Қосымша қызметтер ашылады

Өткен жылы Успен, Шарбақты, Тереңкөл, Ертіс және Май аудан-дарының полиция бөлімдерінде кинология қызметі ашылып, мамандар бүгінде итпен жұмыс істеуді үйренуде. Павлодар облыстық полиция департаменті кинология қызметі орталығының басшысы, полиция аға лейтенанты Қуанышбек Қабжановтың айтуынша, жоғарыдағы әр ауданға бір иттен бөлінген.

- Ұрлық-қарлық, қарақшылық, мал ұрлығы сынды қылмыстар ауылдық жерлерде жиі орын алатыны белгілі. Өткен жылы қызметтік иттердің көмегімен 200-ден астам қылмыс анықталды. Бұл көрсеткіш 2016-2017 жылдармен салыстырғанда едәуір көп. Аудандардағы орын алған қылмысқа облыс орталығындағы иттерді жіберу арқылы көп уақытты жоғалтамыз. Себебі кинологтың қызметі қылмыс орын алған уақытта жедел жүргізілуі тиіс. Сондықтан барлық ауданда кинология қызметі ашылады деп жоспарлануда, - дейді Қ.Қабжанов.

Қуанышбек Қайдарғалиұлының сөзінше, кинологиялық қызмет орталығында 29 ит бар. Оның 5-еуі жоғарыдағы аудандарға жіберілген. Иттердің тамағы облыс орталығынан жеткізіледі. Алдағы уақытта кинологтар Алматы қаласына барып, арнайы оқу мен жаттығудан өтетін болады.

Ананы анықтаған да - ит

Қуанышбек Қабжановтың кинология саласында қызмет атқарып жүргеніне 8 жыл болды. Өз саласын жақсы көретін маман өткен жылы басшылық қызметке тағайындалған.

Қазіргі уақытта Павлодар қаласында 2014 жылы ашылған орталықтағы 24 қызметтік ит есірткі, жарылғыш заттары бар адам іздеу бойынша жаттығады. Олармен 11 кинолог жұмыс істейді. Бұл көрсеткіш кинолог мамандарының аздығын көрсетеді. Орталықтағы барлық ит Алматы қаласындағы Кинологиялық орталығынан әкелінеді. Төрт аяқты сақшыларды қызметке баулу үшін қожайындары 4 ай иттермен бірге арнайы дайындықтан өтеді. Кинолог Қуанышбек қызметте Уллис есімді иттің адам іздестіру жұмыстарында жетістігі көп екенін айтады. «Рио» атты ит есірткіні жақсы анықтайды екен.

Естеріңізде болса, биыл төрт аяқты жануардың көмегімен Ақсуда қоқыстан табылған сәбидің анасы іздестірілген еді. Ит иіс арқылы полицейді жас босанған әйелдің үйіне алып барған болатын. Бұдан бөлек, заңсыз есірткі тасымалдаған адамдар да ұсталып, жоғалған бала да табылды. Міне, жоғарыдағы 200 қылмыстың әрқайсысына тоқталатын болсақ, қызметтік иттердің тәртіп сақшыларынан кем жұмыс істемейтінін аңғарамыз.

Облыстық полиция депар-таментінің кинологиялық қызмет орталығында спаниель, лабрадор тұқымды иттермен, неміс және бельгиялық овчаркалары жұмыс істейді. Неміс овчаркалары мен спаниель суыққа төзімді келсе, лабрадор мен бельгиялық овчаркалар аязды күндері жылы орынға жатқызылады екен. Иттер арнайы құрғақ жеммен қоректенсе, қыста бір мәрте ыстық тамақ беріледі. Әр иттің өз қожайыны, атқаратын міндеті бар. Олар әрбір екі жыл сайын Алматыда біліктілігін арттырып, ережеге сай жаттығуларды тапсырады. Осылайша, қызметтік иттердің жұмыстағы қабілеті тексеріледі. Мамандар төрт аяқты жануар бір секунд иіскеген иісті 5 жылға дейін ұмытпайтынын айтады. Тіпті, түнгі уақытта 100 метр аралығында қозғалған қыбыр-сыбырды сезіп, дауысты ажырата алады. Қызметтік иттер 8 жылға жуық жұмыс істеп, иіс сезу қабілеті төмендегеннен кейін «құрметті» демалысқа шығады.

- Күшік кезінде иттерде ойнау қабілетінің жоғары болуы маңызды. 6-7 ай бойы олар допқа үйреніп, жаттығады. Егер ит танауы арқылы көп жұмыс істесе, оны есірткі іздеу қызметіне баулимыз. Басқалары іздестіру ісімен айналысатын болады. Иттер мінез-құлықтарына байланысты адам іздеу, есірткіні анықтау, жарылғыш затты табу және одорология қызметтеріне бөлінеді, - дейді кинолог.

Иістен күдіктіні табады

Өткен жылдың соңында облыстық полиция департаментінің бастығы Амантай Әубәкіровтің бастамасымен іздерді иіс арқылы анықтауға мүмкіндік беретін одорологиялық лаборатория ашылған болатын. Мұнда қызметтік иттердің көмегімен тексеру шаралары жүргізіледі. Яғни, қылмысқа қатысы бар бірнеше адамның иісі анықталып, ажыратылады. Күдіктілерге қатысты іздерді қызметтік иттер иіс арқылы тануы тиіс. Ол көрсеткен факті күдіктінің саусақ ізі және дезоксирибонуклеин қышқылы (ДНҚ) талдаулары арқылы расталуы қажет. Мамандардың пікіріне сүйенсек, адамның иісі оның өзіне ғана тән химиялық «қолтаңбасы». Адам иісі киім-кешек пен аяқ киімге тез сіңіп, ұзақ сақталады екен. Бұл зертхана куәгерлерсіз жасалатын қылмыстарды ашуға көмектеспек. Жаңадан ашылған орын сарапшы-криминалистердің нәтижелі жұмыс жасауы үшін қажетті құралдармен толық жабдықталған.

- Зертханада криминалист мамандар жұмыс істейді. Олар қылмыс орын алған жерден бірнеше иіс алады. Қазір бұл бағыт бойынша Алматы қаласынан 3 ит дайындықтан өтті. Мәселен, қылмысқа қатысы бар деген күдіктілердің иістері 10 банкаға салынады. Ит жоғарыдағы саусақ ізі, ДНҚ талдаулары арқылы банкалардан күдіктіге қатысты иісті дұрыс анықтауы тиіс. Егер үш иттің барлығы бір банканы көрсетсе, тергеу ісі тоқтатылып, барлық материал сотқа жіберіледі, - дейді кинолог.

Осылайша, иісшіл иттердің көмегімен қоғамда орын алған қылмыстардың беті ашылуда. Болашақта барлық ауданда ашылатын кинология қызметі мен одорологиялық орталықтардың нәтижесінде күдіктілер жылдам анықталып, қылмыс саны азаяды деген ойдамыз.

 

Айдана ҚУАНЫШЕВА

saryarka-samaly.kz