Әстерхан СӘРСЕНБАЕВА, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі:

- Иә, мектеп талабын орында-мағандарға, бала тәрбиесіне көңіл бөлмегендерге, сабақты босатуына байланысты салынатын айыппұл белгіленген. Бұрыннан бар заңды талап болса да, әлеуметтік желілерде талқыға түскені бір есептен дұрыс та. Сабақты себепсіз босатудың ар жағында тәртіпсіздік, жауапсыздық, кей жағдайда қылмыстың мәселесі тұр. Күні бойы мектеп бетін көрмеген жасөспірім мұндайда немен айналысады? Алдымен мектеп қадағалап, анықтап, ондай оқушының мәселесін білім саласын бақылайтын басқармаға жібереді. Мұндай басқарма барлық аймақта жұмыс істейді. Бір мәселе, оқушыны мұндай жолмен жазалау дұрыс емес секілді. Оның түп тамырына үңілу керек. Біздің жақтағы отбасылар мен Астана, Алматы жақтың отбасыларын салыстыруға болмайды. Бізде отбасына мүлдем кіріс кірмейтін, жұмыссыз жүрген ата-аналар бар. Оларға ақшалай айыппұл салып немесе төлей алмаған жағдайда қамауға алынса, не болмақ? Мен байланыс жасайтын Американың кейбір штаттарында мұғалімдердің әлеуметтік жағдайы, жалақысы әлдеқайда жақсы. Сондықтан олар көп ізденеді, сабақты мазмұнды, қызықты өткізуге ұмтылады. Оларда оқушының сабақтан кетіп қалуы, пәннің қызықсыз өтуі деген мәселе жоқтың қасы. Меніңше бұл мәселенің себебін әлеуметтік жағдайлардан іздеген жөн.


Еркімбек АЯЗБАЕВ, облыстық білім саласын бақылау департаментінің басшысы:

- Әлеуметтік желілерге тарап кеткен осы бір мәселе туралы бәріміз де хабардармыз. Бұл жағдай Өскемен қаласындағы №15 орта мектепте болған бір жағдай басқаша мағынада беріліп жіберілген. Содан көпшілік арасында мектепке себепсіз бармаған оқушыға айыппұл салынады деген хабар жаңалық есебінде тарады. Рас, мектептерде сабақты себепсіз жиі босататындар баршылық. Ондай балалар көп ретте сәтсіз отбасылардан шығады. Дей тұрғанмен, біздің аймақта күні бүгінге дейін сабақ босатқаны үшін айыппұл салынған ата-ана болған емес. Жалпы алғанда, айыппұл салу мәселесі жылдам шешіле қоймайды. Ол үшін алдымен сынып жиналысы, ата-аналар жиналысы, педкеңес өтеді, солардың шешімі бойынша бұл мәселені кәмелетке жасы толмаған балалар мен жасөспірімдер істері жөніндегі комиссия анықтайды. Сосын барып сотқа жолданып, сот шешімі шығады. Біздің облыс мектебінің бірінде өткен жылы оқушы қыздардың мектепке бастарына орамал тартып келу туралы фактісі кездесті, біз ата-аналарға түсіндірме жұмысын жүргізіп, ескерту жасадық. Мектеп талабы орындалды. Мектеп формасы, сабақ босату, ұстаз мәртебесі сынды сауалдар бойынша біз үнемі ата-аналармен, білім ордаларымен кездесулер өткізіп, түсіндіріп тұрамыз.


Бижамал ЕСЕЛБАЕВА, ата-ана, Ақсу қаласы:

- Ортақ тәртіпке бағынбау, сабақ босату, тәртіпсіздік жасау секілді келеңсіздіктерге орай шара қолдануды өз басым ата-ана ретінде құптаймын. Көпшіліктің ортасы - оқу орны түгілі үйде бала тәртіпсіздік жасаса да ескерту жасап, екінші рет қайталанбауын талап етіп, тіпті сый, әлдебір қызыққан затын алып беруден ата-ана ретінде бас тарту тәрбиесін де дұрыс деп есептеймін. Өйткені, бала жақсы мен жаманның не екенін біліп өсуі тиіс. Баласының тәртібі, сабақ босатуы мәселесіне байланысты айып салу секілді іс-шара ата-анаға немесе баланың тәртібіне жауап беретін заңды өкілдердің жауапкершілігін арттырады. Дегенмен, «Таяқтың екі ұшы» бар демекші, әкімшілік кодекстің бабында көрсетілген 7 айлық есептік көрсеткіш (17 765 теңге) тым ауыр емес пе деген ой туындайды. Өйткені, көп жағдайда сабақ босататындар, тәртіп бұзатындар - аз қамтамасыз етілген немесе көп балалы отбасылардың балалары. Сондай-ақ бұл жерде оқушы немесе колледж студенті сабақты неше рет, қандай жағдайда босатты дегендей де мәселе қаперге алынуы тиіс.

 

«Алаңды» үйлестірген – Сая МОЛДАЙЫП.

saryarka-samaly.kz