Әлі есімде, 1962 жылдың жаз айы. Редакция есігін жасқана ашып, ішке өтуге батылым жетпей тұрғанымда ұзын бойлы спортшыға тән сыптай денелі жап-жас жігіт қарсы жолығып (Оның ҚазГУ-ді бітіріп, келген жас маман Төлеубек Қоңыров екенін кейін білдім):

- Қандай шаруамен жүрсің, әлде таныс біреуің бар ма? - деп мені өзімен бірге кабинетке ертіп жүрді.

Сасқанымнан: - Жоқ, аға, таныс кісім жоқ, - деп міңгірлей беріппін.

- Ендеше, неғып жүрсің, - деп тағы сұрады бастырмалатып, есігін ашқан кабинетке кірген соң, - отыр, бауырым, мұнда адамдар жайдан-жай келмейді.

Оқушы дәптерінің бір бетіне жазылған екі өлеңім және сыртқы бетінде «Әдеби кеш өтті» деген шағын жазбам бар еді, соны ұяла көрсеттім қалтамнан алып.

- Енді міне, әңгіме басқа, Өлең жазам де манадан бері неге айтпай тұрсың, - деп қағазымды қолына алып оқи бастады. - Тәп-тәуір дүние. Бірдеңе шығады. Мен сені Бораш ағаңмен таныстырайын.

Осыны айтты да, мені бір кабинетте үш үлкен кісі отырған бөлмеге енгізіп жіберді. Өзі де бірге кірді (Тар кабинетте қысыла-қымтырыла, үстелдері бір-біріне жақынырақ қойылған Әбдеш Баймұрзин, Мұқаметжан Дәуренбеков, Кәрмұқан Бекбергенов және төменірек Боранғали Ырзабаев отырады екен. Кейін білдім).

- Бораш аға, мына бала Сізге келіп тұр, - дегенше болған жоқ, ол кісі орнынан көтеріліп:

- Заты ақын боларсың, әкелгенің өлең бе? - деп маған қарады да: - Айналайын, шығар жазғандарыңды, - деп қолын ұсынды.

Жазғандарың дегеніне қарағанда көп дүнием жоқ, айналасы үш шумақтан тұратын екі өлең, бір шағын мақала. Оның өзі мына ұзын бойлы ағайдың қолында. Мен сасқанымнан Төкеңе қарадым. Ол да кідірген жоқ, қолына ұстап жүрген парақша қағазды Бораш ағаға берді.

...Ойлап отырсам, содан бері дәл 56 жыл өткен екен. Бір адамның өмірі. Мені бір көргеннен-ақ жатсынбай, бағыт-бағдар беріп жіберген сол Төкең биыл ақсақал жасы 80-ге толып отыр. Жүйрік жылдар-ай!

Араға бір апта салып, менің екі өлеңім, үш күннен соң шағын хабарым жарияланғанда сол сәттегі қуанышымды көрсеңіз. Ертеңінде тағы барыппын ізін суытпай.

...Арада он шақты жыл зулап өте шықты. Мен де осы редакцияға келіп, жас журналистер қатарын толықтырдым. Сол Төкең басқаратын ауыл шаруашылығы бөліміне әдеби қызметкер болып қабылдандым.

- Төке, мына жігіт КазГУ-ді бітірген соң әскерде екі жарым жыл офицер болыпты, енді сенің қарамағыңда болады. Мен әңгімелестім. Өзің танысасың жақсылап.

- Бұл жігітті ертеден білетін сияқтымын, шырамытып тұрмын.

- Ендеше арғы жағын жайғастыра берерсің. - Осыны айтты да, редактор Сұбыхан Шошанов шығып кетті.

Сәл үнсіздіктен соң қол беріп амандастық. Баяғы сыптай жігіт толысқан. Бөлім меңгерушісі. Өзім алғаш рет жүздескен Төлеубек ағамен әріптес боламын деп кім ойлаған. Ол кісімен бірге екі жылдай қызмет еттім. Сөзге сараң, бірақ істің адамы. Көп сөйлемейді. Әсіресе, қазақ тілінде қандай тақырыпқа жазылған көлемді әрі күрделі мақала болсын орысшаға аударма жасауға шебер (Кейде мұндай да талап қойылатын). Көп қиналғанын байқамадым. Әріптестерінен де соны талап етеді. Жұмысқа құныға кірістім мен де.

Төкең - облыс журналистері (редакция басшыларын айтпағанда) ішінде «Құрмет белгісі» орденін бірінші болып кеудеге қадаған қаламгер. Бірнеше кітапты жарыққа шығарып үлгерді. Өзінің туып-өскен шағын «Қызыл еңбек» ауылының (Май ауданы) адамдары туралы тебірене жазғанда үстінен ауыр жүк түскендей бір жеңілденіп қалатын. Соғыстың зардабын иықпен көтерген жесір аналардың ауыр еңбегіне жаны ашып, бел омыртқасына салмақ түсіре көмектескені, майданнан жеткен «қара қағаздарды» үйді-үйге апаруға көзі жасаурап қиналған пошташы шалға «қол бала» болғаны, жеңіс үшін жан беріскен ағалардың ақсаңдай басып, елге бір-бірлеп оралғандары, ауыл сыртындағы қара жол бойынан кішкене бүлдіршіндердің әкелерін танымаса да кішкене жүректері жарыла қуанып, үйлеріне қарай жарыса жүгіргендері... бәрі, бәрі... бала болса көз алдында өткен ғой. Сол ұмытылмас сәттердің барлығын да жүрек түкпіріне түйе білгені, уақыт өте қаламының күшімен әр туындыларында көрініс тапқаны қандай ғанибет!

Біздін а/ш бөлімінде Ермек Демешев аға әдеби қызметкер болып істеді. Оны университетте оқып жүрген кезден білемін, кәсіподақ комитетінің мүшесі болатын. Мұнда келгелі екі жыл шамасы. Отыздың үстіне енді шыққан тіс қаққан жігіт. Екеуіміз сол бөлімде тілші болғаннан кейін іс-сапарға жиі шығамыз. Алмасып отыру - тәртіп. Бірде ол, бірде мен дегендей. Ауыл шарушылығында науқандық жұмыстар таусылмайды, қат-қабат келетіні бар, сондықтан тыным жоқ бізде. Облыстың колхоз-совхоздарына барудың қиыншылықтары аз емес, әрине. Кейде ауа райына, жол жағдайына байланысты, тіпті көліктің сынып қалуына орай жаяу-жалпы жүріп, кешігіңкіреп қалуға да тура келеді. Бірақ, қандай жағдай кездессе де, жоспарлы материалды жеткізуің керек. Ермек Демешев болса барған елді мекендерден құшақ-құшақ материал әкеледі. Бір таңқаларлығы-асықпай отырса да, тез жазып тастайды. Арнаулы беттер беруге жаны құмар. Оның ішінде аудан басшысынан бастап, малшының (шопан, жылқышы, сауыншы), тағы басқа еңбек адамдары –әр мамандық иелерінің сөздері, фототілші Еренбақ Әлжанов ағаның суреттері де жүреді. Проблема көтеруге әуес.

Төкеңнің бір әдеті - елден бұрын ерте тұратындығы. Мұны қай әріптесі болсын аузының суы құрып айтып жүреді... 1971 жылы оның үйі редакцияның дәл артында болды. Екі қызының екеуі ол кезде әлі мектепке бармайды, тек балабақшада. Төкең ұйқыдан оянысымен балаларын сонда апарады да, бірден жұмысқа тартады. Редакция күзетшісіне есік ашқызып, кабинетіне ене сала кешеден қалған хаттарды қорытуға кірісетін. Бұл - қалыптасқан дәстүр. Ол кезде жергілікті тілшілерден хаттар көп түседі. Сағат 8.30-ға дейін біразының бас-аяғын жұмырлап тастайтынын қайтерсің. Ол екі ортада телефонмен ауданаралық байланысқа шығып, хабар-ошар алуға кірісетін әдеті тағы бар. Әр аудандық ауыл шаруашылығы басқармасында, аудандық редакцияда авторларымен сөйлесіп жатады. Ізін суытпай ертеңгі номерге «Малды ауылдан хат келді», «Аудандардан хабарлар», «Қой қоздап, қорада шу» деген рубрикаларды тоғытады. Мұндай оперативті дүниелер тудыруды бізден де талап ететіні бар. Мүлтіксіз орындаймыз.

