ШАРМАНОВ Қуанышбек Қазыбекұлы - Шығыс Қазақстан облысының тумасы. Орта мектептен кейін С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің музыка факультетін тәмамдады. Кейін 2014-2017 жылдары «Әбу Бәкір Сыддық» медресе-колледжде діни білім алған. 2007-2008 аралығында президенттік стипендияға ие болды. 2011 жылы «Сиялы сыр» атты алғашқы жыр жинағы жарық көріп, сол жылы «Шарана» атты драмасы облыстық Ж. Аймауытов театрында сахналанды. 2013 жылы облыс әкімінің арнайы грантын иеленді. Талантты ақын 2006 жылдан бастап бірқатар айтыстар мен жыр мүшәйраларының жеңімпазы атанды. Атап айтар болсақ:

- «Ертіс жұлдыздары» IV халықаралық студенттер фестивалінде «Ақындар айтысы» номинациясынан бас жүлде. 2006 жыл.

- «Жас толқын» VI республикалық студенттер фестивалінің «Ақындар айтысы» номинациясынан бас жүлде. 2007жыл.

- «Ертіс-Баян жұлдыздары-2014» өнер фестивалінің «Поэзия және проза» номинациясының үздігі. 2014 жыл.

- Республикалық «Бес парыз және тарих тағылымы» жыр мүшәйрасында I орын иеленді. 2016 жыл.

- Қазақстан телеарнасы ұйымдастырған «Аламан айтыс» тележобасының «Азулы ақын» номинациясын иеленді. 2008 жыл.

- Жаяу Мұса Байжанұлының 180 жылдығына арналған облыстық жыр мүшәйрасының бас жүлдегері. 2015 жыл.

- Үкілі Ыбырайдың 150 жылдығына арналған республикалық ақындар айтысында І орынды жеңіп алды.

- Иса Байзақовтың 110 жылдығына арналған республикалық ақындар айтысында бас жүлдегер атанды. 2010 жыл.

2011 жылы ақынның «Сиялы сыр» алғашқы жыр жинағының тұсаукесеріне орай «Халқыма берер қазынам» атты шығармашылық кеші өтті.


- Қуанышбек, әңгімеміздің төркіні - ұлттық руханият. Осы ретте алдымен тілге тиек ететін тақырып - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлттық жаңғыру» бағдарламасының заңды жалғасы – «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламасы. Шығармашылық адамы ретінде осы бағдарлама біздің аймақтың руханиятына қандай серпіліс әкелуі тиіс деп ойлайсыз?

- Иә, «Ұлы даланың жеті қыры» - «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы, оны толық құптаймын. Елбасы: «Біздің тарихымызда ұялатындай ештеңе жоқ» дей келіп, сол тарихымыздың айтылмай келген тұстарын, «Ұлы дала елі» деп аталғаннан кейін сол даланың сырын, сол далада жетілген жауынгер елдің, дана елдің әлемге жасаған мәдени төңкерісін танып-білудің бүгінгі қоғамды құлдық санадан арылтатын үлкен күш екенін атап көрсетті. Өкінішке қарай, кейбіреулер «Рухани жаңғыру» дегеннің не екенін ұғына алмаған сыңайлы. Көрінген жерге рухани жаңғыру деген сөзді қыстырып алып, жаңғыруға түк те қатысы жоқ, қайта қаңғыруға алып баратын түрлі шараларды ұйымдастырумен әлек болды. Сөз басында «Елбасы және рухани жаңғыру» деген сөз тұрса болды, оның арғы жағына көп үңілмейді. Мұның бәрін Елбасы көрмей отырған жоқ. Сондықтан да, рухани жаңғыру үшін бізге мына мәселелерге қозғау салу керек деп ұлы даланың жеті қырын көрсетті және тайға таңба басқандай етіп, ол жобаларды қалай іске асыру керектігіне дейін тоқталып кетті. Шағын бағдарламасын жасап берді. Соның бірі, тарихи кино түсіру мәселесіне тоқталды. Ал біздің рухани жаңғыру бағдарламасы аясында түсірген бір киномыз «Кейкі мерген». Өте мықты кино. Бірақ жұтаң. Киімдер, массовка, т.б. қаражат тапшылығы көзге ұрып-ақ тұр. Жоғарыда айтқанымыздай, рухани жаңғыру деген желеумен желге ұшып жатқан қаражаттар осындай игіліктерге салыну керек дегенді нақтылады Елбасымыз. Атқа міну өнері, металлургия, алтын адам... біздің даламыз тарихқа тұнып тұр. Соның ішінде, ұлы даланың бір қыры «Түркі әлемінің бесігі» деп көрсеткен болса, қазіргі таңда біз көңіл бөлуге тиіс ең қажетті тұс осы деп ойлаймын. Бұл - әлемнің түкпір-түкпіріндегі түркі тектес мемлекеттердің қара шаңырағы біз деген сөз. Жалпы, бұл бағдарламаның Қазақстанның рухани-мәдени өміріне әкелер серпілісі осы бағыттарда болу керек деп ойлаймын.

- Дұрыс екен. Қуанышбек, көркем әдебиетке тоқталсақ. Жалпы, адамзаттың басты құндылығы неде? Ғабит Мүсірепов бір сөзінде: «Көркем әдебиеті ұлы болмай, ұлт ұлы бола алмайды, осыны ұмытпаңдаршы» деген екен...

- Менің ойымша әдебиет - адамды адамшылыққа тәрбиелейтін құрал. Ал жазушы немесе ақын, драматург дегендеріңіз - осы құралды жасайтын адамдар. Адамшылық дегеніміз ар, намыс, ұят деген нәрселерден тұрса, мұның барлығы «иман» деген ұядан тарайды. Яғни, әдебиет иманды болуы керек. Әйтпесе оның ұлтқа пайда келтіретіндей бір тиын да құндылығы болмайды. Өйткені сіздің жазған дүниеңізден біреу болмаса біреу әсерленеді. Сондықтан Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Сөйлесеңдер тек жақсы нәрсе айтыңдар, әйтпесе үндемеңдер», - деген. Демек, жаза алсаң тек жақсы нәрсе жазуың керек, әйтпесе үндемеуің керек. Жақсы нәрсе - жан тазалайды, жүректі жадыратады. Мейірімділікке, адалдыққа, тазалыққа шақырады. Айналып келгенде, сізді «жақсы адам» етеді. Ал жақсы адам мемлекетке жақсы тірек болады. Міне, сонда «Көркем әдебиеті ұлы болмай, ұлт ұлы бола алмайды», - деген Ғабит атамыздың сөзіне жан кіреді. Әдебиет жайлы менің ой-түсінігім осы. Ал өңір әдебиетіне келсек... Бір білетінім, өткен жыл біздің өңірлік әдебиет үшін табысты болды. Екі-үш ақынның кітаптары жарыққа шықты (өз қаржыларымен). Бірсыпыра жыр мүшәйралары ұйымдастырылды. Бейнепоэзиялар түсірілді. Облыстық жас ақын-жазушылар кеңесі құрылды. Осы шаралар биыл да жалғасын тауып, облыс басшылығы тарапынан қолдау болса деген тілегім бар. Бізде Асығат Тұрғанбек ағамыздың шәкірттері Оразбек Саяхат, Мәрес Байрон, Нұрбек Бәкір, Мизам Жұмаәлі сияқты жақсы ақындар өсіп келеді. Өткенде Тәуелсіздік күніне байланысты Ақсу қаласында өткен айтыста Ғалым Еркінбек деген жас ақын көзге түсті. Сөздері өткір екен. Болашағынан үлкен үміт күтіп қайттық. Республикада Сырым Әуезхан бауырымыздың сөз саптауы ұнайды. Өзіндік бағыты бар ақын.

- Қуанышбек, өзіңді жұртшылық жазба ақын, айтыскер ақын ретінде жақсы таниды. Ақындықтың осы екі саласының қайсысы өміршең деп ойлайсың?

