«Ертіс» пен «Қайрат» ел біріншілігінің 8-турында бір-біріне қарсылас атанды. Жұрт күткен тартысты матчтың 5-минутында есеп ашылды. Алматылық клубтың сұрмерген шабуылшысы Жерар Гоу мергендік танытты. Араға 8 минут салып жерлестеріміз таразы басын теңестірді. Стефан Живкович пенальтиді мүлтіксіз орындады.

Кездесудің 20-минутында «Қайрат» қақпашысы Стас Покатилов жарақат алып, алаңдағы орнын жас ойыншы Владимир Грошевке босатты. Осылайша, В.Грошев премьер-лигадағы алғашқы ойынын өткізді. Жас қақпашы қобалжуын басып, алаңға өзін-өзі үйреткенше өз қақпасына екі гол жіберіп үлгерді. Алдымен Аслан Дарабаевтың шірене тепкен добы қақпада тулады. Бірінші тайм аяқталуға санаулы минуттар қалғанда Франк Джа Джедже есепті еселеді. Ойынның алғашқы бөлігі 3:1 есебімен аяқталды.

Есептегі басымдық «ертістіктерге» сенімділік ұялатқаны даусыз. Оның үстіне «Қайраттың» қорғаушысы Арзо Ампоста екі бірдей «сары қағаз» алып, алаңнан қуылды. Алматылық клуб 10 ойыншымен қалды. Арзоның алаңнан кетуі «ертістіктерді» мүлдем еркінсітіп жіберді. Жігіттеріміз «Жеңіс бізде!» деп арқаны кеңге салып, футболдың төрешінің соңғы ысқырығына дейін жалғасатынын ұмытып кетті. Осы бір салғырттық үшін жазасын алды да. Алдымен Иво Иличевич көзге түссе, ойынның соңына таман Бауыржан Исламхан айып добын сәтті орындап, таразы басын теңестірді. Осылайша, «Қайрат» он ойыншымен жүріп камбэк жасады.

Айтпақшы, бұл күні «Ертістің» ойыншысы Нұрбол Жұмасқалиевке көпшілік алдында құрмет көрсетілді. Ол премьер-лигадағы 500-інші матчын өткізді. Н.Жұмасқалиев – Қазақстан біріншілігінде 500 ойын өткізген алғашқы және әзірше жалғыз футболшы. Ол чемпионаттағы алғашқы кездесуін 1998 жылы оралдық «Нарын» сапында өткізді. Осыған орай «Ертіс» клубы футболшыға арнайы жейде мен естелік сыйлық тарту етті. Тағы бір атап өтерлігі, «Қайратқа» қарсы ойында Пірәлі Әлиев «Ертіс» сапындағы 50-інші кездесуін өткізді.

8-турда «Таразды» 4:0 есебімен ұтқан «Астана» турнир кестесінде топ бастады. Сырт алаңда «Ордабасыны» тізерлеткен (1:2) қостанайлық «Тобыл» үшінші сатыға көтерілді. «Ақжайық» 1:0 есебімен қызылордалық «Қайсардан» басым түсті.

«Ертіс» 9-турда «Тобылмен» ойнайды. Кездесу Қостанайда өтеді.

Фархат ӘМІРЕНОВ

saryarka-samaly.kz