Ал Ермек ағамыз очерк жанрын жаны жақсы көретін. Көркем сөзбен еңбек адамының портретін жасауға келгенде алдына жан салмайтын. Студенттік жылдары «Қазақ әдебиеті», «Лениншіл жас» газеттері мен «Жұлдыз», «Жалын» журналдарына әңгімелері мен хикаяттары жиі жарияланатынын білетін едім. Газетке келген соң суреттеме, очерк жанрларына қалам тербейтініне қуанып жүрдім. Онымен қатар отырғаным маған кәдімгідей сабақ болды. Ағаның бұл жазғыштығын Төкең де қолдап отыратын. Апта сайын өтетін лездемеде Ермектің материалдары төңірегінде тәуір пікірлер айтылатын, мақталатын. Ол мамандығы филолог болғандықтан ба, әйтеуір газетте қазақ тілінің таза, анық жазылуына айрықша мән беріп, тілшілерге орфографиялық сөздікті серік етулерін міндеттейтін. Сөйлемдегі әр сөзді талғампаздықпен дұрыс орын-орнына қолдана білу, қазақ тілін түсініксіз ұғымнан арылтатынын ескертетін. Лездеме жасағанда мұны жаны ашып айтуды парызы санаушы еді. Әріптестері де теріс қарамайтын.

Ол өте ізденгіш еді. Реті келгенде айту парыз, Ерекең «Қызыл ту» газетінің бірінші санының шығу тарихын өз бетінше іссапарға шығып, зерттеді. Алматы мен Омбы қалаларындағы архивтерді ақтарғаны да сол жылдар. Бірінші редакторы Бейсенбай Кенжебаевпен кездесіп, қолға түсе бермейтін мәліметтер жинады... Көп ізденіп, ақыры тапты. Бәріміз қуандық. Демек, бүгінгі «Сарыарқа самалы» газетіміздің туған мерзімін дәл анықтаған Ермек Демешев аға екенін жадымыздан шығармасақ деймін.

Бір жылдан соң Ермек ағамыз Еңбекші хаттар бөліміне меңгерушілікке ауысты. Оның қызметінің өсуіне редколлегияға Төкең ұсыныс жасаса керек. Е.Демешевтің орнына Лебяжі (қазіргі Аққулы) және Май аудандық газеттерінде редактордың орынбасары болып 2-3 жыл істеген Қажымұрат Смағұлов отырды. Қажекең 60-жылдардың бас кезінде өз ауылымыз - Құркөл сегізжылдық мектебінде (Ақсу ауданы) мұғалім болған, педучилище түлегі. Бастауыш сыныптарға сабақ берсе де ұстазымыз дейтінбіз. Оның соңынан КазГУ-дің журналистика факультетіне мен де түскенмін. Ол 4-курста. Бір жатақханада тұрдық. Аға-інідей сыйласып, қатар жүрдік.

Қажекең бала кезден төгілдіріп тұрып өлең жазатын. Ең бастысы - журналистігі. Екі аудандық газетте де әбден ыспарланған. Ол бөлім жұмысына келгенде қамшы салдырмады. Хат қорытудың шебері дейміз оны. Мен жазғандарымды әуелі Ермекке көрсетіп жүрсем, кейінірек Қажекеңе апаратын болдым. Сосын барып бөлім меңгерушісінің алдына түседі.

Редактордың 1-орынбасары Жылқайдар Қарпықов қолына іліккен материалдың қай-қайсысы болмасын алаламайтын еді. Хат қорытып, мақалаңды тексеріп отырғанда бұрылуға мұршасы келмейтін әдеті бар болатын. Асқан жауапкершілікпен мұқият қарап, реті келсе, авторды өзіне шақырып алып, бірлесе өңдеп, жазып шығуға да ерінбейтін. Жас журналистермен оңаша отырып жұмыс жасауды міндеті санайтын Жықаңның мұндай тәлім-тәрбиесі кейінгі іні-әріптестері Кәрімұқан Бекбергенов пен Айтжан Бәделхановқа да жұғысты болды. Бақыт Баймұратов, Өскенбай Тастемханов, Мейрам Асылғазин, Сәлімбай Ермұратов, Ғалымбек Жұматов және осы мақаланың авторы сияқты бір топ жастар толқыны бұл кісілердің қамқорлығын көріп өскеніміз әрқайсымыздың шығармашылық шыңдалуымызға жол ашты. Сол тұста Т.Қоңыровтың өзі Жықаңның мектебінен өткенін мақтан ететін. Айпақшы, бұл екеуі 1963-65 жылдары Ақмолаға барып тың өлкелік «Тың өлкесі» газетінде бірге істеп оралған-ды. Әбден сыр алысқан жандар.

Облыста Ермек пен Қажымұрат ағаларымның бармаған ауылдары аз-ау, шығар. Әсіресе, малды аймақ- Баянауыл, Май және Екібастұз аудандарынан 70-жылдары жазған суреттеме, очерк, корреспонденция, т.б. туындыларын осы кезде газет тігінділерін ақтара отырып сағына оқимын. Олардың жазу мәнері де ерекше-тұғын. Кәдімгі көркем шығарма оқып отырғандай әсер алатынын даусыз. Сөз саптаулары, сөйлем құраудағы көркем ойлары мен иірімдері, бейнелеу-әсірелеу әдістері қандай! Қызығасың отырып.

