Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Рүстем Раисов аппараттық жиын барысында атап өткендей, биыл баспана салу үшін мемлекеттік қазынадан 14,4 млрд. теңге қарастырылды. Атап айтқанда, 8,4 млрд. теңге үйлерді тұрғызуға, ал 6 млрд. теңге инженерлік-коммуникациялық желілерді тартуға жұмсалмақ.

Рүстем Серікбайұлы облыс орталығындағы әр шағын ауданның құрылысына жеке-жеке тоқталды. Айталық, биыл Достық шағын ауданындағы алғашқы үш үйдің іргетасы қаланады. Сарыарқа шағын ауданында 9 көпқабатты баспана пайдалануға берілмек. Олар Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы және «7-20-25» бағдарламасы бойынша сатылымға шығарылады. Алюминстройдағы ескі үйлер тұрғындары Сарыарқа шағын ауданындағы №15 үйге қоныстанады. Сонымен қатар, аталмыш ауданда №26 және №28 үйлерді салу жоспарланып отыр. Бірақ жобалық-сметалық құжаттама енді ғана жасалып, кейін ол мемлекеттік сараптамаға тапсырылатынын ескерсек, бұл қос баспана биыл тапсырылмауы да мүмкін.

Ал Екібастұз және Ақсу қалаларында несиелік баспаналар салынбайды. Осы жылы қалалар жеке жер үйлердің құрылысына басымдық бермек. Облыс бойынша 25 648 тұрғын үй салу үшін жер телімін беруді сұрап, арнайы есепке алынған. Оларға қалалық жерлерден 1256 учаске ұсынылмақ. Атап айтқанда, Павлодар қаласы 572, Екібастұз 777 және Ақсу 416 жер телімін беруге әзір.

Сонымен қатар, биыл облыстық бюджет есебінен Павлодар көлік және коммуникация колледжі мен Ақсу қара металлургия колледжінің студенттері үшін әрқайсысы 200 млн. теңге болатын жатақханалар салынбақ. Б.Ахметов атындағы Павлодар педагогикалық колледжі үшін студенттер үйін салуға тиісті құжаттар әзірленуде.

Жиын барысында облыс әкімі Болат Бақауов белгіленген межеге жету үшін ауқымды жұмысты жүйелі жүргізуді жүктеді. Сондай-ақ, өз жұмысшылары үшін баспана салуды бастаған бірқатар кәсіпорын басшыларына құрылыс қарқынын жеделдету қажеттігін ескертті. Ал осы салаға жауапты мамандарға жеке компанияларымен бірлесе еңбек етуді тапсырды.

- Жеке құрылыс компанияларының еш алаңсыз жұмыс істеуі үшін барлық жағдайды жасау керек. Инженерлік желілерін тартып, мемлекеттік қолдау көрсетілуі тиіс. Сол кезде белгіленген жоспар орындалып, құрылыс сапалы жүргізіледі, - деп қорытындылады Б.Бақауов.

 

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.

saryarka-samaly.kz