Баянауыл аймағындағы демалыс үйілерінің бесеуі ғана барлығы 200 қонақты қабылдауға дайын. Мәселен, «Факел» демалыс орны сенбі-жексенбі күндері 80 адамға орын қарастыра алады. Ал өзге тынығу базаларының мұндай мүмкіндігі жоқ. Оған жылу жүйесінің, су бұру желісінің болмауы себеп. Аймақ басшысы Болат Жұмабекұлы су бұру желісі шамамен екі жылдан кейін ғана салынып бітетінін ескертті. Осы уақыт аралығында қол қусырып отырмай, қыста келетін туристерге тиісті жағдайды жасауды тапсырды.

Бұл ретте облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Нұрлан Қақамбетов Баянауылдағы 5-6 демалыс үйі заңсыз салынғанын мәлімдеді. Аталмыш нысандар бас жоспардан тыс тұрғызылғандықтан, оларды сүруге тура келеді.

Одан бөлек, Маралдыдағы аквапарктың құрылыс барысы көңіл көншітпейді. Былтыр берілуі тиіс аталмыш нысанның құрылысы екі жылға созылып кетті. Шарбақты ауданының әкімі Әзілхан Әбеуов қазіргі уақытта кәсіпкердің қаржылай жағдайы қиын екенін, мемлекеттік көмекке иек артудан басқа амалы жоқтығын айтты.

Сонымен қатар, Баянауыл ауданының әкімі Оразгелді Қайыргелдинов алдағы уақытта белгіленген жоспарлармен бөлісті. Айталық, Сабындыкөл аумағындағы 65-70 гектар жерді инвесторға беріп, жайнатпақ ниетте. Аудан басшысы «сол кезде Сабындыкөл Жасыбайдан еш кем болмайды» дейді. Бірақ бұл үшін барлығы 1-1,5 млрд. теңге қаржы қажет. Сонымен қатар, Ақсаң, Жосалы және Күркелі ауылдарында ат туризмін қалыптастырып, шаңғы-роллерлі трасса жасауды көздеп отыр.

Аққулы ауданы да Тұзқала аймағында туризмді дамытуға қатысты ойларын ортаға салды. Өткен жылы 2,6 шақырым электр желісі тартылған соң, біраз түйткілдің түйіні тарқағанға ұқсайды. Оған қоса, былтыр басталған қонақүй құрылысы биыл мамырда аяқталып, демалушыларға қызмет көрсететін болады.

Аудан басшылары осылайша жоба-жоспарларын айтқанымен, облыстағы туризм саласы облыс әкімі Болат Бақауовтың қатаң сынына ілінді.

- Баянауыл ауданы Жасыбаймен шектеліп қалмай, Сабындыкөл, Торайғыр, Біржанкөлге туристерді тарту үшін жұмыс істеуі керек. Қоңыр әулие үңгірі мен Біржанкөл арасындағы жолды жөндеу үшін тиісті құжаттар әзірленуі қажет. Емдік туризм бағыты кенже қалып жатыр. Былтыр Екібастұзда өндірістік туризмді дамыту бойынша таныстырылған жоспар сол қалпы қалды. Спорттық балық аулау, Ертіс жайылмасын игілікке жарату туралы бір ауыз сөз жоқ. Қысқасы, туризмді дамытуға қатысты жоспар жасалмаған. Қолда бар байлықты, мүмкіндікті оңтайлы пайдалана алмай отырмыз. Осылардың барлығын ескеріп, 3 жылға арналған кешенді жоспар әзірлеуді тапсырамын. Біз алдағы бірнеше жылда қандай бағытта жұмыс істеу керектігін саралап, жетілдіретін тұстарды анықтауымыз қажет, - деді Б.Бақауов.

Бұл ретте, Дастан Рыспеков өңірге меймандар мен инвесторларды көптеп тарту үшін Баянауыл ауданында туристік ақпараттық орталық ашу қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ, Дастан Адайұлы дәл осы ауданда туризм бөлімін құрған дұрыс деген ойымен бөлісті. Осы және өзге де шаралар аясында өңірімізге келушілер қатары айтарлықтай артады деген үмітте.

Туристер санының көбеюі, жалпы өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайының жақсаруына оң әсер беретін тағы бір тетік – жол бойы сервисі. Өкінішке қарай, бұл салада да күрмеулі мәселе мен кемшін тұс көп. Мәселен, Баянауыл ауданына барар жолда жанар-жағармай бекеттерінің желісі жоқ. Осыған байланысты қазіргі уақытта Қалқаман-Баянауыл жолының бойында бекеттер салу үшін «Гелиос» компаниясымен келіссөздер жүргізілуде.

Дастан Рыспеков мән берген келесі жайт – жол бойындағы қызмет көрсету орындарындағы жылы дәретханалар.

- Жылы дәретханалармен қамтамасыз ету мәселесі біздің облыста ғана емес, тұтас елімізде өткір тұр. Аймағымызда жұмыс істейтін 121 жол бойы сервисі нысанының 50-інде ғана жылы дәретхана бар. Қалғанында жоқ. Оған қоса, кей кәсіпкерлер келушілерді мұнда кіргізбейді. Сондықтан аудан-қала әкімдерінен жергілікті кәсіпкерлермен жұмыс жүргізуді сұраймыз. Инвесторлар немесе бюджеттік қаражат есебінен адам көп жиналатын жерлерде осындай нысандар салынса, мәселе шешілер еді, - деді ол.

Аймақ басшысы Болат Жұмабекұлы жол бойы сервисін дамыту бойынша жұмыстардың да ойдағыдай орындал-мағанын кесіп айтты.

- Бір ғана айтарым – жол бойы сервисі нысандарының құрылысы құрдымға кетті, - деп түйіндеді Б.Бақауов.

Айта кетелік, былтыр 4 нысан салынып, екеуі қайта қалпына келтірілген еді. Ал биыл жол бойы сервисінің 11 нысанын пайдалануға беру жоспарланып отыр.

 

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.

saryarka-samaly.kz