(Басы газеттің 2018 жылғы №136, 140 санында).

1930 жылдың аяқ кезінде округтер жойылып, оның орнына іріленген аудандар құрылады. Ертіс өңіріндегі бұрынғы 5-6 аудан бірігіп, Павлодар ауданы болып ұйымдасты-рылады. Павлодар ауданы бұрынғы Шығыс Қазақстан облысының (орталығы – Семей қаласы) үлкен аудандарының бірі болған. Оған қазіргі Павлодар, Лебяжі, Ермак (қазіргі Ақсу) аудандарының территориясы, Май, Краснокутск (қазіргі Ақтоғай), Успенка, Екібастұз аудандарының бірсыпыра жерлері кірген. Павлодар округтік партия комитеті мен округтік атқару комитетінің органы «Колхоз» газеті бұдан былайғы жерде ірі-лендірілген Павлодар ауданына қызмет етеді. Бұл газет осы атпен 1938 жылдың сәуір айына дейін үзбей шығып тұрады.

Округтер таратылып, аудандар құрылғанда «Колхоз» Павлодар ауданының газетіне айналады. Бұл кезде оған ақын Ғалым Малдыбаев (суретте) редакторлық еткен. Сол күндерді ол былайша еске алды: «Аудандық партия комитетіндегі Жигарев, Совет аткомындағы С.Күленов жолдастар «Колхоз» газетін партиямыздың ең өткір құралы етуге қолма-қол кірісті. Біз, редактор, секретарь (Бәуеш Жантаев), әдеби қызметкер (Балтабай Асанов), кезек-кезек ауылдарда боламыз. Астық дайындап, мал дайындау, газет тарату, саяси үгіт-насихат – бәрі мойнымызда. Баспаханамыз жылқышының қосындай-ақ, әріп қолмен теріледі. Әріп теруші, әрі беттеуші Балтабек пен Хатираларда тізе бүгу жоқ. Редактор да бір қолына верстак, бір қолына біз ұстап, әріптерді шұқылаумен көрер таңды көзімен атқызады».

1932-1935 жылдарда Ә.Жанғабылов «Колхоз» газетінде редактордың орынбаса-ры және редактор болып қызмет істейді. «Колхоз» газеті бұл кездері күн сайын шығып тұрған. Оның уақытымен шығуына, ауданның алдына қойылған міндеттерге және газет оқырмандарының талабына сай болуына редакцияның аз қызметкерлері барлық күшін, ынта-жігерін, қабілетін аямай жұмсаған. Олар ауыл-селоларға, совхоздар мен колхоздарға, кәсіпорындарға, мектептерге жиі барып, тыңғылықты материалдар әкеліп отырады. Сапарға шыққанда олар жолаушылардың ат-көлігіне ілесіп жүріп, қысқы аязда, боранда, күзгі жауын-шашынды, қара суық дауылды күндерде жолаушыларды тосқауылдау, соларға жанасып жолға шығу оңай болмаған. Осыған қарамастан редакцияда істеген қызметкерлер газеттің уақытымен және көрнекті болып шығуына бір кісідей атсалысқан. Олардың ішінде көрнекті ақын Қалижан Бекқожин, ұзақ жылдар оқу-ағарту орындарында басшы қызметтерде болған ғалым, әдебиетші Төлеутай Ақшолақов, көп жылдар «Колхоз» және «Қызыл ту» газеттері редакциясында басшы қызметте болған, кейіннен республикамыздың аға газеті «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газеті редакциясында жұмыс істеген Әнуар Әукенов, драматург, әдебиетші Атығай Шанин, марқұм Зейнолла Мақанов, Сыздық Смағұловтар болған. Бұл жылдары «Колхоз» газеті редакциясында журналистік жұмыс тәжірибесі мол Уәлихан Омаров қызметте болып, жас әріптестеріне ақыл-кеңес беріп отырған.

