Тоқсан жылдық тарихы бар Павлодар облыстық «Сарыарқа самалы» газеті қашанда халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаушы қоғам өмірінің айнасы бола білді. Басылым осы жылдар ішінде ел өмірінде болып жатқан әрбір оқиғаға үн қосып отырды.

Газет еліміз басынан өткерген қиын-қыстау күндердің, қуанышты үндердің куәсі, жақсылықтың жаршысы, игі істердің бастаушысы бола білді. Алғашқы бесжыл-дықтар, колхоздастыру, Ұлы Отан соғысы, соғыстан кейін ауыл шаруашылығын қалпына келтіру, тың және тыңайған жерлерді игеру, Ертістің Павлодар өңірін-де ірі кәсіпорындар құру – осы тарихи оқиғалардың бәрі газет беттерінен көрініс тауып отырған. Елімізде тәуелсіздіктің туы көтерілгеннен кейін де «Сарыарқа самалы» газеті өмірдің сан сала-сын қамтыған іргелі мәселелерді көтеріп, қалың оқырман көңілінен шығуда. Бүгінде басылым облыс-қа, республикаға ғана емес, Ресей Федерациясының Новосібір, Алтай өлкелеріне кеңінен танымал. Облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің алғашқы нөмірі 1929 жылдың 15 ақпанында «Кеңес туы» деген атпен өлкелік басылым ретінде жарық көрген. Тұңғыш редакторы – Бейсенбай Кенжебаев (суретте). Жаңадан пайда болған ұлттық баспасөздің қалыптасуына Кәрім Әжібеков, Әмірғали Ермағамбетов, Әубәкір Аяпбергенов, Балтабек Асанов, Жұмат Досқараев, Әбілқайыр Баймолдин, ағайынды Сағынбай, Зейін Шашкиндер, Зікірия Абдуллин, Сұлтан Лепесов сияқты жерлес қаламгерлеріміз зор үлесін қосады.

Бейсенбай Кенжебаев павлодарлық тұңғыш қазақ газетінің қалыптасып, халық игілігіне қызмет етуіне мол еңбек сіңірген. 1930 жылы Павлодар округі аудан болып қайта құрылған кезде «Кеңес туы» «Колхоз» атанып, аудандық газетке айналады. Ал Бейсенбай Кенжебаевтың журналистік қызметі «Социалистік Қазақстан» газетінде жалғасады. Қазақтың көрнекті ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыровтың шығармашылығын ғылыми тұрғыдан бірінші рет зерттеп, халқымызға әділ жеткізе білген ол бертін белгілі әдебиет зерттеушісі, филология ғылым-дарының докторы, профессор атанады.

Б.Кенжебаевтан кейін газетке әр жылдары Ғалым Малдыбаев, Хамза Сыздықов, Әзілхан Нұршайықов, Омарғали Құдышев, Сұбыхан Шошанов, Балтабай Сейсенбеков, Әлқожа Мұхамеджанов редакторлық еткен. Басылым өзінің елу жылдық мерейтойына орай, 1979 жылы облыс экономикасы мен мәдениетін дамытуға қосқан ерекше еңбегі үшін «Құрмет белгісі» орденімен марапатталады.

Осы жылдар ішінде газеттің шеберлік мектебінен өткен белгілі журналистер мен ақындар, жазушылар мен ғалымдар өзіміздің ұлттық әдебиетімізді өркендетіп, тіліміздің, діліміздің және мәдение-тіміздің дамуына зор ықпал етті. Газет қабырғасында шығармашылық бастау алған Қалижан Бекқожин, Зейін Шашкин, Әзілхан Нұршайықов, Мұзафар Әлімбаев, Рамазан Тоқтаров, Мейрам Асылғазин, тағы басқалар кейін белгілі ақын-жазушылар, елге танымал азаматтар атанды. Төкпежырдың дүлдүлі Исаның, ақындар Нұтфолла Шәкеновтің, Төлеужан Смайыловтың, Аманжол Шамкеновтің, Қабдыкәрім Ыдырысовтың, Мүбәрак Жаманбалиновтің, басқа да көптеген талант иелерінің шығармалары газет бетінде жарияланып отырған. Халқымыз махаббат гимніндей қабылдаған атақты «Қорланның» авторы Естай Беркімбаев туралы алғаш рет оқырман қауым осы газеттен оқып білді.

