Қала орталығында өткен жиынға өңірдегі арбаға мұқтаж жандар түгелдей қатысты. Оларға берілген 21 арбаның 19-ын АҚШ-тың «LDS Charites» қайырымдылық қоры ұсынған. Ал қалған екі арбаны «Тәуелсіз өмір «ДОС» орталығы» қоғамдық бірлестігі беріп отыр. Аталмыш бірлестіктің атқарушы директоры Анар Омарованың айтуынша, олар жоба негізінде Қазақстанның 8 облысын аралап үлгерген.

- Арбалар қайырымдылық жоба аясында таратылуда. Біздің орталықта өздері арбада отыратын адамдар жұмыс істейді. Олар жұмыскерлердің 80-90 пайызын құрайды. Өздері арбамен жүрген кезде қандай қиындық-тарға тап болатындарын жақсы біледі. Мұнда салмақ көтермейтін, аяғы тез сынып қалатын, арқа төсенішінің ыңғайсыздығы тәрізді кемшіліктерді болдырмауды қарастырды. Біз ұсынған екі арба - «DOS Ortopedia» атты қазақстандық алғашқы бренд. Оның стандартты және электронды түрі бар, - деді ол.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдар-ламалар басқармасы басшысының орынбасары Гүлнәр Камалова мүгедектер арбасы өңірдегі аудандар мен қалаларға бірдей талаппен, арбаға мұқтаж жандарға тегін таратылатынын айтты.

- Біздің ортамызда мүгедек болып қалса да, оларға бюджеттен арба қарастырылмаған жандар көптеп кездеседі. Бізге бірнеше жыл өтініш беріп жүргендер де жетерлік. Жоба туралы естіп, өздері хабарласқандар да болды. Қайырымдылық жоба аясында құралдарды бұған дейін арбасыз және арбасы ескіргендер де алды, - деді Г.Камалова.

Қайырымдылық қорларының арбасына ие болғандардың бірі - Мәжит Махабеков. Талай жылдар есепші болып істеп, 81 жасында бір аяғынан айырылған Мәжит ата қамқоршыларға ризашылығын білдірді.

- Заря ауылында туып-өстім. 1994 жылы Чернорецк ауылына барып, ірімшік зауытында қызмет атқардым. 1997 жылы 60 жаста зейнетке шықтым. 1999 жылдан бастап жұмыссызбын. 2018 жылы маусым айынан бастап аяғым ауыра бастады. 4 ай емханада жаттым. Түрлі операция жасалды. Бірақ, бір аяғымды сақтап қалудың мүмкіндігі болмады. Біздің қамымызды ойлап, қоғамдағы мүмкіндігі шектеулі жандардың жайына көңіл бөліп жүрген барлық адамға алғысым зор. Әсіресе, бізге осындай ыңғайлы арбаны тегін беріп отырған қайырымдылық қорларына істерің ілгері баса берсін дегім келеді, - деді Мәжит Махабеков.

Айта кетейік, өңірімізде бюджет есебінен 2017 жылдың аяғында 117 миллион теңге бөлініп, 1500-ге жуық адамға арба берілген болатын. 2018 жылы бұл кезекке 400-ге жуық адам тұрған.

 

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz