- Астапыралла, күнім, тірімісің?

- Иә, ағай, тірімін әзірге!

- Қап, жас баланы осыншалықты қинауға бола ма екен? Ата-анаң қайда қарап жүр? Қаршадай баланы адам базарға жібергені несі?

- Ағай, қандай базар? Оны қайдан шығардыңыз?

- Жағдайың айтпаса да түсінікті ғой! Осынша сөмкені басқа қайдан әкелуге болады?

- Ағай, мен мектептен келе жатырмын.

- Ойбай-ау, осыншалықты жүкті мен әскерге барғанда да көтерген емеспін. Ішіне тас салып алғансың ба?

- Жоқ ағай, бір сөмкемде негізгі сабақтарымның кітаптары мен дәптерлері бар. Ал екінші сөмкемде қосымша пәндердің оқулықтары салынған. Спорттық киімдерді апармасам, дене шынықтырудан сабақ беретін мұртты ағай ала көзімен қараса, жүрегім ұшып кете жаздайды...

- Мына оқулықтың бәрін тауысып оқығанша кеш те бататын шығар. Күніне неше «бестік» аласың?

- Білмеймін, ағай. Бізде күнделік деген қазір атымен жоқ қой. Барлығы да электронды жүйеге ауысып кеткен. «Электронды күнделік» шыққалы біздің сыныптың ұлдары ата-анамыз алған бағамызды көре алмайтын болды деп қуаныштары қойындарына сыймай жүр.

- Тұр, орныңнан! Мен сені үйіңе дейін жеткізіп салайын. Қарындасым-ау, ауыр сөмкеңді одан сайын зілдей етіп, мына құтыдағы 1,5 литр суды қайтесің?

- Ішемін, ағай.

Зіл батпан сөмкелердің бірін иығыма, бірін білегіме салып кішкентай қызды ертіп мықшыңдап келемін. Аздан соң қарым талып, сегізкөзім сырқырап, тізем дірілдей бастады. Екі көзім безеріп, ернім кезеріп кетті:

- Қызым, сусыныңнан берші. Шөлдеп кеттім...

 

Алпысбай ӘБДІЛҰЛЫ.

saryarka-samaly.kz