Павлодар қаласындағы Оқушылар сарайы өнерге талпынған балалардың талабын ұштауға көп еңбек сіңіруде. Мұнда көптеген үйірмелер жұмыс істейді. Сондай үйірменің бірі «Жас дәурен» деп аталады. Менің немерем Мерей Нұрмұхамет – Бауыржан Момышұлы атындағы №22 орта мектептің 1 «А»-сыныбында оқиды. Өнерге жақын, ән салады, би билейді. Мерей Оқушылар сарайындағы «Жас дәурен» үйірмесіне қатысады. Мұғалімдер Баршагүл Қайырбайқызы мен Татьяна Владимировна - Мерейімнің өнерінің өркендеуіне айрықша үлес қосып келе жатқан абзал жандар. Жаңа жыл қарсаңында балалардың қатысуымен «Бүгінім – ертеңімнің кепілі» атты тамаша концерт болды. Концертте ата-аналар балаларымыздың өнерін тамашаладық, сүйсіндік, қуандық. Әр баланың сахнаға шығу, көпшілік алдында өзін-өзі ұстау мәдениетін үйретіп, қалыптастырып, олардың әрқайсымен жеке-жеке жұмыс жүргізе-тін мұғалімдердің еңбегі, расында, «инемен құдық қазғандай». Бірақ сол балалардың жарқ етіп сахна төріне шыға келгенде талаптарын шыңдап жүрген мұғалімдеріне айрықша риза боласың.

Сондықтан барлық ата-аналардың атынан осындай ұстаздарға алғысымды білдіргім келеді.

Мерей сабағын жақсы оқиды және бос уақытында сурет салғанды жақсы көреді. «Атамекен» және «Қызғалдақ» атты суреттерін «Айналайынға» ұсынып отырмыз

Сөзімнің соңында ұстаздарды Жаңа жылмен құттықтап, талапты, талантты шәкірттеріңіздің қатары көбейе берсін демекпін!

 

Күлбайрам СЕТИКОВА, Павлодар қаласы.

saryarka-samaly.kz