1928 жылдың 21 желтоқсанында Павлодар округтік партия комитеті орыс және қазақ тілінде газет шығару туралы қаулы алады. Қаулы қабылданар алдында округтік партия комитетінің бюросында газеттердің аты бекітілген. Қазақ тілінде шығатын газет «Кеңес туы» болып аталады. Газетке редактор етіліп орталықтан Бейсенба Кенжебаев жіберіледі. Хатшы міндеті Самат Нұржановқа жүктеліп, Уәлихан Омаров әдеби қызметкер болып белгіленеді. Олар «Кеңес туы» газетінің бірінші нөмірін 1929 жылы 15 ақпанда жарыққа шығарады. «Сол газеттің тұңғыш нөмірінің алғашқы мақаласын теріп, беттерін құрастырған мен едім, – дейді 1932 жылдан СОКП мүшесі Сыздық Смағұлов. – Ол кезде редакцияда жазу машинкасының жоқтығынан газет материалдары қолмен жазылып, қолмен тері-летін. Мұның өзі әріп терушілер үшін өте ауыр еді. Газеттің арнаулы кеңсесі болмағандықтан, редакция баспахана ішіне орналасты».

Филология ғылымдарының докторы, профессор С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті (қазіргі Әл-Фараби атындағы ҚазМУ) әдебиет кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарған Бейсенбай Кенжебаев Павлодар өңірінде тұңғыш қазақ газетінің қалыптасып, халық игілігіне қызмет етуіне мол еңбек сіңірген. Біраздан соң газетке редактордың орынбасары болып Сұлтан Лепесов, әдеби қызметкер етіліп Әбзали Карасартов, хат көшіруші ретінде Балтабек Асанов келген. Қазақ тілінде шығып тұрған округтік газетте болашақ үлкен жазушы Зейін Шашкин, партия-совет қызметінде істеп, соғыс жылдарында полк командиріне дейін көтерілген, соғыста ерлікпен қаза тапқан Әбілқайыр Баймолдин, мұғалім, кейін жер шаруашылығы басқармасының бастығы Сәлемхан Күленов, мұғалім Ғабдолуақит Нұрғожин, комсомол-пионер қызметкері, соңынан өлкелік пионер газетінің редакторы және басшы партия қызметінде болған Ахмет Нұралин, кейін қазақ КСР Ғылым академиясының тіл білімі институтының қызметкері Жұмат Досқараев, тағы басқалары сол кездің көкейтесті өзекті мәселелері туралы үзбей мақала жазып, газеттің еңбекшілерге саяси ұйытқы болуына пәрменді атса-лысқан. Газет қызметкерлер-інің қаламы тез ұшталады. Павлодардағы тұңғыш қазақ газетінің алғашқы қаламгерлері оқырмандар көңіліне жол тауып, Абзали Қарасартов, Бәуеш Жантаев, Самат Нұржановтар майталман журналистер атанады. Газет ол жылдары сауатсыздықты жою, жерге қоныстану, «Қызыл керуен» жұмысы жайлы үзбей жазып тұрған. Кейін Б.Асанов республикалық «Социалды Қазақстан» газетінің редакторы, С.Лепесов осы газет редакторының орынбасары, Б.Мәзитов жауапты хатшысы болып істейді.

Жалғасы бар.

Торғын ОРАЗАЛЫ, «Сарыарқа самалы» газетінің бұрынғы қызметкері.

saryarka-samaly.kz