1932 жылдың көктемінде аудандық «Колхоз» газетінде Қалижан Бекқожиннің 8 наурыз – әйелдер күніне арналған тырнақ алды өлеңі басылып шығады. Кешікпей газет редакторы Әлімбек Жанғабылов болашақ ақынды газет қызметіне шақырады. Сөйтіп Қ.Бекхожин Павлодар аудандық «Колхоз» газеті редакциясына қызметке орналасады. Осы тұста газет беттерінде оның өлеңдері мен очерктері көптеп жарияланған. 1933 жылдың сәуір айында Қ.Бекқожин Павлодардың аудандық газетінің редакциясында жауапты хатшы болып істеген.

Ұлы Отан соғысының алғашқы күндерінен бастап-ақ қазақ халқы елді, жерді қорғауға жаппай кірісті. Майданда да, тылда да қазақстандықтар асқан ұйымшылдық, ерен ерлік көрсетті. Майдан талабына байланысты баспасөздің мазмұны да қайта өзгерді. Негізгі тақырып Отан қор-ғаушылардың қайсар ерлігін паш ету, тыл-дағы еңбеккерлердің адал да абыройлы еңбектерін жеткізу болды. Осы міндетті нысан етіп алған қаламгерлеріміз басты тақырып етіп жауынгерлеріміздің ерлігін жұртшылыққа паш етіп, майдан өмірінен мәліметтер мен қажетті деректерді баспасөз бетіне жариялап отырды, мақсат – халықты жігерлендіріп, патриоттық рухта сенімдерін нығайту.

Бұл бағыт облыстық «Қызыл ту» газеті коллективінің де жұмыс арқауына айналады. Соғыс жылдарында «Қызыл ту» газетінің редакторы болған Хамза Сыздықов, редактордың орынбасары Әнуар Әукенов, бөлім меңгерушілері болып істеген Қаби Көпбаев, Қапай Әміров, меншікті тілшілер Сүйінтай Қосыбаев, Құрман Алтыбасаров, газет шығарушы Сыздық Смағұлов, фоторепортер Мағпура Әлжанова, радист Нұрқаш Қайырбеков, корректорлар Мұхаметқали Хасенов, Сара Әмірова, машинистка Бәдиша Сыздықова, тағы басқалары өз істерін қалтқысыз атқаруға тырысқан.

Облыстық «Қызыл ту» газетінің тарихында Ұлы Отан соғысы ұмытылмас белес болды. Бұл жылдарда газет арқылы атқарылған қыруар жұмыс облыстық газет қызметкерлерінің, оның авторлары мен жұмысшы, ауыл-село тілшілерінің қандай қиын міндеттерді болса да орындауға тас-түйін екендігін көрсеткен. Редакция қызметкерлерінің бір бөлегі майданға, жауға қарсы ұрыс даласына аттанады. Олардың қатарында Дәулеткерей Мерғалиев, Медетбек Сексенбаев, Қажыбай Дүйсенов, Ахмет Серазитденов, Хамза Өмірбаев, Құсайын Мұхамеджанов, Қиса Арықов, Әбдіш Баймұрзин, Жылқайдар Қарпықов, Кәрмұқан Бекбергенов, Бақи Әбдіқадыров сынды қаламы қарымды тілшілер бар.

Соғыстан кейін редакция журналистерінің қатарына жаңа күштер келіп қосылады. Сол кезде майданнан жаңа ғана оралған, майдан ауыртпалығын өз көздерімен көріп, фашистерге қаруын кезене қарсы тұрған Жылқайдар Қарпықов пен Әбдіш Баймұрзин майдандағыларша еңбек еткен. Ал Отан үшін отқа түскен Дәулеткерей Мерғалиев, Медетбек Сексенбаев, Қажыбай Дүйсенов, Ахмет Серазитденов, Хамза Өмірбаев, Құсайын Мұхамеджанов сияқты қаламы жүйрік абзал ағалар редакцияға қан майданнан қайтып оралмаған. «Ешкім де ұмытылмайды, ешкім де ұмытылмақ емес». Павлодар облыстық «Қызыл ту» газетінің 50 жылдығына орай соғыста қаза болған осы аяулы азаматтардың құрметіне редакцияда мемориалды тақта орнатылады.

(Жалғасы бар.)

Торғын ОРАЗАЛЫ.

saryarka-samaly.kz