әсіресе кинофильмдер көру кезінде айрықша қажет.

Цифрлы хабар таратудың артық-шылықтары мұнымен шектелмейді. Бұлай дейтініміз, ерекшелігі басым жаңа бағдарлама мәзірі екі тілде, қазақ және орыс тілдерінде жасалған. Хабарлардың электронды бағдарламасы, жаңалықтар мен өзгерістер және профилактикалық жұмыстар туралы тв-пошта арқылы теледидар экранына хабарлама түрінде жіберілетін болады.

Теледидардың барлығы жарамды

«Қазтелерадио» АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары Амангелді Жұмадировтың айтуынша, әлем бойынша цифрлы таратудың бірнеше стандарттары бар. Олар - америкалық ATSC, еуропалық DVB және жапондық ISDB. Бұл стандарттар бір-бірінен пайдаланатын жиіліктері, модуляциялық әдістері және сигнал қабылдаудың әртүрлілігі бойынша айрықшаланады. Қазақстан соның ішінде еуропалық DVB жүйесін қабылдады. DVB жүйесінің өзі кабельдік, жерсеріктік және жерүстілік болып бөлінеді. DVB-Т2 жүйесі – Қазақстандағы цифрлы эфирлік хабар тарату стандарты.

- Бұл жүйеге шалғай жатқан елді мекендердің барлығы да қосыла алады. Қазақстанда 2013 жылдан бері шығарылып, сатылып жатқан теледидарлар цифрлы арналарды өздігінен қабылдай береді. Ал одан ескі теледидарларға қосымша құрылғы - цифрлы қабылдағыш сатып алу қажет. Бір жақсысы, бұл құрылғылар ескі киноскопты, яғни тек баламалы сигнал қабылдай алатын теледидарларды да цифрлы арналарды көрсетуге «мәжбүрлей» алады. Цифрлы ресивер жерүсті цифрлық телеарналардың сигналын өзіне тартып алады да, арнайы қосқыш сымдар арқылы теледидарға береді. Кәдімгі жерсеріктік «Отау ТВ» ұлттық операторының үйге орнататын қабылдағыштары секілді. Бірақ, бұл цифрлы құрылғылар олардағыдай «тәрелкені» қажетсінбейді. Қазір ауылдарда үйлердің шатырларында шошайып тұрған антенналар цифрлы арналарды қабылдай алады. Тек бар мәселе теледидардың оны қабылдай алуында және арналарды баптай білуде, - дейді А.Жұмадиров.

Байқап көргеніміздей, қазіргі күні цифрлы қабылдағыштардың бағасы жергілікті нарықта 4-5 мың теңгеден басталады. Қытайдың арзанқол құралдары мен Қазақстанда құрастырылған «Отау ТВ» брендімен сатылатын қабылдағыштарды облыста ресми дилерлер кеңінен саудалап отыр. Мәселен, Павлодар қаласында 3 бірдей дилер жерсеріктік және цифрлы эфирлік ресивер-қабылдағыштар сатады. Бағасы әртүрлі.

- Павлодар, Ақсу қалалары бойынша 50 шақырым радиуста цифрлы эфир ұстап тұрғанын айтқан абзал. Яғни қала мен оның маңындағы ауылдар еш қиналыссыз заманға сай жиіліктегі телеарналарға қосыла алады. Оның жұмыс істеп тұрғанына бірнеше жыл болды. Қазір біз ауыл-аудандарды қамтып, 29 станцияны жаңаша жабдықтадық. Енді облыс өңірлерінің басым бөлігі цифрлы арналарды қосу мүмкіндігіне ие. Ол үшін сигнал қабылдай алатын заманауи теледидарыңыз немесе цифрлы қабылдағышыңыз болса жетіп жатыр, - дейді А.Жұмадиров.

– Біздің мамандарымыз тапсырыс түссе, ауылдарға барып, қабылдағыштарды өз бағасына құрып, қажет болса, баптап береді. Бұл тарапта бізге ауыл, аудан әкімдері көмек қолын созса дейміз. Өз аймақтарындағы, ауылдарындағы цифрлы қабылдағыш орнатқысы келетін шаңырақ санын анықтап, бізге тізімін берсе. Қабылдағыштың құны жеке төленеді, ал қызмет ақысы - небары 1000 теңге. Бұл қабылдағыштар ешбір абоненттік төлем қажет етпейтінін, бір сатып алсаңыз, арналарды тегін көре беретіндігіңізді ұмытпағайсыз.

