Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев былтырғы Жолдауында «Педагог мәртебесін арттыру туралы» Заңды әзірлеуді тапсырған болатын. Бұдан соң 60 адамнан тұратын жұмыс тобы құрылып, заң жобасын дайындауға кірісті. Ресми дерек бойынша, еліміздің әр түкпіріндегі ұстаздар 8 мыңнан астам өтініш пен ұсыныс жолдаған. 6 бөлім мен 21 баптан тұратын заң жобасы қоғамның талқысына түсіп, түрлі ой-пікір айтылуда.

Әлбетте, жоба мұғалімдердің мәртебесін арттыруға бағытталғандықтан, олардың құқықтық, әлеуметтік және кәсіби мүмкіндіктерінің аясын кеңейтуге, жағдайын жақсартуға баса мән берілді. Мәселен, бұған дейін бастауыш сынып оқушыларының дәптерін тексергені үшін мұғалімдерге 3500 теңге төленіп келсе, енді 10600 теңге беру қарастырылуда. 5-11-сынып оқушыларының дәптерін тексерген ұстаздардың үстемеақысы 4400 теңгеден 12200 теңгеге дейін өсуі мүмкін. Сонымен қатар, 30 жылдық тәжірибесі бар ұстаздарды зейнетке шығару мәселесі аталмыш заң жобасына енгізіліпті.

Бұл жайт қоғамда қызу талқылануда. Айталық, орта мектепті тәмамдап, 18 жасында педагог мамандығы бойынша жоғары оқу орнына түскен адам 48 жасында зейнетке шыға ала алады. Яғни, еңбек өтіліне университетте білім алған мерзімі қосылады. Ол үшін қалған 26 жыл бойы мектепте үздіксіз қызмет етсе болғаны.

- Біз ұстаздың зейнетке ерте шығуы үшін қанша еңбек өтілі болуы тиіс екенін ұзақ талқыладық. Көрші мемлекеттердің тәжірибесін қарадық. Сөйтіп, үздіксіз 30 жыл ұстаздық еткен адамның зейнеткер атанғаны дұрыс деген байламға келдік, - деген еді ҚР Білім және ғылым министрлігі мектепке дейінгі және орта білім беру департаменті директорының орынбасары Сәуле Қабимолдаева.

Мұндай жаңалықты ұстаздардың бір тобы қуана қабылдаса, кейбіреулер қолдай қоймады.

- Мұғалімдердің жүктемесі ауыр, жауапкершілігі зор, жұмысы қиын. 30 жылдық еңбектің өзі аз емес. Балаларға білім беру жолында аянбай тер төккен дұрыс, әрине. Бірақ денсаулықты да ойлау керек. Сондықтан 48 жаста зейнетке шыққан жөн, - дейді екібастұздық мұғалім Нұрсұлу Иманбекова.

Десе де, мұғалімдердің барлығы бірдей бұл пікірмен келісе қоймайды. Әлеуметтік желілерді ақтарсаңыз, заң жобасындағы бұл жаңашылдықтың енгізілгеніне қарсы адамдардың барын да аңғару қиын емес. «48 жасқа дейін зейнетақы қорына қомақты қаржы жинап үлгермейді, кейін зейнетақысы аз болады», «Бұл - мұғалімнің шеберлігін шыңдап, кәсібилігін ұштай түсетін уақыты. Оқытуға, білгенімен бөлісуге күш-қуаты жетеді», «Қызметін ерте аяқтаған ұстаз одан кейін қайтіп күн көрмек?» деген сынды пікір көп. Бүгінгі күні зейнетке шықса да, жұмысын тастамай, 60-70 жасқа дейін еңбек етіп жүрген мұғалімдердің барын көз көріп жүр. Сондықтан бұл пікірлер қисынды ма деп қаласың.

Осы орайда ескеретін маңызды тұс, зейнетке ерте шыққан педагогтың орнын толтырар жас маман болар ма екен? Қазіргі уақытта мұғалімдер 60 жасқа таяп, одан асқан уақытта зейнеткер атанса да, олардың ізін басар ұстаздар бірден табыла қоймайды. Заң жобасын қабылдар тұста осы жайтты да назарға алса игі.

Айта кетелік, «Педагогтар мәртебесі туралы» заң ақпан айында Парламент депутаттарының қарауына ұсынылады. Жазда қабылданып, жыл соңына қарай күшіне енуі әбден мүмкін.

 

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz