Облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Мақсат Тұрлыбаевтың айтуынша, ауылдық аймақтарды қысқарту, біріктіру жұмыстары еліміздің тиісті заңдарына сәйкес жүргізілген. Жергілікті өзін-өзі басқару тұжырымдамасының талаптарына сай келетін көрінеді. Сондай-ақ, келесі жылы елімізде барлық ауылдар 4 деңгейлі бюджетке көшетіні белгілі. Міне, осы өзгеріске де еш қиындықсыз аяқ басу үшін бұл оңтайландырудың қажеттілігі туындаған. Сонымен, бұдан былай қай ауданда қандай ауылдық округ болмайды? Ақтоғай ауданында 4 округ қысқартылады. Әуелбек ауылдық округі Қараобаға қарасты болса, Харьков ауылдық округі Ақтоғай ауылдық округінің құрамына енеді. Шолақсор ауылдық округін Жалаулыға қосу ұйғарылса, Басқамыс ауылдық округінің аумағы Разумовка ауылдық округіне қосылады. Шарбақты ауданының да 4 ауылдық округі мен екі ауылы қазіргі мәртебесінен айырылады. Нақтысы, Алексеевка ауылдық округінің аумағы бұдан былай Александровка ауылдық округінің құрамында болса, Красиловский ауылдық округі Сосновский ауылдық округіне өткізіледі. Чигириновка ауылдық округі – Галкиннің, Хмельницкий ауылдық округі Жылыбұлақ округінің құрамына алынады. Соңғысында округтің орталығы Хмельницкий елді мекені болмақ. Сондай-ақ, аталмыш ауданда екі ауыл өзге округке біріктіріледі. Мәселен, Назаровка ауылы Шарбақты ауылдық округінің құрамына енсе, Есілбай елді мекені Шалдайдың қарамағына берілмек. Округтерді қысқарту Баянауыл ауданында да орын алмақ. Мұнда Шөптікөл ауылдық округі Майқайың кентіне қосылады.

М.Тұрлыбаевтың мәлімдеуінше, осы жұмыстар аясында ауылдық округ әкімдіктері аппараттарының 42 штаттық бірлігін қайта бөлу және 61 млн. теңге үнемдеу жоспарланып отыр. Дегенмен, құзырлы орган басшысы ауылдардағы әлеуметтік нысандар мен жолдардың, жарықтандыру шығындары ешқандай қысқартуға ұшырамайтынын ескертті.

Сессияда екі елді мекеннің атауы өзгертілгені айтылды. Облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Сәуле Османованың мәліметі бойынша, Ақтоғай ауданының Андриановка ауылы Ақжол, Разумовка ауылдық округі Ақжол ауылдық округі деп қайта аталды.

Мәслихаттың отырысында облыс әкімі Болат Бақауов халық қалаулыларын өңірі-міздің әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуге бел шеше кірісуге шақырды. Яғни, бюджетті бірлесіп қалыптастырғаннан бөлек, аймағымызда салынып жатқан үйлер мен жолдардың сапасын қадағалауға депутаттар белсене атсалысуы тиіс деді. Осы ретте, Павлодар қаласындағы «Сарыарқа» шағын ауданындағы үйлердің сапасына тұрғындардың бірқатары наразы екені айтылды. Облыс әкімі алдағы сенбі күні шағын ауданның бастамашыл тобымен жүздесіп, жағдаймен жақын таныспақ. Бұл жұмысқа депутаттарды да қатысуға шақырды.

Өткен экология жылындағы жұмыстар алдағы уақытта жалғасатынын атап өтті облыс әкімі. Енді ірі кәсіпорындар қоршаған ортаны қорғауға бағытталған жұмыстарының бес жылдық жоспарын түзетін көрінеді. Сол іс-шаралардың нақты іс жүзіне асуына да депутаттар көз қырын сала жүруілері тиіс. Облыс әкімі аймағымыздан адамдардың кету себептеріне де үңілу керектігін айтты. Әсіресе, демографиялық ахуалға, балалардың туу көрсеткішінің төмендеуіне айрықша мән беруге үндеді. Облысымыздың көптеген сырқаттар бойынша көш басында тұру себептерін де зерделеу керектігін аймақ басшысы алға тартты. Облыс әкімі бәрін экологияға ғана сілтей алмаймыз, деді.

Болат Жұмабекұлы Елбасының тапсырмаларының орындалуын да жер-жердегі депутаттар назардан тыс қалдырмағаны абзал, деді. Мәселен, «7-20-25» бағдарламасының барысы бақылауда болмақ. Бүгінде облыста аталмыш бағдарлама бойынша 111 өтінім түскен, 55 азаматқа пәтер берілген. Бұл ретте, облыс әкімі кадрларды ұстап қалудың басты жолдарының бірі жайлы баспанамен қамту екенін еске салды.

Аймақ басшысы өңірімізде шағын және орта бизнес субъектілерінің азайып кеткеніне алаңдаушылық білдірді. Сондықтан өткен жылдың соңында қарамағындағы құзырлы органдарға нақты тапсырма берілгенін тіле тиек етті. «Атамекенді» де осы іске араласуға шақырды.

Бюджеттің әр теңгесінің тиімді жұмсалуын бақылау күшейтілуі тиіс, деді облыс әкімі. Облыс басшысы 2019 жылдың жоба-жоспарларын жүзеге асыруда депутаттарды қоян-қолтық жұмыс жасауға шақырды.

 

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

saryarka-samaly.kz