«Қазтелерадионың» Павлодар қалалық мекемесінің жетекшісі, облыс орталығындағы «Есағасы» жеке кәсіпкерлігінің басшысы Серік Арғынбай өзінің цифрлы қабылдағыштар мен жерсеріктік құрылғыларды саудалайтын ресми дилерлердің бірі екенін жеткізді. Айтуынша, қазіргі күні жерсеріктік «тәрелкелерге» сұраныс өте азайып кеткен. Алдағы уақытта цифрлы қабылдағыштарға тапсырыс көбейеді деген үмітте. Алайда, тұрғындардың 80-90 пайызы жаңа стандарттар жайында білмейтіндіктен, цифрлы қабылдағыш дегеннің өзі олар үшін жат нәрседей көрінеді, дейді ол. Қабылдағыштардың бағасы қалтаға аса салмақ салмайды. Тұрғындар оны сапасына қарай 5-7 мың теңгеге сатып ала алады. Тек көбі оны баптаудың жолын білмеуі мүмкін. Сондықтан өңірлерде әлі де болсын ақпараттандыру шараларын күшейтсе дейді кәсіпкер.

С.Арғынбайдың сөзінше, «Отау ТВ»-ның жерсеріктік жүйелері бұрынғыша қала береді. Оған ешкім тиіспейді. Тек цифрлы эфирлік хабар тарату ел аумағын толық қамтуына орай, «тәрелкелерге» сұраныс тіпті азаюы мүмкін. Адамдар өте сирек қоныстанған кейбір шалғай елді мекендер (қыстақ, жайлаулар) үшін цифрлы эфирлік тарату қолжетімсіз болуы мүмкін. Яғни станциялардың сигналы оларға жетпейді. Олар үшін жаңадан станциялар тұрғызу мемлекетке де, компанияларға да тиімсіз. Сондықтан «Отау ТВ» жерсеріктік жүйелері шалғай аймақтарға бағытталатын болады. Десе де, оның құрал-жабдықтары әдеттегі қабылдағышқа қарағанда қымбат. 2014-2015 жылдары Үкімет әлгіндей «тәрелкелерді» орнату үшін біраз отбасыларға жәрдемақы төлеген. Ол көмек бүгінде тоқтап қалыпты.

Өзгелер қашан көшеді?

Ел бойынша былтыр Маңғыстау, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыс-тары толығымен цифрлы эфирлік хабар таратумен қамтылды дедік. Мәселен, Жамбыл облысы аумағында аналогты хабар тарату өшіріліп, жаңа стандартқа өтті. Шалғайдағы ауыл тұрғындары 15, ал тараздықтар 26 отандық телеарнаны жоғары сапада тегін көруге мүмкіндік алды. Бұл мемлекеттік ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, отандық арналардың хабар тарату үлесі мен сапасын арттырады. Бүгінде аталған облыста цифрлық эфирлік телехабар тарату жобасын іске асыру толығымен аяқталып, 44 цифрлық таратқыштар, 43 радиотелевизиялық станция жаңар-тылған. Бұл ондағы 377 елді мекенді (облыс халқының 99,8%-ы) қамтуға мүмкіндік беріп отыр.

2020 жылға дейін бұл форматқа сондай-ақ Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Атырау, Қызылорда облыстары көшеді. Ал Батыс Қазақстан, Ақмола, Ақтөбе облыстары, сондай-ақ Астана мен Алматы қалалары жаңа форматқа 2021 жылы ауысады екен.

Бұған дейін ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев атап өткендей, цифрлы таратуға көшу – уақыт талабы. Осы жобаны енгізу арқасында халықтың басым бөлігі, оның ішінде аудандар мен қалалардан шалғайдағы елді мекендердің тұрғындары үшін жоғары деңгейдегі дыбыс және бейне қолжетімді болады. Сондай-ақ телеарналардың саны да әжептәуір көбейеді. Министр «отандық пакет» жаңалық, балаларға арналған, мәдениет, кино, спорт сияқты түрлі арналардан құралатынын жеткізді. Тағы бір артықшылық – цифрлы хабар таратуға көшкен жағдайда радиожиіліктер де босайды екен. Босаған жиіліктерді Ақпарат және коммуникациялар министрлігі байланыс саласындағы жаңа технология-ларды дамытуға пайдаланбақ ниетте. Осы мақсатта байланыс операторларымен жан-жақты жұмысты да бастап кетіпті.

Түйін:

«Цифрдың» артықшылықтарын түсіну үшін отандастарымызға әлі де біраз уақыт керектігі айқын. Дегенмен өркениетті әлем оның пайдасы шаш-етектен екенін әлдеқашан бағамдап үлгерген. Цифрлық сигналдың болашағы зор екеніне ешкім күмән келтірмейді. Бұйыртса, біздің өңірдің жұртшылығы биыл цифрландырудың игіліктерін кеңінен пайдалануға көшпек. Жаңа стандартта хабар таратуға толық өту туралы өкілетті органдардың интернет-ресурстарынан, «Қазтелерадионың» www.kazteleradio.kz және www.otautv.kz сайттарынан толық оқып білуге болады. Арналарды қабылдау кезіндегі үзілістің алдын алу үшін цифрлық телевизияға ерте бастан қосылуды ұсынамыз.

Мұрат АЯҒАНОВ.

saryarka-samaly.kz