Атап өтерлігі, қорда осыдан 70-100 жыл бұрын жазылған қазақтың Жамал Омарова, қазақ операсының тұңғыш орындаушысы Күләш Байсейітова сынды бірегей жезтаңдай әншілерінің үні және дәулескер күйшілердің өздері-нің орындауындағы күйлері жазылған грампластинкаларға қоса, Ахмет Жұбанов пен Евгений Брусиловскийдің музыкасына жазылған тұңғыш қазақ операларының жазбалары, Чайковский мен Глинка, Бах пен Моцарт, Шопен, Мендельсон шығармаларының алғашқы жазбаларын табуға болады. Сондай-ақ 1 мыңнан аса бобиналық таспа, 2 мыңдай аудиокассета,  өткен ғасырдың 30-шы жылдары жарық көрген газет тігінділері мен өнер мен музыка тарихына қатысты сирек кітаптар бар. 15 мыңнан астам музыкалық шығармалар сандық үлгідегі технологияға көшірілген. Музей-үйде музыкалық аппаратуралардың да көне «Пате» атты француз фирмасының ескі патефондарынан бастап заманауи лазерлік күйтабақ ойнатқыштарына дейін жинақталған. Айта кетейік, музей кезіндегі Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының (қазіргі ПМПУ) профессоры, музыкатанушы, И.О.Дунаевский шығармашылығын зерттеуші, композитор Наум Шафердің бірегей топтамасының негізінде құрылып, 2001 жылы 21 ақпанда ресми түрде ашылған болатын. Содан бері Шафердің музей үйі жазушылар мен өнер адамдарының қатысуымен тақырыптық кештер ұйымдастырады, мұнда әлемдік классикалық және халық музыкасының туындылары орындалады.

Жақында 88 жасқа келген Наум Шаферді туған күнімен құттықтаған облыс әкімі Болат Бақауов өнер ордасын аралап, осыдан 70 жыл бұрын жазылған сирек дыбыстық жазбаларды тыңдады.

Өңір басшысы бұған дейін көпшіліктің талқысына түскен оңтайландыруға қатысты өз пікірін білдіре келіп:

– Шағын музейлерді біріктіру туралы түрлі ұсыныстар болды. Ал Шафер музей үйінің орны бөлек. Сондықтан дербес музей мәртебесін сақтап қалады. Мен бұл туралы мәдениет басқармасына тиісті тапсырма бердім, - деді.

Айтып өтелік, облыс орталығындағы музейлерді оңтайландыру мәселесі 2015 жылы көтерілген болатын. Өткен жылы аппарат жиынында облыстық қаржы басқармасының басшысы Нұрлан Дүйсембинов Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейіне Шафер музей-үйі мен Павел Васильевтің музей-үйін біріктіріп, нәтижесінде 3 миллиондай қаржы үнемделетінін айтқан болатын. Жақында музей-үй филиал болып, Наум Шаферге әдіскерлік қызмет ұсынылғаны туралы хабарланды. Сонымен, әзірге музыка ордасын оңтайландыру мәселесі кейінге қалдырылды.

 

Әзірлеген - Сая МОЛДАЙЫП.

saryarka-samaly.kz