Таяқтың екі ұшы болатыны белгілі. Бұл мәселеде оның бір ұшы жүк тасымалдаушыларға тиіп отыр. Көмір тасымалы барысында рұқсат қағаздарына қатысты кемшіліктерге жол берілетінін олар мойындады. Алайда «құжаттарыңды қанша сайлап алсаң да, жол үстінде мәселенің барлығы заң жүзінде шешіле бермейді» дейді кәсіпкерлер. Демек, таяқтың екінші ұшы жүк тасымалы мен жол қозғалысын бақылайтын органдарға да тиюі тиіс еді, дейді олар.

Осынау мәселеге қатысты наразылығын білдірген жүк тасымалдаушы кәсіпкерлердің бірі - Қадырғали есімді азамат. Оның айтуынша, соңғы бірнеше айда құзырлы органдар көмір тасымалына кәдімгідей шектеу қоя бастаған.

- Бұл маусымдық жұмыс қой. Қыстың үш-төрт айында ғана көмір тасимыз. Ал бұл кезеңде суықтан тас жолдар да қатып жатады. Көмір тасымалынан жолдар жаппай бұзылып жатыр деу - әбестік. Жалпы, жүк көлігімен күн көріп отырған азаматтардың бар күтетіні - қара күз, қыс айлары. Жем, көмір тасымалынан табыс табуға болады. Қалған уақытта тапсырыс таба алмай жүреміз. Ал жол құрылысына жауапты компанияларға тиесілі жүк көліктері жыл бойы арлы-бері жүреді. Ауа райына қарамастан дамыл таппайды. Көктемде қар еріп жатқанда да, жаздың жаңбырлы күнінде де жүйтки береді. Міне, жолдың сапасына зиян келтіретін - солар. Белшемізден пайдаға кенеліп жатсақ бір сәрі. Барлығымыз күнкөрістің қамымен жүрміз. Заңды түрде салығымызды төлеп жатырмыз. Сондықтан заңның барлығына ортақ екенін ескеріп, жүк көліктеріне қатысты тексерулер барысында барлығының құқығы бірдей ескерілсе деген тілегіміз бар, - дейді Қадырғали.

Бүгінде бір жүк көлігі бір отбасын асырап отырған жағдайлар бар. Яғни, көп жағдайда несиеге «Камаз» алып, соны кәсіпке айналдырған азаматтардың басты мақсаты – отбасын асырау. Оған ешкім шүбә келтіре қоймас. Ендігі мәселе, жүк тасымалдаушылардың талап етіп отырған «заң барлығына ортақ болуы тиіс» деген уәжіне тіреліп отыр.

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Павлодар облысы бойынша департаменті жанынан құрылған арнайы мониторинг тобының мүшесі Еркеғали Жанғазының айтуынша, жүк тасымалымен айналысатын кәсіпкерлер құзырлы органдармен мәселені ақша беру арқылы шешуге дағдыланған.

- Өкінішке қарай, бұл - көп жылдан бері қалыптасып қалған жағдай. Бейресми ақпараттарға сүйенсек, жолда кедергісіз жүру үшін құзырлы органдарға бір жүк көлігіне белгілі бір сомада, халық тілімен айтқанда, «отметка» береді екен. Сәйкесінше, қандай жүк тасымалдаса да, қайда барса да, кедергісіз жүре береді. Ал егер «жоғарғы жақтан» тексерушілер жолға шықса, онда «отметка» жасаған тасымалдаушыларға «Тас жолдың бойында тексеруші комиссия жүр. Әзірге жолға шықпаңдар» деген мазмұнда хабар келеді. Ең сорақысы сол, мұны құзырлы органдар да, атқарушы билік те біледі. Тек дәлелденбей келеді. Ол - өте күрделі мәселе, - дейді Е.Жанғазы.

Осыдан бірер уақыт бұрын арнайы мониторинг тобының өкілдері мәселені сараптап көру мақсатымен тас жолдардың бойындағы жергілікті көліктік инспекция жұмысын сырттай бақылаған. Жүк көліктерінің қозғалысын, оларға қатысты құзырлы орган өкілдерінің әрекетін бейнекамераға түсірген. Нәтижесі күдікті еселей түсті дейді олар.

- Мониторинг барысында көліктік инспекция өкілдерінің жұмысы күдік тудырды. Біріншіден, олар кейбір жүк көліктерін тоқтатса, кейбірін тоқтатпады. Онымен қоса, сол маңда бір жеңіл көлік торуылдап жүрді. Құзырлы орган өкілдері тоқтатып, тексерген жүк көліктерінің жүргізушілері кейіннен аталмыш жеңіл көліктің иесіне жақындап, сөйлесіп жатты. Мұның барлығын бейнекамераға түсіріп алып, жергілікті көліктік инспекция өкілдеріне көрсеттік. Өкінішке қарай, сол жолы нақты жауап ала алмадық, - дейді арнайы мониторинг тобының өкілі.

Қоғам белсенділерінің аталған мониторингтік жұмысына және түсірілген бейнематериалдарға қатысты пікірлерін білу мақсатымен біз де Павлодар облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясына бардық. Аталған органның автокөліктерді бақылау бөлімінің басшысы Қуаныш Ермұхановтың айтуынша, арнайы мониторинг тобының түсірген бейнематериалдарында жүк көліктерін тексеріп жатқан инспекторлардың түрі дұрыс көрінбейді. Онымен қоса, бұл оқиғаның нақты қай күні орын алғаны да белгісіз. Сондықтан қандайда бір тексерулер жүргізу мүмкін болмай отыр. Ал азаматтық нөмірі бар жеке көліктерге қатысты Қ.Ермұханов мынадай түсініктеме берді:

- Жол бойында қандай да бір әкімшілік құқықбұзушылыққа жол берген жүк тасымалымен айналысатын заңды тұлғалар өздерінің сенімді өкілі ретінде заңгерлердің көмегіне жүгіне алады. Біздің инспекция мамандары заңгерлерді күтіп, оларға әкімшілік құқықбұзушылыққа жол берілгенін дәлелдеп, айыппұл рәсімдейді. Қоғам белсенділерінің сөз етіп отырған және мониторинг барысында бейнекамераға түсіп қалған жеңіл көліктер сол заңгерлерге тиесілі болуы мүмкін. Немесе, басқадай да жағдайлар орын алуы ықтимал. Бірақ біз мамандарымыздың жемқорлыққа жол бермеуін мұқият қадағалаймыз, - дейді автокөліктерді бақылау бөлімінің басшысы.

Қ.Ермұханов «жол құрылысына жауапты компаниялардың жүк көліктері асырып жүк артса да, кедергісіз жүреді» деген мәселеге қатысты да түсініктеме берді.

- Жүк тасымалы саласын реттейтін «Автомобиль жолдарымен жүктерді тасымалдау» туралы нормативтік-құқықтық акті бар. Бірақ оның талаптары ресми бекітіліп, құрылыс немесе жөндеу жүргізіліп жатқан жол бөлігінде техникалық жұмыстарға жұмылдырылған жүк көліктеріне қатысты емес. Яғни, құрылыс жүріп жатқан жолдың бөлігі мердігер кәсіпорынның технологиялық аумағы болып есептеледі. Құрылыс аяқталып, тапсырыс берушілер тарапынан қабылдау туралы актіге қол қойылмайынша аталған жолдармен мердігер компанияның жүк көліктерінің еркін жүруіне рұқсат етілген. Сәйкесінше, «оларды жауапкершілікке тарта аламыз ба?» деген сұрақ туындады. Осындай түсініспеушілік орын алуда. Бұл мәселе бойынша орталық органдарға ресми сауалдар жолдадық. Дейтұрғанмен, оларға көз жұма қарап отырған жоқпыз. Жол құрылысына қажетті жүкті шамадан тыс артып алса, тоқтатып, тексеріп, құжаттарын түгендейміз. Заң бұзушылық анықталса, олар да әкімшілік жауапкершілікке тартылуда. Сондықтан көмір тасымалдаушыларға ғана қатаң талап қойылып отыр деуге келмейді, - дейді Қ.Ермұханов.

Облыстық көліктік инспекция өкілі жүк тасымалдаушыларға қатысты өзінің назын да айтып қалды.

- Бұған дейін сөз болған тағы бір мәселе - көмір тасымалымен айналысатын азаматтар арнайы рұқсат алуы қажет. Тек сол жағдайда ғана кедергісіз жүре алады. Өкінішке қарай, жүк тасымалдаушылар қарапайым талаптарды да сақтамайды. Мысалы, көмір тасымалдаушылардың көлігінің алдында «Өрт қаупі бар» деген белгі болуы тиіс. Соның өзін орнатпайды. Бұл да көлікті тоқтатып, тексеруге негіз беретін құқықбұзушылық, - дейді автокөліктерді бақылау бөлімінің басшысы.

Жүк тасымалын бақылау саласына жауапты құзырлы органның ресми жауабы осындай болды. Аталмыш мекеме өкілдері өз салаларында жемқорлықты болдырмау, алдын алу мақсатында арнайы мониторинг тобымен бірлесе жұмыс істеуге әзір екенін де жеткізді. Бұл ретте, көліктік бақылау инспекциясының бастамасымен облысымыздағы мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті аталған бағытта жұмыстарды жүргізуде.

- Қазіргі кезде көліктік бақылау инспек-циясында сыбайлас жемқорлық тәуекелде-ріне сыртқы талдау жүргізілуде. Бұл жұмыс инспекцияның өз бастамасы негізінде басталды. Яғни осының негізінде бірлескен бұйрыққа қол қойылды. Арнайы жұмыс тобы құрылды. Талдау барысында нормативтік-құқықтық актілердегі және ұйымдастырушылық-басқарушылық қызметінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдері қаралып, оларды жою бойынша ұсынымдар әзірленеді, - дейді Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Нұрлан Жахин.

Облыстық әкімдікте жүк тасымалына қатысты өткен жиын барысында көмір өндіретін кеніштердің тасымалдаушыларға тауарлық көліктік жүкқұжат беруден бас тартып жатқаны айтылған болатын. Мысалы, Майкөбе көмір кеніші «Біз жүк жөнелтушілер емеспіз. Сатушымыз. Сондықтан мұндай құжатты бермейміз», - деп жауапкершіліктен бастарын ала қашып отырған көрінеді. Салдарынан, жүкқұжатынсыз жолға шыққан тасымалдаушылар жапа шегуде. Қазіргі кезде Павлодар облысының көліктік бақылау инспекциясы аталмыш кеніштің үстінен сотқа арыз түсірген. Осылайша, ендігі мәселені сот шешеді.

Мәселені облыс басшылығы назарға алғаннан кейін жүк тасымалдаушылардың көңілі сәл де болсын жайланғандай болды. Дегенмен, мәселе толығымен шешілді деуге әлі ерте. Жүк көлігімен табыс тауып отырған азаматтар қажетті құжаттарын сайлап, толығымен заң талаптарына сай жұмыс істеуге дағдылануы тиіс. Ал жүк тасымалы саласын бақылайтын мекемелердің жұмысындағы қоғам белсенділері айтқан олқылықтар түзетілсе деген тілек бар. Заң барлығына ортақ.

 

Данияр ЖҰМАДІЛ.

saryarka-samaly.kz