Айнаш Әлімқанова, Ақсу қаласының тұрғыны:

- Осы жылдың 20 наурызында 58 жасқа толамын. Менің зейнетке шығу мүмкіндігім бар ма?

Ұлан Ашен: - Өкінішке қарай, сіз осы жылы емес, 2020 жылы зейнетке шыға аласыз. Сіздің туған күніңіз 1961 жылы 20 наурызда, яғни сіз зейнетке жасыңыз 59 жас 5 ай толғанда ғана шыға аласыз.

Оқырмандарға түсінікті болуы үшін осы сауалға кең көлемде жауап беріп кетсем. Елімізде зейнетақы төлемдерiн тағайындау 2001 жылғы 1 шiлдеден бастап ерлерге 63 жасқа толғанда, әйелдерге 58 жасқа толғанда жүргізіле бастаған еді. Бұл ретте әйелдерге жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап – 58,5 жасқа толғанда болады. Бұл 2018-2027 жылдар аралығында кезең-кезеңімен жүзеге асады. Зейнет жасына әр жыл сайын алты ай қосылып отырады. Яғни 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап – 59 жасқа толғанда, 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап – 59,5 жаста. 2027 жылы әйелдердің зейнетке шығу жасы 63-ті құрайды.

Зейнетақы жасының ұлғаюы қазіргі уақыттағы зейнетке ерте шығу жеңілдіктері бар әйелдерге қатысы жоқ. Олар 45 жаста – «Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес төтенше және радиация қаупі ең жоғары аймақтарда 1949 жылғы 29 тамыз – 1963 жылғы 5 шілде аралығында 5 жыл тұрған азаматтар мен 53 жаста - 5 және одан көп бала туған (асырап алған) және оларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеген әйелдер.

Тілші: Қазіргі таңда зейнетақының үш түрі бар. Яғни базалық, ынтымақты, ерікті зейнетақы. Осыларға кеңінен тоқталып өтсеңіз. Олар қалай есептеледі?

Ұлан Ашен: - Қазіргі уақытта Қазақстанда базалық, міндетті және ерікті деңгейлерден тұратын көп деңгейлі зейнетақы жүйесі жұмыс істейді.

Бірінші деңгей (базалық) – мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі, екінші деңгей (міндетті) – ынтымақты жүйедегі зейнетақы және міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін зейнетақы. Ал үшінші деңгей (ерікті) – ерікті зейнетақы жарналары есебінен берілетін төлемдер.

Базалық деңгейде мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі көзделген. Ол Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын азаматтарға тағайындалады. Бұл зейнеткерлік жасқа жеткен кезде ынтымақты және жинақтаушы зейнетақы алуына қарамастан жүзеге асырылады.

2018 жылдың 1 шілдесінен бастап оны тағайындау әдістемесі өзгерді. Ол зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты тағайындалады. Яғни бұған әрбiр бала 3 жасқа толғанға дейін күтім жасау, бiрiншi, екiншi топтағы мүгедекке, сондай-ақ 80 жасқа толған қарт адамдарға күтім жасау, 16 жасқа дейін мүгедек балаға күтiм жасаған уақыт, әскери қызметшiлер, арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлері, дипломатиялық қызметкерлердің жұбайларының бірге тұрған уақыты кіреді.

Базалық зейнетақыны тағайындаудың жаңа әдістемесі әлеуметтік әділеттілік принципіне сәйкес келеді. Яғни адам неғұрлым көп жұмыс істеген сайын оның зейнетақы мөлшері көбейеді.

Ал ынтымақты зейнетақы бойынша 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша кемінде 6 ай еңбек өтілі бар жеке тұлғаларға еңбек өтіліне пара-пар жүзеге асырылатын республикалық бюджет есебінен зейнетақы төлемі. Ынтымақты зейнетақы мөлшерінде тағайындалады.

Үшінші деңгей - ерікті зейнетақы жарналары есебінен төленетін төлемдер. Қазақстан Республикасының қолданыстағы зейнетақы заңнамасына сәйкес, азаматтарға өз жинақтарын ерікті зейнетақы жарналары есебінен ұлғайтуға қосымша мүмкіндік берілді. Бұл өз ретінде зейнеткерлерге болашақта қосымша табыс көзі бола алады.

Қанат Нұрмұхаммет: Шарбақты ауданының тұрғыны:

- Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жинақты бірден ала аламын ба?

Нұржамал Дүйсенбаева: - Заңдағы соңғы өзгерістерге сәйкес Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жиын ақшаңызды бірден ала алмайсыз. Негізі, көптеген адамдарды осы сұрақ мазалайды деп ойлаймын. Толығырақ айтып кетейін. Бұл Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 29 қыркүйекте бекітілген қаулысына сәйкес БжЗҚ-нан төленетін міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан зейнетақы жинақтарынан зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру қағидаларына өзгерістер енгізілді.

2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап БжЗҚ-дан міндетті зейнетақы жарналары және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы төлемдері тек ай сайын жүзеге асырылады.

БжЗҚ-дан ай сайынғы төлемдерді есептеу үшін зейнетақы жинақтарының ағымдағы құнының коэффициенттері қолданылады. Ал ол қазақстандықтардың орташа өмір сүру ұзақтығына байланысты есептеледі.

Зейнетақы қорынан зейнетақы төлемдері зейнеткерлік жасқа толған азаматтарға және 1-ші, 2-ші топтардағы мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленген адамдарға ай сайын төленеді. Егер зейнетақы төлемдерін алушы өтініш берген күні оның шотындағы жинақтардың сомасы ең төменгі зейнетақының 12 еселенген мөлшерінен аспаса, бұл сома алушыға бір рет толығымен төленеді. Ал егер асып кетсе, зейнетақы төлемдері ай сайын жүзеге асырылады.

Гүлжан Мұрагер, Павлодар қаласының тұрғыны:

- Біз жылына 1 рет кезекті еңбек демалысына шығамыз. Осы кезде бізге тиесілі ақшалай материалдық көмек қалай төленеді? Оған жыл бойы алып келген сыйақыларымыз қосыла ма?

Қазиза Баяхметова: ҚР Еңбек кодексінің 87-бабына сәйкес жұмыскерге жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысы орташа жалақысы сақтала отырып беріледі.

Орташа жалақыны есептеу тәртібі бес күндік, сондай-ақ алты күндік жұмыс аптасында орташа айлық жалақыны есептеу белгіленген қосымша ақылар мен үстемеақылар, сыйлықақылар және еңбекақы төлеу жүйесінде көзделген тұрақты сипаттағы басқа да ынталандыру төлемдері ескеріле отырып, тиісті кезеңдегі орташа күндік (сағаттық) жалақының есебінен нақты жұмыс істелген уақыт үшін жүргізіледі.

Орташа жалақыны есептеуде Қағидалар қосымшасына сәйкес тұрақты сипаттағы емес төлемдер (біржолғы көтермелеу төлемдері (біржолғы ақшалай сыйақыларды қоса алғанда) ескерілмейді. Яғни еңбек демалысына шыққан кезде берілетін бір реттік ақшалай көмек тек сіз жұмыс істеген 12 айдағы айлық жалақыңызды қамтып, одан шыққан ортақ төлеммен беріледі. Ал жыл бойы сіздерге төленген сыйақыны бұл сомаға қосу-қоспау ол мекеменің басшылығының өз еркінде болып табылады.

Қанат Молдабеков, Павлодар қала-сының тұрғыны:

- Алла қаласа, осы жылы зейнетке шығамын. Еңбек өтілім - 40 жыл. Соңғы 4-5 жылда денсаулығыма байланысты лауазымым төмендеді. Онымен қоса жалақым да азайып кетті. Бұрын 150 мың теңге көлемінде еңбекақы алсам, қазір 90 мың теңге алып жүрмін. Менің білгім келгені, зейнетке шыққанда маған оны қалай есептеп береді?

Ұлан Ашен: Заңға сәйкес, жасы бойынша зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеу 1995 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыста болған үзілістерге қарамастан, қатарынан кез келген 3 жыл жұмыс үшін орташа айлық табыс негізге алына отырып, зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеу жүзеге асырылады. Осы орайда 1998 жылдың 1 қаңтарынан бастап орташа айлық табыс БжЗҚ-ға міндетті 10 пайыздық зейнетақы жарналары аударылып отырған табыстан есептелінеді.

Жыл сайынғы республикалық бюджет туралы заңда белгіленетін ынтымақты зейнетақыны есептеу үшін қабылданатын заңмен көзделген шекті табыстың мөлшері 46-айлық есептік көрсеткіш шегінде есепке алынады. 2019 жылы орташа айлық табыстың шектелуі 46 * 2 525 = 116 150 теңгені құрайды.

Демек, зейнетақы төлемдерін тағайындау үшін Сіз өзіңізге тиімді 1995 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнеткерлік жасқа жеткенге дейінгі 3 жыл ішіндегі табысыңызды ұсына аласыз.

Қанат Ермеков, Ақсу қаласының тұрғыны:

- Менің білгім келгені, өзім Ақсу қаласындағы жауапкершілігі шектеулі серіктестікте қызмет етемін. Елбасының 1 қаңтардан бастап еңбекақыны өсіру туралы тапсырмасы берілгеннен бері жалақымыз өсе ме деп күтіп жүрміз. Естуімізше, біздің ЖШС жалақыны бұрынғыша қалдырады екен. Бұл қаншалықты орынды?

Қазиза Баяхметова: Қазақстан Респуб-ликасы Еңбек кодексінің 103-бабына сәйкес, жұмыскердің айлық жалақысының мөлшері жұмыскердің біліктілігіне, орындалатын жұмыстың күрделілігіне, санына және сапасына, сондай-ақ еңбек жағдайларына қарай сараланып белгіленеді. Айлық жалақының мөлшері ең жоғары мөлшермен шектелмейді.

Жалақы жұмыскерге жұмыс уақытын есепке алу бойынша жұмыс берушінің құжаттарында есепке алынған нақты жұмыс істеген уақыт үшін төленеді. Осы кезеңге айқындалған жұмыс уақытының нормасын толық атқарған және еңбек нормаларын немесе еңбек міндеттерін орындаған жұмыс-кердің айлық жалақысының мөлшері тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы Қазақстан Республикасының заңында белгіленген айлық жалақының ең төмен мөлшерінен кем болмайды.

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың 2018 жылғы 5 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауында Үкіметке 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақының 1,5 есе, яғни 28 мыңнан 42 мыңға дейін өсіруді тапсырды.

«2019-2021 жылдарға арналған респуб-ликалық бюджет туралы» Қазақстан Респуб-ликасының 2018 жылғы 30 қарашадағы №197-VІ Заңының 8-бабы 1-тармағына сәйкес жалақының ең төмен мөлшерi 42 500 теңгені құрайды.

Демек, айқындалған жұмыс уақытының нормасын толық атқарған және еңбек нормаларын немесе еңбек міндеттерін орындаған жұмыскердің айлық жалақысының мөлшері 42 500 теңгеден кем болмауы тиіс. Егер де 2019 жылға дейін жұмыскердің жалақысы 42 500-ден кем болған жағдайда жұмыс беруші бұл жалақының мөлшерін 42 500 теңгеге дейін көтеруге міндетті. Ал жалақылары ең төмен мөлшерден жоғары басқа жұмыскерлердің жалақысын көтеру-көтермеу жұмыс берушінің (ЖШС-нің) құқығы болып табылады.

- Менің екінші сауалым бар еді. Әйелім - мектепте мұғалім. Ұстаздардың жалақысы қанша пайызға өседі?

Диляра Сапарғалиева: Мектептер мемлекеттен қаржыландырылатын мекеме болғандықтан, олардың жалақысы олардың еңбек өтіліне, біліміне және санатына тікелей байланысты. Мұнда пайыз деген жоқ. І санатты мұғалім ең жоғары жалақы алады. Ал оларға жалақы қосылмайды. Егерде мектепке жас мұғалім келіп жатса, сол адамның еңбекақысы көбейеді, ал ұстаз білім ордасында бірнеше жыл жұмыс істеп, оның деңгейі жоғары болса, оның жалақысы көбеймейді. Бір сөзбен айтқанда, жалақының көбеюі тікелей мектептерде жас мұғалімдер мен дәрежесі жоқ мұғалімдерге ғана қатысты.

Данияр Ермек, Павлодар қаласы:

- Біз үйде 4 баламыз. Анам - зейнеткер. Өкінішке қарай, зейнеткерлікке 3 бала-мен ғана шықты. Бұған ағамның құжатындағы 1 әріптің сәйкес келмеуі себеп болды. Осы мәселені шешудің жолдары бар ма?

Ұлан Ашен: Егер сіздің анаңыздың зейнетақы төлемдерін есептеу кезінде баланың құжатындағы сәйкессіздіктерге байланысты жас баланы күту уақыты ескерілмесе, сіз халыққа қызмет көрсету бөлімдері арқылы АХАЖ органдары деректерді сәйкестікке келтіруі бойынша өтінішпен жүгінуіңізге болады. Ал олар (АХАЖ органдары) азаматтық хал актісі жазбасына өзгерістер, түзетулер енгізуден бас тартқан жағдайда сотқа жүгінуге кеңес береміз.

Дархан Мұрагер, Павлодар қала-сының тұрғыны:

- Қандай мамандардың жалақысы өседі?

Диляра Сапарғалиева: – Өзгеріс-терге сәйкес, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйым-дардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлерінің, азаматтық қызметшілердің еңбекақысы лауазымдық айлықақыларын есептеуге арналған коэффициенттерге және мамандық бойынша жұмыс өтіліне байланысты өзгереді.

Гүлмира Орынберген: Тереңкөл ауданының тұрғыны:

- Біз Моңғолиядан 90-жылдары көшіп келгенбіз. Анам сол жақта ұзақ жылдар тігін фабрикасында еңбек еткен. Қазір зейнеткер. Бірақ ол жақта жұмыс өтілі есепке алынбады. Естуімізше, жуықта жаңа заң шыққан екен. Мұнда оралмандардың туған жерінде атқарған жұмыс өтілі зейнет жасына шыққанда есепке алынады делінген. Бұл қаншалықты рас?

Ұлан Ашен: Бұған дейін Қазақстан Республикасы мен Моңғолия арасындағы әлеуметтiк қамсыздандыру саласындағы ынтымақтастық туралы келiсiмнің күшін жою туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 8 сәуірдегі №327 қаулысына сәйкес азаматтардың Моңғолияда атқарған еңбек өтілін есепке алу тоқтатылған болатын. Дегенмен Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес Қазақстан Республикасына тарихи отанында тұрақты тұру мақсатында келген этностық қазақтардың шығу еліндегі еңбек қызметі есепке алынуы керектігі көрсетілген. Бірақ бізге әзірше ешқандай ереже келіп түспегендіктен, оны іске асыру мүмкін болмай отыр.

Қазіргі уақытта ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 14 сәуірдегі №223 бұйрығымен бектілген Мемлекеттiк базалық зейнетақы төлемiн бюджет қаражаты есебiнен беру, сондай-ақ жасына байланысты зейнетақы төлемдерін, мүгедектігі бойынша, асырау-шысынан айырылу жағдайы бойынша берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдема-қыларды, мемлекеттік арнайы жәрдема-қыларды тағайындау және жүзеге асыру қағидаларына Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министірлігі тиісті өзгерістер енгізуде.

Тілші: Биылғы жылы жәрдемақыға қандай өзгерістер еніп отыр?

Ұлан Ашен: 2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңға сәйкес, 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап қалыптасқан зейнеткерлердің ынтымақты зейнетақыларының мөлшері 7%-ға артты.

Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі, мүгедектiгi бойынша және асырау-шысынан айрылу жағдайы бойынша берiлетiн мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдема-қылар, мүгедек баланы тәрбиелеп отырған ата-аналарға (қамқоршыларға, қорғаншыларға) жәрдемақы және бала жасынан бірінші топтағы мүгедекке күтім жасайтын адамдарға жәрдемақы мөлшері 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі күнкөріс деңгейінің ұлғаюына байланысты арттырылды.

№1 және №2 тізімдер бойынша мемле-кеттік арнайы жәрдемақылар, бала туғанда берілетін біржолғы мемлекеттік жәрдемақы, бала күтімі жөніндегі ай сайынғы жәрдемақы, арнайы мемлекеттік жәрдемақылар, көп балалы ана жәрдемақысы, сондай-ақ Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарға және жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарына тағайындалған, бірақ төленбеген біржолғы ақшалай өтемақылар мөлшері айлық есептік көрсеткіш мөлшерінің ұлғаюына байланысты арттырылды.

Банкрот салдарынан жойылған, заңды тұлғалармен жұмыскерлердің өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу бойынша төлемдерді капитализациялау кезеңін аяқтаудан кейінгі Қазақстан Республикасы азаматтарына арналған ай сайынғы төлем 5%-ға арттырылды.

Бұдан бөлек, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдердің мөлшері, оның ішінде еңбек ету қабілетінен және асыраушы-сынан айырылғандарға берілетін төлем 5%-ға артты.

Марат Ғалым, Павлодар қаласының тұрғыны:

- Әкеміз зейнет жасына жетпей өмірден өтті. Артында 4 баласы қалдық. Өмір бойы мемлекеттік мекемеде жүргізуші болды. Ол кісінің БжЗҚ жинаған қаржы-сын біз ала аламыз ба?

Нұржамал Дүйсенбаева: Заң бойынша зейнетақы төлемдерін 2 мәселе бойынша шешуге болады. Жерлеуге арналған және мұрагерлерге арналған бөлімдер бар. Мұндағы жерлеуге арналған жинақты алу үшін БЖЗҚ-ның кез келген бөлімшесіне барып, өтініш толтыруы керек. Бұл ақша 5 жұмыс күні ішінде беріледі. Оны алу үшін қайтыс болуын растайтын құжаты, банк есепшоты, алушының жеке куәлігі болуы керек. Осы жинақты қайтыс болған адамның бірінші кезекте жары, балалары сосын туыстары ала алады. Кейбір жағдайларда артында мүлдем мұрагері жоқ адамдардың жинағы қалуы мүмкін. Жерлеу көлемі 52,4 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде беріледі. Жинақтаушының жинағында жерлеуге бөлінген артық сома қалатын болса, оны мұрагері алады. Ол үшін мұрагерге тиісті құжаттарымен келуі керек. 6 ай ішінде ол адамдар нотариус арқылы тиісті құжаттарды куәландырып, жинақты ала алады. Осы мерзім аралығында аталған адам расымен де өмірден өткен адамның мұрагері ме, одан өзге мұрагер жоқ па деген тәрізді зерттеулер жүргізетін боламыз.


1 қаңтардан бастап қосылатын еңбекақы, зейнетақы мен жәрдемақы төңірегіндегі сұрақтар өңір тұрғындарының көбін толғандырған тақырыптың бірі екен. Біз ұйымдастырған «Тікелей желіге» үздіксіз түскен қоңыраулар мен алдын ала әлеуметтік желілерде қойылған сұрақтардың жалпы саны 50-ден асты. Арасында бірін-бірі қайталайтын сұрақтар мен бүгінгі тақырыпқа сай келмейтін сауалдар да болды.

 

«Тікелей желіні» жүргізген – Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ.

saryarka-samaly.kz