- Өнер ретінде екеуі де өміршең, бірақ мінезі жағынан екеуі екі бөлек. Айтыс - сахна өнері. Оны кітаптан оқып әсерлене алмайсың. Өйткені ол тапқырлықты, әртістікті, тіпті әншілік пен домбырашы болуды да қажет етеді. Сол кезде сахнада тауып айтқан бір шумағыңның көркемдігі, ұйқасы жұтаң болса да әртістігіңмен, әншілігіңмен қосылғанда тыңдарманды дүр еткізуі мүмкін. Жиырма бірінші ғасырдың айтысы сахналық мәдениетке әбден көшкендіктен тіпті киген киімің де оған қатты әсер етеді. Ал поэзия сұлулықты, көркемдікті, астарлы ойды, терең тыныс пен ғажап суреттерді қажет ететіндіктен оны тыңдағаннан көрі, отырып оқыған жақсы. Себебі, бір шумаққа бір күн не бір апта толғануың мүмкін. Сол шумақтың әр жолында сенің жан дүниең, ішкі ойың болады. Кейде бір шумаққа бір атанның жүгін артасың. Ал оны жүрегіңнен өткізіп отырып, ойланып отырып оқымасаң, жүрдім-бардым тыңдай салған поэзия сені тәрбиелемейді. Бұл күні ақын да көп, өлең де көп. Ал оның шөбі мен шөңгесін, күріші мен күрмегін айырып беретін «елек» жоқ. Осы «елек» айтысқа да, поэзияға да қатты қажет-ақ болып тұр.

- Жалпы, айтыс өнері рухани қажеттілікке жата ма? Неге көпшілік поэзия оқығаннан гөрі айтысты көріп, тыңдауға ұмтылады? Бұрынғы айтыс- тар мен қазіргі айтыстардың арасалмағы қалай деп ойлайсың?

- Біз - сөздің қадірін түсінген, сөзге тоқтай білген, біреуі жұмбақтап, астарлап сөйлесе екіншісі жазбай түсініп отыратын, аттан жығылса да сөзден жығылмауға тырысқан дана, шешен халықпыз. Сондықтан болар, айтыс өнері біздің жанымызға көп жақын. Көне заманнан бүгінге жетуінің себебі осы болар. Тіпті жаңа ғасырда да жаңа белеске көтеріліп, төл өнердің ішіндегі ең көп көрермен жинай алатын өнер болып тұр. Ал оның рухани қажеттілікті өтеуі немесе өтемеуі ақынға байланысты. Кезінде Мұхамеджанның жүректен өткізіп айтқан айтыстағы шумақтары талай адамның иманға бет бұруына себеп болған. Мәселен, Біржан сал осы өнер арқылы Сара ақынға бас бостандық алып берген.

- Алайда, тарихта Біржан сал мен Сара айтысы болмаған делінеді ғой...

- Болған, тек шағын айтыс қана өткен. Меніңше, мұндай пікір Сара ақынның өмірі мен шығармашылығының дұрыс сараланбауының салдарынан туған секілді. «Сараның өмірі туралы» дерек жинап жүрген Т.Қалилаханов «Біржан айтты» деген мына өлеңді келтіреді: «Мінеки, жасым асты отыз бестен, Өткіздім сауық-сайран мен бір десте. Найманға келіп сәлем беремін деп, Еліңді іздеп келдім Ешкіөлмеске». Біржан сал бір топ жігітпен Сараның даңқын естіп Жетісуға іздеп келуі үлкен бір оқиға болса керек. Төребай мен Сара айтысы (бұл айтыс жарыққа шыққан) 1900 жылдары Тұрысбек қажының ауылында үлкен шілдехана тойында өтеді. Сонда Сара бастап Төребайға: «Белгілі әйелде ерке сал екенім, Біледі үйсін, найман Сара екенім. Атақты сал Біржаннан бата алғанмын, Біледі ел өлеңге ебім бар екенін. Қырықтың сегізіне жасым келді, Екпінім өзге ақыннан басым келді. Өзінің алшынынан бөлініп қап, Жүз қырық үй жағалбайлы қаңғып келді», - деп оның ұлы жүзге кірме екендігін айтқан. Кезінде Сәбит Мұқанов: «Біржан мен Сараның кездесуі анық. Мүмкін, алғашқы айтыс бұл көлемде болмай, артынан өңделіп толықтырылуы, сол толықтырған ақын Әріп болуы...» деп бұл айтысқа жоғары баға берген. Мұхтар Әуезов те бұл пікірді құптап, Біржан мен Сараның айтысы болғанын айтқан. Бұл айтысты Сара өзі бас болып таратқан, Әріп ақын ең алғаш хатқа түсірген делінеді. Мен бұл жағдайды өткен жылы Талдықорғанда Сара ақынның 165 жылдық мерейтойына барғанда естідім. Сараны Жиенқұлға айттырған ғой. Негізі Жиенқұл кәдімгі Құл деген рудан тараған делінеді. Құдалық мәселесі жоқтықтан туындаған ғой. Сараның отбасы қыста қатты қиналғанда балуан жамағайыны (атын ұмыттым) Тұрысбектің бір қара малын көтеріп алып кетіп, Сараларға сойып берген дейді. Сонда Тұрысбек қыспаққа алып, ақыры ақын Сараның қалыңмалы осы бір сиыр болған ғой. Сара бала кезінен ән айтып, «...атым Сара, ішінен қалың найман шықтым дара» деп бастап, мұңын айта береді екен. Мұны Әріп ақын естіп қалып, Біржанмен бір кездескенде айтады. Бұл кезде Біржанның шау тартқан кезі екен. Сол Ешкіөлместің етегінде Біржан мен Сараның шағын айтысы болып, сол айтыста Біржан сал «Сараны енді жылатпаңдар» деген мазмұнда өлең айтып, ақыры ел ағалары қызға бостандық беріпті. Сара ақынның сүйген жігіті болған деседі. Міне, айтыс, өлең сөздің құдіреті, сөзге тоқтай білген қазақтың қасиеті қандай?! Ал бұрынғы мен қазіргі айтыстың арасалмағына келсек, қазір айтыс жетер биігіне жетіп, тоқырау кезеңіне келді. Бұл - менің ойым. Бұған дәлел, кезіндегі Шынболаттың шындығын мың орайтын небір шумақтар айтылған жерде қалып, оның орнына әнге салып айтқан жаман, жадағай өлеңің елге таралып кетеді. Осыдан кейін айтыс та шоуға құмар қазіргі қоғамды бұл былықтан шығара алмай, соның батпағына өзі тартылып бара жатқан сияқты. Осы жағдай өкінішке әкеле жатқандай.

- ХХ ғасыр қазаққа Абайдан бастап небір ұлы тұлғаларды берді. Тіпті әдебиетте, ғылымда, өнер мен мәдениетте, қай салада болмасын өшпес қолтаңбасын қалдырған хас таланттар халық жадында қалды. Олар халықтың рухани өміріне үлкен серпілістер әкелді. Қазір ше?

- Бүгін жақсы дегеннің ертең жаманы көрініп жатқанда ешкім туралы ештеңе айта алмаймын. Дініңді жоққа шығарып, Пайғамбарыңның (с.ғ.с.) бетіне түкіріп тұрған адамға да мемлекеттік сыйлық беріп жатқан уақыт қой. Нағыз қазаққа қызмет етіп жүргендердің көбі жарнамасыз, айғай-шусыз іс жасап жатыр. Оны ертеңгі уақыт көрсетеді. Бір білетінім - кешегі бабаларымыздың ізін басқан таланттар кешегіден көп болмаса аз емес. Халықтың рухани өміріне серпіліс әкелген адамның біреуін болса да атау керек десеңіз, онда бұл салада бүгінгі таңда ең үздік тұрған жандар – «имамдар» дер едім. Мемлекеттік қызметкерлер менсінбей қараса да, еткен еңбегіне ақы төленбесе де, тіпті жылына біреуі болса да мемлекет тарапынан ағыл-тегіл таратылып жататын сый-сыяпаттардың бірін көрмесе де ұлтымызға адал қызмет етіп, қоғамның тыныштығын сақтауға, елді имандылыққа шақырып, рухани азғындықтан арашалауға, ел ішіне іріткі салып жатқан түрлі ағымдардың бетін қайтаруға үлкен септігін тигізіп тұрған осы адамдар.

- Солай ма? Бұл пікірің дұрыс екен. Жалпы, Қуанышбек, қазақ несімен биік тұрған ел деп ойлайсың? Осалдығымыз неде? Бөкейханов кезінде «Ұлтқа қызмет ету - мінезден» деді. Осы мінез бізде бар ма?

- Қазақ – сабырлы, қанағатшыл, үлкенге құрмет, кішіге ізет қыла білетін иманымен, қонақжайлығымен басқадан биік. Қазір сабырлылығымыз - бейқамдыққа, қанағатшылдығымыз – жалқаулыққа, үлкенге құрмет, кішіге ізет қылатын әдебіміз желілік жарнама үшін жасалатын көзбояушылыққа айналып, қонақжайлығымыз үйдегі сараңдыққа, түздегі ысырапшылдыққа ауысып барады. Кешегіден әлдеқайда тоқшылық заманда, баршылық заманда тұрсақ та, үйге келген құдайы қонақты кешегі әке-аналарымыздай разы қылып күте алмаймыз. Үйдегі сараңдық осы. Ал керісінше, мейрамханаларды жағалап той қылғанда, бәленшеден асып түсемін деген бәсекемен сол тойға миллиондар шашқанда алдымызға жан салмаймыз. Түздегі ысырапқорлығымыз осы. Қазір біздің сөздік қорымыздан «аманатқа қиянат жүрмейді» деген, «көрші ақысы - тәңір ақысы» деген, «уәде – Құдай сөзі» деген сөздер қалып барады. Неге десеңіз, біз бұл қасиеттерден айырылып қалғанбыз. Ешкімге еш нәрсемізді аманаттай алмаймыз, есігімізді қаттырақ ашқанда көршінің есігіне тисе де онымен жақсы араласа алмаймыз, туғанымыз болса да, уәдеге тоқтай алмай, нотариусқа сүйрейміз. Міне, осалдығымыз осы. Тағы бір осалдығымыз - қызғаншақтығымыздан әр нәрсеге әділет көзімен, ақиқат көзімен қарай алмайтындығымызда. Мәселен, бір адамның бір сатыға өскенін естісек, оны мақтаймыз, екі сатыға өскенін естісек, үндемейміз, үшінші сатыға шыққанын естігенде оны жамандай бастаймыз. Ақыры болмай бара жатса, құлагер болса да құлатып жіберуге дайынбыз. Ал мінез жайына келер болсақ, біз бүгін барған жерінде шу шығарып жүретін айғайшылды, аттаншылды, қалайда менікі дұрыс дейтін жөнсіз қырсық, қызбалықты мінезді адам деп түсінетін сияқтымыз. Ал негізінде, мінез деген көркем болады. Көркем мінезді адамның ұлтына тигізетін пайдасы көбірек. Мінезі көркем адам ғана баршылық пен жоқшылықта сыр бермейді. Мінезі көркем адам ғана ел тізгінін берік ұстап, соңынан ерген халықты түрлі қыспақтар мен тар жолдардан аман алып өтеді. Сондықтан Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Таразыда ең ауыр тартатын нәрсенің бірі көркем мінез, мінезі көркем адамға жаннаттың төрінде сарайы болатындығына кепілдік беремін», - деген.

- Шал ақын «Жамандар өзін-өзі зорға балар, бір өзінен басқаны төмен санар» десе, кейінгі ақындардың бірі «Жамандар жақсымын деп айқайлайды, Жақсылар жақсымын деп айта алмайды» дейді... Қазір өзін өзі жарнамалау, әлеуметтік желілерде ішкен-жегені, кіммен жүріп-тұрғаны, қайда барып, қайда жүргенін жиі көрсетіп, жазатындар көбейді (Кәсібін, бұйымын жарнамалайтындар бір басқа).

- Әлеуметтік желі - заманның үлкен жетістігі. Одан қашуға болмайды. Бірақ, мұны дұрыс түсінбегендіктен өзіңіз айтқандай, бір тобымыз ішкен-жегенімізді желіге салып, екінші тобымыз оларды сөгіп, сөз қылып жүргенде өзге ұлттар бізге шаңын да көрсетпей кетті. Мектеп жасындағы балалары мобильді қосымшалар ойлап тауып жатса, үлкендері ұшатын көлік шығарып қойды. Біздің елге кешірек келгеннен болар, біз әлі әлеуметтік желіні қызықтап бола алмай жатырмыз. Бір күні мұның бәрі қызық болмай қалады. Сол кезде бізде жұрт сияқты ойлана бастаймыз. Біз де әлемге төңкеріс жасайтын бір нәрселер ойлап табуға көшеміз. Мүмкін, біздің талантты бауырларымыз бұл жағын бастап та қойған шығар. Ондайлар болса, Алла жар болсын! Біз өнерлі, ақылды халықпыз. Мен осыған жүз пайыз сенемін.

- Қуанышбек, өз шығармашылығың жайлы сөз қозғасаң... Ана бір жылы «Сиялы сыр» атты өлеңдер жинағың жарық көрді. Былтыр «Сағындым ғой бәрін» атты өлеңі мен әні құйылып түскен алтындай тамаша әнің жарқ етті. Термелерің де баршылық-ау... Тоқетері, шығармашылық кеш өткізу, еңбектеріңді жинақтап көпшілікке таныту секілді жоспарың жоқ па? Жалпы, өмірде өзіңді, өз жолыңды таптым деп ойлайсың ба? Бақыттымысың?

- Иә, бақыттымын, Аллаға шүкір. Менің ақындыққа, әдебиетке талпынуыма отбасым себеп болды. Отбасында алты баланың кенжесімін. Маған дейінгі аға-апайларымның бәрі де домбыра тартып, ән салады. Анамның ақындығы бар еді. Бала кезімде анамның қара өлеңмен айтысқанын көргенмін. Біздің үйде әдеби кітаптар көп оқылатын. Соның әсері болар, мен 4-сынып бітірген жылы Сәкен Жүнісовтің «Ақан сері» романын толық оқып шықтым. Екінші себеп болған адам - ауылдағы кітапханашы Райгүл апайымыз бен Серік Жұматов деген айтыскер ақын ағамыз. Серік - Айнұр Тұрсынбаеваның әкесі. Ол кісі маған ұстаздық етті. Маған сеніп, менің шығармашылығыма барынша көмек көрсетіп отырған отбасым, тілеуімді тілеген ағайын-туған, достарым бар. Шығармашылық кешті жоспарлап жүргеніме бір жылдай уақыт болды. Алла нәсіп қылса, биылғы жылы өткізіп қалармын. Бір емес, екі жинақтың құлағы көрініп тұр. Көп мәселе қаражатқа тіреледі ғой. Алла ғұмыр берсе, бәрі өз уақытымен болар. «Сағындым ғой бәрін» әні осыдан 10 жыл бұрын жазылды. Жұмыстан шаршап үйге келсем, үйде ешкім жоқ екен. Кешкі алакеуім уақыт. Бір әуен ойыма орала берді. Домбыраны алып едім, бір әуен көкейіме құйыла берді. Ғажап! Содан шамалы ғана уақыттың ішінде әні де, сөзі де бірге шықты. Алғашында «МузАртқа» бергім келді. Бірақ олармен қалай байланысарымды білмей жүрдім. Солай біраз уақыт өтіп кетті. Одан кейін «Думан» тобына бергім келді. Олар да ұнатқан сияқты болды, бірақ айтпады. Сонымен тағы қалып қойды. Бір-екі жерде домбырамен орындап едім, сол достарымның арасында таралып кетті. Содан бір күні Жарқынбек Амантайұлы осы әнді Әбудәуіт Займолда айтса деп өтініш қылды. Жазылғанына 10 жыл өткен, ыстық-суығы әбден басылған еді. Жақсы ән екеніне өзім де сенбей бара жатқан кез. Қалай болар екен деп біраз ойланып едім, Жарқынбек қоймады. Сонымен ән жарыққа шықты. Бір қызығы, «МузАрт» тобына бере алмасам да, сол ән «МузАрт» тобының студиясында жазылды. Өмір қызық қой.

- Алматыдағы «Өнер қырандары» театрымен жақсы байланыста екеніңді білеміз...

- Иә, ол театрмен 2014 жылдан бері шығармашылық одақтамыз деуге болады. Менің «Тас қоғам» деген термем бар еді. Соны бір ауылды жерде орындап едім, қасымдағы достарым видеоға түсіріп алып, ютуб желісіне салып қойыпты. Оны Мадияр көріп ұнатыпты. Маған хабарласып, мына термеңізді біз орындасақ деді. Содан бері шығармашылық байланыстамыз. Қаншама әндеріне сөз жаздым. Қаншама монологтар жаздым. Аллаға шүкір, жақын араласып кеттік. Жігіттердің бәрі намазхан, таза, көркем мінезді, еңбекқор азаматтар. Ең бастысы, елге пайдамыз тиетін бір нәрсе істесек деп жақсылыққа талпынып жүреді. Мен олардан көп нәрседе үлгі алдым. Алла осы сыйластығымызды баянды қылсын деп тілеймін.

...Мені толғандыратын жайттар көп. Мысалы, Астананың 20 жылдығы деп жүргенде осы мерейтойға тартудай болып жаңа мешіт ашылды. Ол «Ырыскелді қажы» мешіті деп аталса да, сыртқы пішіні әдемі гүлге ұқсағандықтан елдің бәрі «Алланың гүлі» деп атап жүрді. Дәл осы сәттерде Астанадағы қоқыс жәшіктерінің бірінен тастанды сәбидің табылғаны айтылып жатты.

Ер болар ма еді ірі есімді елге,
Соңынан еріп мың сан үй.
Іңгәләп жылап күресін жерде,
Іңірде қалды бір сәби.

Ер болар ма еді күнінде дара,
Ел десе жаны тым бөлек.
Іңгәләп жатып іңірде ғана,
Үзіліп кетті бір бөбек.

Астана, сені көрсем деп келген,
Ол да бір жалын от шығар.
Бәйтерегіңдей өнсем деп келген,
Өлсем деп келген жоқ шығар.

...Қаншама сырды бүгіп ағасың,
Тынып ағасың, Есілім!
Ұлт үкім сұрар ұлы қаласың,
Ұғыссақ деп ем осы күн...- деген жолдар өз-өзінен құйылған еді сонда.

2011 жылы кіші қажылыққа бардым. Барғым келіп жүрген кез еді. Бір күні Сара Тоқтамысова деген айтыскер ақын апайымыз қоңырау шалып, сүйінші сұрады. Астана жақта бір үлкен айтыс өтіп, айтыс- тан кейін бизнесмен ағалар келіп, айтысқа қатысқан ақындарды кіші қажылыққа апаратын болыпты. Сол кезде Сара апай мені қосып жіберіпті. Солай барып келдім. Сосын 2016 жылы үлкен қажылыққа жолым түсті. «Әзірет сұлтан» мешіті ұйымдастырған «Бес парыз және тарих тағылымы» жыр мүшәйрасынан бірінші орынды жеңіп алып, жүлдеге тігілген үлкен қажылықтың жолдамасы қанжығама байланды. Міне, осындай сәттіліктер кейде көңілімізді көкке шығарады. Сосын айтысқа қатысу... ондағы шиыршық атқан жекпе-жек... Жеңістің дәмі! Жалпы, мен айтысқа шамам келгенше жақсы дайындықпен баруға тырысамын. Қашанда әр айтыстың алдында жоқ дегенде бір апта дайындалумен боламын. Өйткені бір сөзден абыройың төгіліп, бір сөзден беделің көтеріледі. Өте қауіпті өнер ғой. Психологиялық тұрғыдан да көп дайындық керек. Бәйгеге шабатын ат сияқтысың, бабың келіспесе бағың жануы қиын.

Қазір тек діни кітаптар оқып жүрмін - Құран, Хадистер, Фиқһ мәселелері, Пайғамбар сүннеттері. Бұлардың қай-қайсысы да жаныма нұр, көкірегіме шуақ құяды!

- Рақмет, Қуанышбек! Өнеріңмен өрге жүзе бер!

 

Сұхбаттасқан - Сая МОЛДАЙЫП.

saryarka-samaly.kz