Бір ғажабы - Төкең мен Қажекеңнің қалайша ортақ тіл табысып кеткеніне қайран қалдым алғашқыда. Қажекең басынан сөз асырмайтын тентек мінезді, шақпа тілді азамат екенін, оның бірден иіле қоймайтын бірбеткейлігін ертеден білемін. Соған қарамастан, екеуінің әзіл-қалжыңы бір. Кейде нағашы-жиендігін алға тартып (расында солай), қаттырақ кетсе де, дереу татуласа қалатынына талай куә болдым. Бірақ, қанша қалжыңға басса да, реніш, ашу-кею, тіпті кек сақтамайтын еді сабаздар. Шай қайнатым уақыт өтпей-ақ алдағы жоспарды талқылап, бастары түйісіп, қайта шүйіркелесіп отыратын үстел басында. Кешке қарай әзіл-қалжыңы өзгеше жалғасқан күйде редакциядан бірге шығып бара жататын.

Газет беттерінде көп жылдан бері көрінбей кеткен фельетон жанрын жандандыруы Қажекеңнің қаламының қуатты күші дер едім. Сынағанды кім жақсы көрсін. Кейде Қажекеңнің өткір тіліне іліккендер шағым айтып, басшыларға дейін баратын... Оған қоса сын-сықақ, мысал өлеңдері де - бір төбе. Бұл кезінде өз бағасын алды да. Жинақ болып шыққандары қаншама! Ол облыстық «Қазақ тілі» қоғамының басқарма мүшесі болғанын, тіл тазалығы үшін пікір-пайымын батыл жеткізіп отыратынын біз тіл жанашырлары әрқашан қолдайтынбыз.

Уақыт өте келе олардың жанкешті еңбегін, биік адамгершілік қасиеттерін қалайша еске алмайын. Иә, ойлап отырсам, үшеуінің де әкелері - кешегі екінші дүниежүзілік соғыс құрбаны. Жетімдіктің де ащы дәмін татқандарын ішім сезеді. Ермек пен Қажымұраттың балалық шағы бір ортада өтіпті. Сонау елуінші жылдардың бел ортасында Ресейдің Қарасарт елінен білім қуып, Керекудің педучилищесіне бірге түседі де, бітіргеннен кейін мамандықтары бойынша өмірге ерте араласқан еді. Алматыда университетте бірге оқып, сосын «Қызыл туда» ұзақ жыл жұп жазбай абыройлы қызмет істегендерін кейінгі ізбасарлары үлгі тұтары хақ.

Төкең Партия тұрмысы бөлімін көп жыл басқарып, редактордың орынбасары қызметіне дейін көтерілсе, Қажымұрат аға Б.Баймұратовтан соң басқа бөлімге аяқ баспай, зейнет жасына жеткенше ауыл шаруашылығы бөлімінің тізгінін ұстады. Мен өнеркәсіп және құрылыс, одан кейін идеология бөлімдеріне басшылық еттім. Т.Қоңыровпен бір сапта қол ұстаса «Қызыл тудағы» еңбек жолдарын бастаған, газеттің ыстық-суығын бірге бөлісіп, көндіккен ағалы–інілі журналистердің өмірі осылай жалғасқанын әр оқырман ұқса деймін.

Ермек пен Қажымұрат бұл мерекені көре алмай кетті. Мен екі ағам мәңгілікке көз жұмған қайғылы күні сүйегіне түсіп, ақ жуып аттандыру рәсіміне қатысқан едім. Жарық дүниеде алшаң басып жүргенде пендеміз ғой, алдағы күндер қалай өрбитінін білмейміз.Бір бас қосқанымызда газеттің 90 жылдық торқалы тойында үшеуіміз қатар отырсақ, дегендерін естіп едім. Амал қанша! Енді екі дос-әріптесінің арманына ғұмырының 60 жылға жуығын облыстың Бас газетіне арнаған Төкең-Төлеубек Қоңыров жетсе игі. Отбасы тірлігінен гөрі тек редакциядағы жұмыс қамын ойлайтын еңбекқор ағаларым-ай, сағынамын сендерді!

 

Социал Әйтенов, Қазақстанның Құрметті журналисі, Халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» ҚБ облыстық филиалының төрағасы.

saryarka-samaly.kz