Еліміздің оңтүстігінде өткен халықаралық фестивальге павлодарлық әртістер Жанат Хаджиевтің жетекші-лігімен сахналанған Жұмат Шаниннің «Арқалық батыр» тарихи драмасымен қатысты. Аталмыш қойылым Ж.Шаниннің 120 жылдығына орай көрермен назарына ұсынылып, соңғы 2-3 жылда белгілі себептермен театр репертуарынан алынып қалған. Десе де, осы фестивальге орай соңғы 2 айдың ішінде қайта жаңғыртылып сахналанған екен. Қойылымның басты рөлі – Арқалық батырды сомдау театрдың сақа әртісі, ҚР Тұңғыш Президенті қоры сыйлығының лауреаты Бекболат Оқасовқа жүктелген. Дәл осы образ облыстық Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театрына жеңіс сыйлады. Яғни, Б.Оқасов Арқалық батыр рөлі үшін «Қасымхан Шанин» атындағы арнайы жүлдені еншілеп, 200 мың теңгелік сертификатқа ие болды. Сонымен қатар, театрымыздың белді әртісі Жұмахан Доспаев та өз өнерімен көпті таңдай қақтырып, Әжімхан рөлімен «Ұтымды бейне» аталымында жеңіске жетіп, 150 мың теңгелік сертификатпен марапатталды.

- Өте үлкен әсермен оралып отырмыз. Фестивальді Түркістан қаласында «Арқалық батыр» тарихи драмасымен біздің ұжым ашты. Шара барысында бір ғана «әттеген-ай» болды. Ол сахнаның талапқа сай келмеуі. Яғни, біз спектакльді Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің концерттік залында қойдық. Ол жерде алып барған сахналық декорацияларымызды толықтай ойната алмадық. Өкінішке қарай, жарық деген мүлдем болмады. Тек актерлік шеберлікпен ғана қойылымды алып шықтық, - дейді Б.Оқасов.

Фестивальдің мақсаты - түркітілдес ұлттар арасындағы бауырластық байланыстар мен достықты нығайту, түркілік мәдениет пен өнерді ұрпақтан ұрпаққа жеткізу, кәсіби театрлардың өнерін насихаттау, түркі әлемі театрларының басшылары кеңесінің мәжілісін өткізу, бір-бірімен іс-тәжірибе алмасу және тығыз қарым-қатынаста болуына ықпал ету. Шара ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырмасымен жүзеге асып, оны ТҮРКСОЙ Халықаралық ұйымы мен Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігі және облыстық мәдениет басқармасы жоғары деңгейде ұйымдастырды. «Театр көктемі - 2017» халықаралық фестивальдің бас жүлдесі Астана қаласының Жастар театрына бұйырды. Олар У.Шекспирдің «Асауға тұсау» комедиясын сахналаған.

- Фестивальге қатысуымыздың өзі үлкен күш пен еңбекті талап етті. Біздің ұжым үшін Оңтүстік шаһарға жету біршама қиындық туғызды. Атап айтқанда билет мәселесі тығырыққа тіреді. Бізге белгілі теміржолшы, ұлт руханиятының қамқоры, театрымыздың жанашыры Әби Сарқыншақов ағамыздың тікелей қатысуымен қосымша 1 вагон тіркеліп, межелі жерімізге аман-сау жеттік. Осы орайда біздің барлық жағдайымызды жасап берген жолсерік-тердің де еңбегін атап өтпеске болмас. Театр ұжымының атынан, барша өнер сүйер қауымның атынан Әби ағамыз бен жолсеріктерге айтар алғысымыз шексіз, - дейді театр басшысының орынбасары Дәурен Әділ.

Айта кетелік, еліміздің оңтүстігінде жыл сайын өтізіліп келе жатқан өнер фестивалінде биыл Оңтүстік Қазақстан облысының 5 театры, Астана қаласының Жастар театры мен біздің облыстық Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театры және Қырғызстан, Өзбекстан елдерінің сахна саңлақтары қатысқан.

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz